Тайынша ауданында тұрғындардың ой-пікірлері мен талап-тілектері тыңдалып, қызмет көрсету қызметінің мөлдірлігі мен ашықтығы зерделенді. Орталық аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальский қызмет көрсетудің электронды түріне көшкелі қолжетімділіктің арта түскенін жеткізді.Енді науқастар тіркеу бөлімінде бұрынғыдай кезек күтіп, сабылып жүрмейді. Мұнда созылмалы дертке ұшырағандарды сауықтыруға арналған «Денсаулық бөлмесі» жұмыс істейді. Десек те, кездесу барысында жұртшылықтың мемлекеттік қызмет көрсету орындарының жұмысына әркез көңілдері тола бермейтіні аңғарылды.
Мәселен төрт елді мекеннің басын тоғыстыратын Келлеровка ауылдық әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан шаралар қанағаттандыра бермейді. Сол сияқты Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында бірқатар олқылықтардың орын алғаны анықталып, алыс ауылдардан келетін адамдар үшін барлық жағдайды жасау, электронды қызметті жетілдіру қажеттігі атап көрсетілді.
Мамлют ауданының тұрғындары емтихан алу-тіркеу және көші-қон бөлімдерінің жұмыстарындағы қағазбастылыққа шағымданып, қолайлы мүмкіндіктер көрсетілсе деген өтініштер білдірді. Алик Шпекбаев Астанада бұл қызмет түрлері халыққа қызмет көрсету орталықтарына берілгелі қызмет сапасының нығайғанын, сондықтан бұл мәселе төңірегінде ойласу қажеттігін алға тартты.
«СевКазЭнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов жетілдірілген қызмет түрлері барлық салада қолданылатынын әңгімелеп берді. Айына 25 мыңнан астам тұтынушы компания қызметіне жүгінеді. Саll-орталығы, онлайн жүйесі демалыссыз жұмыс істейді.
№1 халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы да талапқа сай ұйымдастырылған. Мұнда 500-ден астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Осы жерде облыс орталығындағы 3 халыққа қызмет көрсету орталығын бір жерге біріктіру жайлы ұсыныстар айтылып, ескерілетін болды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысына агенттік төрағасының орынбасары А. Шпекбаев, мониторингтік топтың мүшелері, аумақтық, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өкілдері қатысып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру жайы жан-жақты талқыланды. Жиынды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов кіріспе сөзбен ашып, кез келген құқық бұзушылықтардың жолын кесу, болдырмау басым бағыт болып қала беретінін атап көрсетті.
А.Шпекбаев аудандар мен мекемелерде ішкі талдау жүйесін жүйелі жүргізу арқылы жемқорлық сипаттағы келеңсіз көріністерді анықтау жағына ерекше тоқталып, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы