Қазақстан • 25 Қазан, 2017

БҚО-да 55 елді-мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталды

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының Көшім ауылына таза су ж­ет­­кізетін су құбы­ры іс­ке қосылды. 1544 адам тұ­­ра­­тын ауыл тұрғын­да­ры­­ның қуаны­шын бөлі­суге өңір басшысы Алтай Көлгінов өзі келді.

БҚО-да 55 елді-мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталды

Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша биыл 55 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары бас­тал­ған еді. 8 ауылда бұл жұмыс­тар аяқталды, Көшім – биыл таза су жеткізілген тоғызыншы ауыл. Жақын күндері Зеленов ауда­нын­дағы Щапов ауылы тұрғындары да осындай қуанышқа кенелмекші.

– Батысқазақстандықтар үшін орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі өте өзекті болып тұр. Қазіргі таңда өңірдегі 443 елді мекеннің 36 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Үкімет тарапы­нан 55 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 11 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаржының 9 млрд теңгесі биыл игерілді. Аталған жобалар жүзеге асқан кезде облыс тұрғындарының 44 пайызы таза сумен қамтыла­тын болады. 12 ауыл­ға арналған жоба келер жы­лы аяқ­талады. Қалған ауылдар осы жыл­дың соңына дейін таза су­ға қол жеткізеді, дейді Батыс Қазақ­­стан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Алтай Сейдірұлы тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жұмысы келер жылы да жүретінін мәлімдеді. 2018 жылы облыста тағы 50 ауылға су тарту жұмыстары жүргізілмек. Бұл жобаларды іске асыру бары­сын­да жергілікті құрылыс мате­ри­ал­дары қолданылуы шағын кәсіпорындар жұмысын ширатып, эко­но­микалық өсімге қозғау бо­лған, қосымша жұмыс орындары ашылған.

Біз сөз етіп отырған Көшім ауылын сумен қамту бағдарла­масы­ның жобалық құны 198,374 млн тең­ге екен. Жүйенің су сақтағыш екі мұнарасы бар. Ауыл ішінде 20 шақырым су құбыры жүргізілген. Жоспар бойынша жаңа су құбыры желтоқсан айында тапсырылуы керек-тұғын. Жобаның бас мерді­гері жергілікті «Нира» ЖШС меке­месі жұмысты межеленген уақы­тынан бұрын әрі сапалы атқарып шыққан. 

– Біздің тұрғындар бұл мекеменің жауапкершілігі мол ұжым екенін біледі. Осыдан бірер жыл бұрын ауылда «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағ­дарламасымен көп қабатты үй­лерді күрделі жөндеп, елдің риза­шылығына бөленген еді. Енді міне, ауыз су құбыры құрылы­сын сондай тиянақтылықпен атқа­рып, көңілімізді демдеді, дейді тұрғындар.

Облыс басшысымен бірге су жаңа су құбырының «құлағын бұрап», жаңа қондырғыны іске қосу құрметіне ие болған ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Сағитжан Бегеновтің бұл ауылға келгеніне көп болмапты. Бірақ судың тақсіретін тартып үлгерген.

– Көшімге келгенімізге көп бол­ған жоқ. Балаларым Орал қала­сына жақын, күре жолдың бойында тұрған, болашағы зор ауыл деп таңдап, осы жерден жаңа үй сал­ды. Суды көршілерімізден, жер­ден қазып алған құдығынан алып пайдаланып келген едік. Енді міне, таза су үйдің ішіне келіп тұр. Оны қосу үшін бір тиын да төлеге­ні­міз жоқ – деп қуанады Сағитжан ақсақал.

Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, Көшім ауылында 400-ден астам тұрғын орталықтандырылған су құбырына қосылған. Жалпы, Зеленов ауданы – облыс орталығына ең жақын орналасқан, топырағы құнарлы, өндірісі өркендеп келе жатқан өңір саналады. Ауданда барлығы 68 елді мекен бар. Биыл мұнда 5 елді мекен таза ауыз сумен қамтылса, келер жылы тағы 7 ауылды таза ауыз сумен қамтуға құжаттар дайындалып жатыр. Ол жүзеге асқанда аудан халқының 60 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Сөз реті келгенде айта кетейік, Зеленов ауданында келер жылы 7 ауылға табиғи газ құбырын тарту да жоспарланып отыр екен. 

 

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы