Аймақтар • 25 Қазан, 2017

Cолтүстік Қазақстанда тілдер  мәселесіне арналған республикалық семинар өтті

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Достық үйінде тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологияларын әзірлеудің  және  енгізудың  жаңашыл бастамалары  мен проблемаларына арналған семинар-тренинг өтті. 

Cолтүстік Қазақстанда тілдер  мәселесіне арналған республикалық семинар өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының  қолдауымен  «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырған алқалы басқосуға  этеомәдени бірлестіктердің өкілдері,  этноағарту кешендерінің әдіскерлері, оқытушылары, тіл  саласының мамандары мен жанашырлары қатысты.

Семинар-тренингті «Қоғамдық келісім» РММ қызметінің жетекшісі Жанна  Шаймұханбетова кіріспе сөзбен ашып, тілдерді қысқа мерзімде оқытудың  оңтайлы әдіс-тәсілдерін айқындау,  Қазақстан халқы бірлігінің маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру жолдарына тоқталды. Ол сонымен қатар латын әліпбиіне ауысу мәселесі  жалпыхалықтық  талқылауларға ұласып, құнды ой-пікірлер айтылып жатқанын,  уақыт талабымен үндес нақты шешім қабылдау аса маңызды екенін атап өтті.

Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов  рухани  құндылықтар тілімізді жаңғырту үдерісінде шешуші буын  саналатынын, ал латын әліпбиіне ауысу ел,  жастар болашағы үшін жасалатын   құнды қадамдар болып табылатынын жеткізді.  № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззат Жалмұқанова жинақталған іс-тәжірибелер жайлы әңгімелесе, «Мың бала» республикалық  мәдени-ағартушылық жобасының  жеңімпазы Галина Жукова  қазақ тілін меңгеруді, үйренуді  балабақша мен мектептен бастаудың тиімділігіне жиналғандардың назарын  аударды.  Жазушы Қанат Тасыбеков  жағдаяттық қазақ тілі әдістемесінің негізінде оқыту туралы ой бөлісті.

Тренингте  Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім институтының директоры Алдаш Рақымжанов «Мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері», Ұлттық тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Айжан Сұңғатова «Қазақ тілін шет тілі немес екінші тіл ретінде оқыту»,  YOUTYBE бейнепорталындағы «Казахский язык за 2 недели» бейнесабақтарының авторы Досжан Нұрсейітов «Қазақ тілін ақпараттық коммуникациялық технологиялар мүммкіндігін пайдалана отырып жеделдете оқыту» тақырыптары аясында  өз ойларын ортаға салды.

«Қоғамдық келісім» РММ-нің бас сарапшысы Әділет Дүйсенбиев «Елбасымыз «»Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында  таяу жылдардағы міндеттердің бірі  ретінде  ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығару қажеттігін алға тартты. Қазірдің өзінде  алғы шарттар басталып кеткенін көріп отырмыз. 

Үкіметке  қазақ тілін латын  әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасау тапсырылды. Жыл аяғына дейін қазақ әліпбиінің  жаңа графикадағы бірыңғай  стандартты нұсқасы қабылданарына сенімдімін.  Бұл орайда, ғалымдарға, тіл мамандарына, барша қоғам өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр», деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы