24 Қазан, 2017

Нәсіптің көзі атакәсіпте

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымыз төрт түлік өсіруді атакәсіптің біріне, тіпті бірегейіне балаған. Тіршіліктің нәрі, көзі деп ұққан. Содан болар, ауыл адамдары амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасып жатады. 

Нәсіптің көзі атакәсіпте

Өкініштісі сол, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дамып келе жатқан мал шаруашылығы саласындағы осы бір дәстүріміз қайраңдап қалған қайықты көз алдымызға елестетеді.

Статистика комитетінің мәлімет­тері­не сүйенсек, 2012 жылы елімізде ірі қара саны 5 702 400 бас болса, ке­йін­гі бес жылда бар болғаны 544 080 бас­қа өскен. Осы кезең аралығында қой мен ешкі саны керісінше 18 091 000 нан 17 947 100 басқа азайған. Шош­­қа саны 1 204 000 бастан 831 мың­­ға де­йін кемі­ген. Тек жылқы ғана 506 мың­­ға көбе­йіп, 2 113 000 басқа жетіп отыр.

Малдың басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Олар­дың көпшілігі асылдандыру шара­лары тиімді жүргізілмейтіндіктен, өнім­ділік те, сапасы да төмен. Вете­ри­­­на­риялық жағдай да көңіл көншіт­пей­ді. Ірі серіктестіктер мен агро­құры­лым­дар көбіне астық өндірі­сі­мен ғана шек­теліп жүр. Мал шаруа­шылығын басы артық шығын санайды.

Салыстыру үшін айтайық, Қытайда мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Қазір елде қой саны 138 миллион басқа жетіп, әлемде бірін­ші орынға шықты. Сауын сиырлар саны да, сүт өндіру де жыл сайын 5 пайызға тұрақты түрде өсуде. Табыс сыры қарапайым: шаруашылықтарды ірілендіру өз жемісін берді. 2008 жылдан бастап 100-ден астам сиыры бар фермалардың үлесі 19 пайыздан 48 пайызға дейін көтерілген. Ұсақ шаруашылықтарға субсидия беру мөлшері азайтылып, ірі зама­науи кешендер салуға, басқару жүйесін жетілдіруге басым көңіл бөліне бастады. Сүт өндіру бойынша Қытай әлемде төртінші орында. Соңғы он жыл ішінде сүт өндіру көлемі 27 миллион тоннадан 37,5 миллион тоннаға дейін артқан. 2020 жылы бұл көрсеткіш 60 милион тоннаға жетеді деп күтілуде. Әрине, Қытаймен жарысу қиын дейтіндер табылар. Олай болса экономикалық әлеуеті бізден төмен Моңғолияны мысалға алайық. 2009 жылы қой – 19,27 миллион, ешкі – 19,65 миллион, ірі қара-2,6 миллион, жылқы – 2,22 миллион, түйе – 270 мың бас болса, қазір тиісінше 23,2 мил­лион, 22,0 миллион, 3,4 миллион, 2,9 миллион және 350 мың басқа көбей­ген. Яғни тұрақты өсу бар деген сөз.

Осындайда жетістіктерге жетуге бізге не кедергі болып отыр деген заңды сауал туады. Алдымен ауыл­­дағы кәсіптің бытыраңқылығы, ғы­лым жетістіктеріне сүйенбейтіні ойға оралады. Бірінші кезекте ұсақ, май­да шаруашылықтарды ірілендіру керек. Бір үміттендіретіні, биыл агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кооперативтер құруға жете көңіл бөліне бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жергілікті жерлердегі өндірістік кооперативтерге үлкен сенім артылып, субсидия беру жолға қойылды. Оларды қолдауға 52 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 467-ге жуық ауылшаруашылық кооперативтері бой көтермек. Осыған орай сиыр етінің өндірісі – 4,1 пайызға, құс еті – 9,2 пайызға, сүт көлемі 3,3 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған.

Иә, мақсат айқын, жоспар ауқымы кең. Бұл жағынан кемшілік жоқ тәрізді. Сөз бен іс қабысып жатса, тек «бәрекелді» дейміз. Ойландыратын тұстар да аз емес. Кезінде жыл сайын экспортқа 60 мың тонна ет шыға­ра­мыз деп улатып-шулатқандай нау­қан­шылдыққа айналдырып жібермесек болғаны. Шетелдерден мал тасып, оның соңы неге ұласқаны бәрімізге белгілі. Ендігі мақсат – өткен қателік­терді болдырмау, көзделген межеге мақсатты түрде жете білу. Сөз арасында ауылдықтарды кооперативке біріктіру субсидия беру арқылы ғана ынталандырылып отырғанын айта кеткіміз келеді. Бұл мәселелермен негі­зінен «Қазагроның» құрамындағы «Қазагроқаржы», «Аграрлық несие­лік корпорация» және «Ауыл шаруа­шы­­лығын қаржылай қолдау» қоры мекемелері айналысып келеді. Ал шаруалардың жаппай сауаттылығын арттыру, кооператив жұмысын ғы­лым­мен ұштастыру, бірлесіп жұ­мыс істеудің экономикалық тиімді­лі­гін нақты есептер арқылы халыққа тү­сін­діру, білікті кадрлармен қамта­ма­­сыз ету шараларының тасада қалып қойғаны өкінішті. Осы жұ­мыс­тарға ауыл шаруашылығы ғылы­ми мекемелерін тарту, аудандық колледж­дер деңгейінде кеңес беру орталық­тарын ашу қажет. Бұл жауапты міндет жергілікті басшылық органдары мен қаржы орталықтары арқылы ғана емес, ғылыммен тығыз байланыстыра жүзеге асқанда ғана тиімді болары анық.

Әйіп ЫСҚАҚ,
биология ғылымдарының докторы, профессор