Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Астана процесі: Диалог – бейбітшілікке бастайтын жалғыз жол

813 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сирия дағдарысын реттеу жө­нін­дегі Астана процесі аясындағы же­тінші халықаралық кездесудің үсті­міз­дегі жылдың 30-31 қазаны күнде­рі өтетіндігі және онда қара­ла­тын мәселелер туралы газеті­міз­дің өткен нөмірінде (№ 203. 23.10.2017 ж.) жазған болатынбыз. 

Астана процесі: Диалог – бейбітшілікке бастайтын жалғыз жол

Таяуда Ресей Феде­ра­ция­сының Сочи қаласында бол­ған «Валдай» халықаралық пікір­сайыс клубының кезекті отыры­сында Ресей президенті Владимир Путин  Астана процесінің жұ­мысы туралы: «Астана проце­сіне қатысты айтар болсам, ең алдымен, Қазақстанға және Пре­зидент Назарбаевқа осы процеске қатысушыларға Астана алаңын ұсын­ғаны үшін алғысымды білді­ремін. Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол өте қо­лайлы алаң.

Мен мұнда Қазақ­станның бейтарап позициясын, қан­дай да бір шиеленістерге ешқа­шан араласпағанын, керісін­ше, беделді бітімгер болып есеп­те­летінін айтып отырмын. Айта кетейін, Президент Назарбаев барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», деп жоғары баға берді. 

Осы жылдың қаңтар айында алғашқы раунды өткен бұл кездесулер өзінің өміршеңдігін көрсетіп, міне, осымен жетінші басқосуға ұласқалы отыр. Егер ондағы қаралған мәселелер өзекті болмаса және қажетті нәтижелерге қол жеткізбесе ол жалғасын таппаған болар еді. Осыған байланысты аталған процестің басталуы мен жалғасу тарихына қысқаша шолу жасап өткенді жөн көрдік. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы қақ­ты­ғыс­тарға қатысушы тараптардың атысты, бейбіт халықтың қы­рылуын тоқтату үшін келіссөздер жүр­гізу керектігін айтып және оны өткізетін орынға Астана қала­сын ұсынған-ды. Бұл ұсы­ныс­ты БҰҰ мен көптеген әлем­дік көшбасшы мемлекеттер қол­дап, 2017 жылдың 23-24 қаңтар­ында Астана қаласында алғаш­қы кездесу өтті. Бұл кездесу 2016 жылғы 30 желтоқсанда Же­не­вада қол қойылған атысты тоқта­ту туралы келісімді нығайту мақ­сатында ұйымдастырылды. Сөй­тіп Астанада Ресей, Иран және Түркияның қолдауымен Сирия­ның қарулы оппозициясы және Сирия үкіметінің өкілдері арасында жанама келіссөздер болды. 

Бұл келіссөздер Сирия үкіметі мен қарулы топтар өкілдерінен құралған оппозициялық делегация қатысқан алғашқы келіссөз болып табылады. Кездесудің нә­ти­жесінде кепілгер мемлекет­тер (Түр­кия, Иран, Ресей) Си­­рия­да­ғы атысты тоқтатуды бақы­лау­­­дың үшжақты тетігін құру­ға ке­­ліс­ті; «ДАИШ» және «Әл-Нус­ра май­­данына» қарсы кү­рес­те ын­ты­мақ­­тасуға дайындық білді­ріл­ді; Ас­та­на алаңында бұдан кейін­­гі нақты мәселелер бойынша кез­де­­сулер өткізуге уағдаластық жасалды;

Бірлескен коммюникеге қол қойыл­мағанымен Мәскеу, Тегеран және Анкара бірлескен мәлімдеме жасап, Сирияның аумақтық тұ­тас­тығы мен егемендік прин­цип­терінің сақталатындығына бейіл екендіктерін білдірді. 

Осы кездесудің нәтижесі бо­йынша пікірін білдірген БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөнін­дегі арнайы өкілі Стаффан де Мис­тура: «Қазақстан халықаралық аре­на­дағы ең күрделі жағдайларды шешу үшін өз күш-жігерін көр­сетті», деді.

Астана процесінің жалғасуына мүдделі болған жанжалға қаты­сушы мем­лекеттер 2017 жыл­дың 15-16 ақпа­нында елордаға екін­ші рет жиналды. Оның қоры­тындылары бойынша кепіл­гер мемлекеттер – Ресей, Иран және Түр­­кия БҰҰ-ға есеп беретін, атысты тоқ­та­ту режімін сақтау мониторингі жө­­нін­де Бірлескен жұмыс тобын құруға уағ­да­ласты; бітімге қосылған аумақтар тура­лы ереженің жобасын келісті; тұт­қын­дар алмасу туралы ереженің жобасын тал­қылады.

Астана процесінің үшінші кездесуі 14-15 наурыз күндері болды. Оған екін­ші кездесуге келген делегациялар арасынан қарулы оп­позициялық топтар өкілдері қатыспады. Бұл жолы кепілгер мемлекеттер Сириядағы атыс­ты тоқтатудың жай-күйін және бі­тімге қосылған аумақтардағы жағдайды қарастырды, тұтқындар алмасу жөніндегі жұмыс тобы туралы ережені, Сирия конституциясы бойынша жұмыс тобын құрудың шарттарын, «ДАИШ» және «Әл-Нусра майданы» сияқ­ты террорлық топтардың және қарулы оппозициялық топ­тар­дың орналасқан жерлерін көр­се­тетін бірыңғай картаны құру мә­селелерін талқылады. Сондай-ақ Сириядағы ЮНЕСКО қорғайтын Бүкіләлемдік мұралар нысандарын минадан залалсыздандыру мәселесі қаралды.

2017 жылдың 3-4 мамырын­да болған Астана процесіне қа­тысушы тараптардың төртінші кездесуінде кепілгер мемлекеттер Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес, зор­лық-зомбылықты дереу тоқ­тату, гуманитарлық жағдайды жақ­сарту және қақтығыстарды саяси реттеуге қолайлы жағдайлар жа­сау мақсатында Идлиб, Хомс, Шы­ғыс Гута, сондай-ақ Дераа және Кунейтра провинцияларын­да қауіпсіздік аймақтары құры­латыны айтылды. 

Астана процесінің бесінші раун­ды 2017 жыл­ғы 4-5 шілдеде болып, оған келіс­сөз­дерге бұрын­нан қатысушылардың бәрі де келді. Кездесуден кейін болған бри­фингте Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов Астана процесінің нәтижелілігін атап өтті. Министрдің пікірінше, кез­десу ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режімін күшейту бағы­тын­да нақты оң нәтижелерге қол жеткізген. «Қазақстан сирия­лық жанжалдың соғыс жолымен шешілмейтіндігіне сенімді. Диалог – бейбітшілікке бастай­тын жалғыз жол. Ахуалды оңал­ту үшін әлі көп жұмыс атқары­луы тиіс екені сөзсіз», деді Қ.Әб­ді­рахманов. Оның айтуына қара­ғанда, жанжалдың ауқымы мен қарқыны қазір едәуір азай­ған, Сириядағы қажет еткен жан­дардың барлығына гуманитарлық жәрдем жеткізу үшін жағдайлар жасалып жатыр. 

Осы кездесуде қабылданған құжатта да «Сирия Араб Рес­пуб­ликасындағы деэскалация ай­мақтарын құру туралы мемо­рандумға 2017 жылғы 4 мамыр­да қол қою нәтижесінде Сирия аумағындағы зорлық-зомбы­лық деңгейі айтарлықтай төмен­де­гені» айтылған. Сонымен қа­тар кепілгер мемлекеттер мемо­ран­­думға сәйкес деэскалация аймақ­тары бойынша Бірлескен жұмыс тобының (БЖТ) құрылуын қолдап, оның ережесін қабылдады. 

Астанада қыркүйекте өткен келіс­сөздердің алтыншы раунды тараптардың Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыру және Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдемені қабылдаумен аяқталды. Сирияда құрылған деэскалация аймақтары аталған қақтығыстың көлемін едәуір төмендетіп, Сириядағы гу­манитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ас­тана процесіне қатысушылардың кезекті, жетінші кездесуі 30-31 қазанда болады. Онда тұтқын­дарды, қамауда отыр­ған­дарды босату, қаза тапқандардың дене­лерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс то­бы­ның ережесін бекіту және т.б. мәселелер талқыланатын болады деп күтілуде. 
 

 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»