Еліміз экономикасының дамуында мұнай мен газ секторының алатын орны айрықша. Осынау стратегиялық шикізат көздерінен түскен табыс халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс екендігі де дәлелдеуді қажет етпейді. Алайда соңғы уақытта республика аумағындағы шикізат өндіруші компаниялар да мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы орын алып жүргені ешкімге де құпия емес. Бұл мәселелерді қалай реттеуге болады? Теріс құбылыстың алдын алу жолдары қандай болмақ? Өткен жұма күні Ақтөбеде өткізілген «Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының проблемалары» өңіраралық форумында осы сауалдарға жан-жақты әрі нақты жауаптар қайтарылды.
Еліміздің Бас прокуратурасы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бастамашы болған басқосудың өзге емес, нақты осы аймақта өткізілуінің де мәні бар екені анық. Өйткені форум тақырыбына арқау болған проблемалар Ақтөбе аймағына да тән. Облыс көмірсутегі шикізатын өндіруде елімізде жетекші орындардың біріне ие. Мұндағы жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс ырғағы ешқашан бұзылып немесе жаңылысып көрген емес. Әрі аймақта мұнай мен газ өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар мұнда саланы жетілдіру мен жаңғырту жолдары да қатар жүргізілуде. Таяу жылдар ішінде бұл үшін 60 миллиард теңге мөлшерінде қаражат салынбақ. Қазірдің өзінде басталып кеткен геологиялық барлау жұмыстары өңірдегі мұнай-газ саласының келешегі кемел екенін көрсетеді.
Міне, осындай үлкен салалық өндіріс және үлкен өлшемдер мен үлкен мөлшерлер бар жерде өкінішке қарай, мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы да кездеспей тұрмайды. Бүгінгі таңда мұның өзі тек Ақтөбе облысы үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл еліміз үшін де өзекті проблема болып отырғаны аян. Әрине, оның бірнеше салдары бар. Біріншіден, мұндай жағдайда ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесіне сызат түсуі мүмкін. Екіншіден, мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы бюджеттің кіріс бөлігін елеулі түрде жоғалту деген сөз. Бұл жағдай өз кезегінде халықтың әл-ауқаты мен инвестициялық ахуалдың төмендеуіне салқынын тигізбей қоймайды. Әрі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына да жымқыру деректері кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ саладағы көлеңкелі көрініс жекелеген ұйымдасқан қылмыстық топтар мен радикалдық діни ағымдарды қаржыландырудың басты бір көзі десек, шындықтан қашық кете қоймаспыз.
Осы орайда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл мәселелерді реттеудің бірқатар оңтайлы жолдарын ұсынды. Бұл орайда ол саланың стратегиялық сипатын одан әрі тереңдету қажеттігін түйіндеп берді. Әрі мұнай-газ секторындағы өнім өндіру ісіне инновация жетістіктерін түбегейлі орнықтыру керектігіне тоқталды. Сонымен бірге ол қазақстандық мамандарды оқыту және жергілікті құрылымдарды ұстау мен пайдалану деңгейін көтеру ісінде де қордаланып қалған проблемалар аз емес екенін жеткізді.
Бұдан кейін сөз алған Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин өңір басшысының ұтымды ұсыныстары мен ой-пікірлері назарға алынатынын айта келіп, көлеңкелі айналымнан саланы сауықтырудың шешімдері мен тәсілдері жөнінде баяндап берді. Оның пайымдауынша, таяу арада жүйелі әрі кешенді іс-шаралар белгіленіп, жүзеге асырылмаса, мұнай мен газ саласындағы көлеңкелі айналым көріністері тыйылмайды. Біреуі құрықталғанымен, екіншісі бас көтеріп шыға келеді. Осы орайда, Бас прокурордың орынбасары онымен күресудің бірнеше жолдарын ұсынды.
Соның ең бастыларына тоқтала кетсек, бүгінгі күні өндірілген шикізат өнімдерінің нақты есебі жүргізілмейді. Соның салдарынан соңғы екі жылда өндірілген өнім мен экспортталған мұнайдың арасында әжептәуір айырмашылық бар. Сонда артық өнім қайдан шыққан? Бұл, әрине, бірінші кезекте көлеңкелі айналымның тигізер әсері.
Еліміздегі жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындардағы қызмет жүйесі толықтай автоматтандырылмаған. Ұңғымаларды қадағалау мен күзету жүйесінің деңгейі төмен. Мүлдем қорғалмайтын нысандар да бар. Сондай-ақ ұңғымаларды консервацияға қоюдың тиісті тәртіптері мен нормалары сақтала бермейді. Мұнай мен газ тасымалдайтын құрылымдарды бақылау ісінде де былықтар аз емес. Ең бастысы, есепке алудың ақпараттық жүйесі мен базасы жетілдіруді талап етеді. Тұтастай жүйені жаңғырту жұмыстары да өз кезегін күтіп тұр. Әйтпесе ұрлық одан әрі жалғаса бермек.
Форум кезінде тұрғындардың тұрмыстық көңіл-күйіне бірден әсер ететін әлеуметтік газдың бүгінгі жай-күйі жөнінде де ой-түйіндер жасалды.
Елімізде бұл шикізаттың тапшылығы да, бағасының негізсіз өсу көріністері де жиі кездеседі. Ашықтық пен жариялылықтың аздығы да ойландырмай қоймайды. Әлеуметтік газды көтерме сауда жасаушылар мен жанармай стансалары қожайындары арасында бөлудің нақты тетіктері жасалмаған. Ал мұның өзі жоғарыда айтылғандай шикізаттың жетіспеуі мен бағаның орынсыз өсуіне әсер етпей қоймайды. Оны шешудің басты бір жолы – әкімдіктерге сұйытылған газды ішкі нарықта бөлу бойынша тиісті өкілеттіліктер бөлу болып табылады деген ұсыныстар айтылды.
Бұдан соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің құрылымдық жетекшілері және салалық министрліктер мен шикізат өндіруші өңірлер өкілдері жоғарыда аталған проблемаларды шешу мен реттеу жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Олар көмірсутегінің заңсыз айналымының салдарымен күресу қажеттігіне назар аударды. Форумда мұнай мен газдың заңсыз айналымына қарсы күрес пен іс-қимыл жүріп жатқаны да айтылып өтті. Осындай кең ауқымды талқылаулардың қорытындысы мен ұсыныстар негізінде кешенді түрде атқарылатын шаралар топтастырылған құжат қабылданды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ