Меніңше, латын қарпіне көшудің ешқандай қиындығы жоқ. Кирилл жазуын да, араб жазуын да бастан өткергенбіз. Қазір латын қарпінің өзгешелігі, басқа жазулардан артықшылығы, біздің табиғатымызға жақындығы туралы пікірлер айтылып жатыр. Пікірлердің көп болғаны дұрыс. Алайда салмақты пікірлерді көлденең көк аттылар емес, маман адамдар жеткізсе, соңғы сөзді солар айтса деген тілек білдіргім келеді. «Бір әріп – бір дыбыс» деген жоба көңілден шығады. Дегенмен кейбір ғалымдар тарапынан диграф пен бір әріп – бір дыбыс жүйесін қатар қолданайық деп жатқандар да бар. Өз басым қазақ зиялылары ұстанған жол бір әріп – бір дыбыс жүйесін толық құптаймын. Енді тезірек бекітсе әрі қарай жұмыс жүре береді деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, латын қарпіне көшу қазақ қоғамы үшін аса қажет дүние. Бұл – әлемдік үрдіс. Дүние жүзі осыған бара жатыр. Біз жеке арал болып, өзімізбен өзіміз қала алмаймыз. Қайта соған ене білуіміз, бойлай білуіміз керек. Кейінгі ұрпақтың санасына сіңіргеніміз жөн. Бірақ бұл істе асығыстық танытуға болмайды. Елдің наразылығын тудыратын, ұлт араздықты қоздыратын жағдайлардан бойды аулақ ұстап, байыппен, ақылмен, салқын сабырмен шешкеніміз абзал.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
СЕМЕЙ