Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Үнемдеудің жолы – жаңғырмалы энергия

1154 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Энергияны тиімді пайдаланған жағдайда тұрғындар ком­му­налдық шығындардың бір­шама төмендеуіне, өмір сүру қо­лайлылығының артуы­на қол жеткізе алады. Ал мемлекет ресурстарды үнемдеп, өнер­кәсіп өнімділігінің және эконо­миканың бәсекеге қабілет­ті­лігін арттырады. Бұл туралы кеше Үкіметтің баспасөз орта­лығында айтылды.

 

Үнемдеудің жолы – жаңғырмалы энергия

Баспасөз мәжілісіне Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің экология жөніндегі комиссия жетекшісі Салтанат Рахымбекова, «Led System Media» ЖШС директоры Амангелді Таукенов, техникалық ғылымдар докторы Баянды Диханбаев қатысып, көрмеде ұсынылған жобалар, олардың біздің елге тигізер пайдасы жөнінде айтып берді.

ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу әлем­нің ең үздік технологияларын шо­ғыр­ландыруға, сондай-ақ отандық ғы­лымның әлеуетін ашуға септігін ти­гізді дейді мамандар. Бұл ретте энер­гия үнемдеу және энергия тиім­ділігін арттыру саласында белгіленген стра­тегиялық міндеттер тиімді мемлекеттік саясатты айқындап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. 

Салтанат Рахымбекованың айтуынша, ЭКСПО-дан кейінгі кезеңде елімізде энергия тиімділігін арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасын таппақ.

Біріншіден, экономиканың түрлі салаларының энергия тиімділігін арттыру және ІЖӨ-дегі энергия сыйымдылығын төмендету үшін отандық «жасыл» технологиялар мен инновациялардың тізімін құру қолға алынады.

Екін­ші­ден, отандық ғылымға қолдау көр­сету және олардың жобаларын коммерцияландыруға ық­пал ету бағытында жұмыс жүргі­зіледі. Бәсекеге қабілетті және ком­мер­циялық тұрғыдан келешегі бар ғылыми жобаларды іздестіру және ілгерілету мақсатында Қоғамдық коммерцияландыру кеңсесінің жұмысы жандандырылады.

Үшіншіден, бюджеттен тыс инвестицияларды тарту тетіктерін әзірлеуге ықпал ету жағы қолға алынады. Бұл ретте бес институттық реформаны жү­зеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Мем­лекет басшысы ха­лықаралық мойын­далған энерго­сервистік келісім­шарттар арқы­лы энергия үнемдеу са­ла­сына стра­­те­гия­лық ин­вес­тор­ларды тар­ту бойынша мін­деттер қойға­нын айта кет­кен жөн. Төр­тін­шіден, елі­мізде «жасыл» эко­но­миканы да­мы­туға мүдделі бар­лық тарап үшін ақпараттық инфрақұрылым құру және ынталандыру құралдарын табу жолға қойылған. 

Ал өз кезегінде «Led System Media» ЖШС директоры Амангелді Таукенов ЭКСПО-2017 көрмесі аясында компания электр энергиясын үнемдейтiн жарық-диодты шамдар өндiрiсiн таныстырғанын, олардың көшелер мен саябақтарға арналғанын атап өтті.

«Шамдар бейнебақылау және жарылғыш заттарды анықтау жүйе­лерiмен жабдықталған. Бұл жобаны жасауға бiрнеше жыл кеттi. Аталған шамдарға қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен айналысатын көптеген органдар қызығушылық танытып отыр. Ендi бiз бұл жобаны тәжірибе жүзiнде пайдаланып көрмекпiз. Астана қаласында Smart city технологиясы бойынша саябақтар мен мектептердiң маңында және тағы басқа жерлерде қолданып көруiмiз мүмкiн», дедi «Led System Media» ЖШС директоры. Бұл компания бүгінде жылыжайларға арналған энегетикалық тиімділігі мол, арнайы шамдар жасауды да қолға алған екен. 

«Бүгiнгi күнi Қазақстанда жан басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну көлемi шамамен сағатына 4900 киловатты құрайды. Бұл кез келген Орталық Азия елiндегi көрсеткiштен шамамен екi есеге, әлемнiң басқа дамушы елдерiнен 3,5 есеге көп. Өткен жылы барлық тұтынылған электр энергия – 92 млрд киловатт сағаттың 22 пайызы ғимараттарға, 9,3 пайызы коммуналдық секторға, 8 пайызы қызмет көрсету секторына, 5 пайызы мемлекеттiк секторға, ал 12-13 пайызы жарықтандыруға тиесiлi болды. 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясына сәйкес, бүкiл электр энергияның 50 пайызы жаңғырмалы энергия көздерiнен өндiрiлуi тиiс», дедi Амангелдi Таукенов. 

 

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»