Жоба аясында ғылыми конференциялар, семинарлар, тренингтер, тақырыптық және шолу экскурсиялары, сондай-ақ «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері тәрізді бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Жоба шаралары Тұңғыш Президент күнін, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге орай ұйымдастырылады.
Елбасы кітапханасының жобасы оңтүстік астанамыздағы көпшіліктің назарына ұсынылады. Жобаның негізін Елбасы кітапханасының қор жинақтарынан құралған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі құрамақ. Көрме 10 қараша күні, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде салтанатты түрде ашылады.
Көрменің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.
Көрермендер назарына Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорларының материалдары ұсынылатын болады: Н. Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинағы, Құрандар кітабының жинағы, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, Н. Ә. Назарбаевтың шет тілдеріне аударылған еңбектері.
Көрме сараптамалық қауымдастықтың, ғалымдардың білім және мәдениет салалары мамандарының кездесулері өтетін орынға айналмақ. ҚР ОММ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ғылыми конференциялар жоспарланған. Ғылыми-тәжірибелік, әдіснамалық семинарлар ҚР Орталық мемлекеттік музейінде және аталмыш жоғарғы оқу орындарында жүргізіледі.
Көрменің жұмысы барысында оңтүстік астанамыздың тұрғындары мен қала қонақтары тақырыптық және шолу экскурсияларын тыңдауға, қор көрмесімен, сондай-ақ, Елбасы кітапханасының жұмыс бағыттарымен танысуға мүмкіндік алады.
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін жалғасады.