Аймақтар • 23 Қазан, 2017

«Шынайы шымылдық» сахна сәнін келтірді

1177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда «Шынайы шымылдық» халықтық театрлар ұжымының байқауы өтті. Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени қыз­меттерді ұйымдастыру орта­лығы өткізген шараға 15 «халықтық» атағы бар театр қатысты. Театр­лардың репертуарын қалыптастыру, заманауи сахналық үр­дісті нығайту мен дамыту, шығармашылық ізде­ністерін ынталандыруды мақсат еткен байқауға аймақтағы танымал өнер иелері төрелік етті. 

«Шынайы шымылдық» сахна сәнін келтірді

Қалалық «Аманкелді» халық театры С.Балға­баев­тың «Біз де ғашық болған­быз», Құрманғазы ауданы, «Морской» село­лық мәдениет үйі жа­нындағы халық театры А.Сейдімбековтің «Мез­гілсіз махаббат», Мақат аудандық мәдениет үйі жа­нындағы халық театры Б.Жә­киевтің «Жүрейік жү­рек ауыртпай» және Қы­зылқоға ауданы «Са­мал» мәдениет үйі жа­нын­дағы халық театры Б.Римованың «Қос мұң­лық» драмаларын қойып, үшінші орынды тең бөліс­ті. 

Ал Жылыой ауданы «Кең­ Жылыой» халық теа­тры Р.Мұқанованың «Мәң­гілік бала бейнесі» драмасымен, Индер ау­да­­ны «Индер – Мәде­ниет» халық театры С.Олжа­байдың «Қара көзіл­дірікті келіншек» дра­масымен екінші жүл­денің иегерлері атанды. 

Құрманғазы ауданы «Ка­линин» халық театры Ә.Тауасаровтың «Ма­­хаббат аралы» қойы­лымымен бірін­ші орынды жеңіп алды. «Үздік декорация» номинация­сы Ж.Әлмашұлының «Тірі жан» драмасын сах­налаған құрманғазылық «Теңіз» халық театрына берілді. «Үздік ер адам рөлі» номинациясы қызыл­қоғалық Сағидолла Якып­қа, «Үздік әйел адам рөлі» ин­дерлік Гүлзира Шау­ке­роваға лайық деп танылды. 

Р.Мұқанованың «Мәң­­гілік бала бейнесі» дра­масын сахналаған «Кең Жылыой» халық театры­ның режиссері Назгүл Жиен­­баева «Үздік режисер», Индер ауданынан кел­ген Сая­жан Әзи­дол­ла­қызы «Кө­рермен көзайы­мы» атан­ды.

Байқауға қазылық еткен ҚР Мәдениет қайрат­кері Анета Баетова: «Ха­лықтық» театрлар Аты­рау облысында жақсы да­мыған. Бұл өнерге деген құрметтің көрінісі. «Шы­найы шымылдық» бай­қауы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жылдан-жылға театр­лар­дың талғамы артып, репертуарлары толығып ке­леді», дейді. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ