Тоғыз айдың түйіні
Өңір басшысы өз сөзінде облыстың экономикалық дамуында оң көрсеткіштер байқалып отырғанын айтты. Өңірдің жалпы өнімі жарты жылда 11 пайызға өсіп, 990 млрд теңгені құраған екен. Өнеркәсіп өнімнің көлемі 1,4 трлн теңге болып, өсім 9,2 пайызды құрап отыр. Кен өндірісі 10 пайызға (1,2 трлн теңге), өңдеу өнеркәсібі 3 пайызға (114 млрд теңге) өскен.
Өңірде әсіресе құрылыс қарқыны жоғары. Бұл салада 5,4 пайыз өсім бар. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 245 млрд теңгені құрады.
Индустрияландыру картасы бойынша облыста биыл іске қосылуы жоспарланған 10 инвестициялық жобаның жетеуі жүзеге асты. Бұл жобаларға құйылған инвестиция көлемі 8 млрд теңгені құрайды, жаңадан 600 адам жұмыс тапты.
Әрине, осы кезге дейін облыс экономикасының қатепті қара нары мұнай-газ секторы еді. Елбасының тікелей тапсырмасымен экономиканы әртараптандыру табысты жүріп жатыр. Өткен тоғыз айда шикізаттық емес секторға құйылған инвестиция көлемі 28 пайызға артып, 58 млрд теңгені құраған екен. Соның ішінде агроөнеркәсіп кешеніне келген инвестиция 4 есеге жуық, тағам өндірісі 5 есе, сусын өндіру 25%-ға көбейген. Барлық инвестицияның үштен екі бөлігі сырттан келген.
Алтай Көлгінов өңірге инвестиция тарту ісінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің оң әсері болғанын айтады. Көрме кезіндегі келіссөздер нәтижесінде батысқазақстандық кәсіпкерлер фин әріптестерімен іскерлік байланыс орнатып, үш жоба қолға алынды. Оның бірі – «Дженерал Финланд» компаниясы мен оралдық «Стеклосервис» ЖШС негізінде құрылыс материалдарын – қуат үнемдегіш терезе, есік, жиһаз шығаратын біріккен кәсіпорын құру. Қазірдің өзінде бұл іске 2 млн еуро қаржы құйылған.
Екінші жоба – «жасыл экономика» бағдарламасы негізінде Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны фин әріптестермен бірлескен консорциумның басқаруына берілді. Қоқысты қайта өңдеп, мол пайда тауып отырған Финляндия тіпті айналасындағы елдердің қалдығын сатып алып, әжетке жаратып отырған ел.
ЭКСПО-2017 көрмесі аясында тұсауы кесілген 3D жобалау ісі де өңір үшін айрықша жоба болмақ. Облыс орталығындағы колледждердің бірінде 3D жобалау бойынша жергілікті жастарды оқыту басталады.
Ауылдан – экспортқа
Елбасы ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа драйвері болуы керек деп атап өтті. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз жұмыс жасаудамыз, деді Алтай Сейдірұлы. Ауа райына көбірек тәуелді егін шаруашылығы екі жыл қатарынан жақсы өнім алып отыр. Биыл өнім көрсеткіші 15 пайызға артып, мал басы да 10 пайызға көбейген.
Елбасының былтырғы Иранға сапары Батыс Қазақстан өңірі экономикасы үшін де жақсы мүмкіндік ашты. Ет экспортына ерекше көңіл бөлініп, «БатысМарқаЛамб» кәсіпорны Иран еліне тұрақты түрде ет жөнелте бастады. Қазір әуе рейстері арқылы апта сайын қазақ малының еті Иранға тасымалдануда. Жыл соңына дейін 1500 тонна ет жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар «Күбілей» кәсіпорны да жыл соңына дейін келісімшартқа сәйкес 200 тонна мұздатылған қой етін Иранға экспорттайды.
Әкім өңірде таяу болашақта қолға алынатын кейбір жобалармен де таныстырып өтті. Ауыл шаруашылығы бойынша өңірде 8,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жылына 7 мың тонна құс етін өндіретін жаңа құс фабрикасы бар. Қуаты 6000 тонна ет өнімін өндіретін «Күбілей» кәсіпорны жаңа ет өндеу фабрикасын іске қосты. Бұған дейін малшаруашылығы дамыған өңірде тері өңдейтін кәсіпорын болмаған еді.
Жақында іске қосылған «ПОШ Руно» кәсіпорны тері өңдейтін жаңа зауыт ашты, тері өнімдерінен аяқ киім тігу ісін қолға алды. Жоба жүзеге асқанда жылына 600 мың аяқ киім тігілетін болады. Жылдық қуаты 5 000 тоннаны құрайтын ұн өнімдерін өндіретін Желаев макарон фабрикасы қалыпты жұмыс істеуде.
Өңірде қызу қолға алынған жобаның бірі – ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру. Бағдарламаға сәйкес өңірде 6 бірдей ирригациялық жүйе жаңартылды. Нәтижесінде қосымша 185 мың га жайылым, 6 000 га лиман суландырылып, 12 млн текше метр тасқын су жинақталатын болды.
Ұзындығы 180 шақырымды құрайтын Киров-Шежін арнасын қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Қазір 4 кезеңнің 3-еуі аяқталды. Каналды іске қосу 4 ауданның аумағында 130 мың га жайылымды жерлерді суаруға мүмкіндік береді.
Біз жыл сайын Ресейден су сатып алып отырмыз. Көктемгі тасқын суды сақтап қалу нәтижесінде жылына 500 млн теңге үнемдеуге жағдай жасайды. Қалған 5 құрылымды жөндеуге 820,5 млн теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде мал басының көбеюіне, балық шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді деген жоспар бар, дейді А.Көлгінов.
«Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер»
«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары өңір экономикасына да оң әсерін тигізуде. Бағдарламаны іске асыруға 30 млрд теңге бөлініп, 1700-ден аса жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ Орал-Озинки (РФ шекарасы) республикалық тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары «Нұрлы жол» аясында қаржыландырылуда.
Жалпы ұзындығы 104 шақырымды құрайтын тас жолдың 70 шақырымы биыл жөнделіп бітеді. Бұл жұмыс Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп атқарылуда. Жалпы, облыс бойынша биыл 500 шақырым автожол салынуда. Салыстыра айтар болсақ, былтыр салынған барлық жолдың ұзындығы 290 км еді, деп атап өтті А.Көлгінов.
Орал қаласында үш ауысымдық оқытуды және апатты мектептерді жою мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы, өңірде 24 білім беру нысаны, сонымен қатар 10 балабақша салынып жатыр. Коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 215 шақырым электр-жылу желілері жүргізілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал қаласы мен аудандарда 1700 пәтер пайдалануға берілмек. Ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар есебінен жалпы аумағы 300 мың шаршы метрді құрайтын жаңа баспаналар халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 80 пайызға артық. Жыл басынан бері 123 шақырым инженерлік желі тартылып, газдандыру және сумен қамту жұмыстары қатар жүруде. Облыс бойынша 35 ауылға көгілдір отын жеткізіліп, 106 әлеуметтік нысан табиғи газ құбырына қосылды. 65 мың тұрғыны бар 55 елді мекенде орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде. Яғни 186 ауыл халқы таза ауыз суға қол жеткізеді.
Экономикалық дамудың негізгі тірегі болып саналатын шағын және орта бизнестің дамуы да облыс басшылығының жіті назарында. Қазірдің өзінде бұл сала өңірдің жалпы өнімінің 40%-ын беріп отыр. Бұл межені 50 пайызға жеткізу – Елбасы тапсырмасы. «Біз бұл іске ерекше көңіл бөлеміз. Қатаң қадағалаудың арқасында кәсіп жүргізу жолында әкімшілік, басқа да кедергілер азайды. Мемлекет қолдауы, субсидиялар бар», деді Алтай Сейдірұлы. Бұл салада алғашқы жартыжылдықта жалпы құны 656 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға өскен.
Өңірде мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің әріптестігі негізінде 14 жоба қолға алынған. Соның бірі – Астанада тәжірибеден өткен жолдар мен қоғамдық орындарды бейнебақылау жүйесі Орал қаласында да қолға алынбақ.
Әкім журналистерге өңірге шетелдік инвесторларды көбірек тарту мен бизнес ахуалды жақсарту мақсатында жаңа халықаралық әуе бағыттары, соның ішінде Франкфурт-Мәскеу бағытында, Атырау және Ақтау қалаларына жаңа рейстер ашылғанын мәлім етті. Бұл Орал әуежайының жолаушы ағымына едәуір ықпал еткен: өткен жылы 160 мың жолаушы қамтылса, биыл жолаушылар саны 220 мыңға жеткен. Ендігі кезекте әуежай терминалын жаңғырту арқылы жолаушылар терминалының аумағын екі есеге дейін арттыру көзделіп отыр.
«Рухани жаңғыру» музейі ашылады
Әрине, әлеуметтік салаға әдеттегідей ерекше көңіл бөлінеді. Биылдың өзінде облыстық және аудандық ауруханалар үшін 745 заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынған. «Жедел жәрдем» қызметі үшін Орал қаласының өзінде 86 арнайы көлік алынды. Денсаулық сақтау саласының 19 нысаны жөндеуден өтті. «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде Орал емханаларында «Электронды кезек» және «Пациенттің электронды картасы» жүйесі енгізілген.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп шалғай ауылдардағы білім мекемелеріне кең жолақты интернет жеткізу мәселесі шешілуде, деді облыс әкімі. 250 мектеп заманауи роботты техника сыныптарымен жабдықталған. Қауіпсіздік үшін барлық білім мекемелерінде бейнебақылау жүйесі орнатылып жатыр. Облыста 95% мектеп оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Өңірде жаңадан 1 мәдениет үйі салынып, 5 нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондай-ақ 4 денешынықтыру кешені жаңадан пайдалануға берілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер өңірімізде жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Латын әліпбиін, «Туған жер» және бағдарламаның басқа да бағыттарын облыс тұрғындары белсенді қолдайды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша жерлестердің қолдауымен 31 нысан іске қосылды, деді облыс басшысы.
Облыста жалпыұлттық қасиетті орындар тізіміне алдымен ортағасырлық «Жайық» қалашығы мен «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені кірсе, қазір олардың саны алтауға жетті. Яғни қосымша Тақсай қорған кешені, (б.з.д VI-V ғ.) Жұмағазы хазірет (ХІХ ғ), Ғұмар Қараш зираты және Жымпитыдағы Алашорда музейі қосылды.
А.Көлгінов жыл соңына дейін Орал қаласында «Рухани жаңғыру» атты музей ашылатынын хабарлады. Ол жерде өңірден Қасиетті Қазақстан тізіміне енген тарихи орындардың көшірмелері, қазақ баспасөзі тарихына қатысты құжаттар мен жәдігерлер, Алаш мұралары және тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері қамтылмақ.
Сонымен қатар аталған бағдарлама бойынша 20 жоба және 113 кіші жоба жүзеге асырылуда. Жобалық офисте бекітілген жоспарларды 2018-2022 жылдары жүзеге асыру көзделуде. Елбасының мақаласында көрсетілген алты бағытқа толық сәйкес келеді, деді А.Көлгінов.
Әр сауалға жауап бар
Баспасөз мәслихаты аясында БАҚ өкілдері Қарашығанақ экологиялық аймағындағы Березов пен Бестау ауылдарын көшіру, өңіраралық байланыс, өңірдегі бензин бағасы, тіпті мектептегі хиджап мәселесі туралы да сауалдар қойды.
Березов пен Бестау ауылы тұрғындарын көшіру жүріп жатыр. Оларға арнап салынған коттедж түріндегі 100 жеке үй пайдалануға берілді. 153 пәтерлі, 9 қабатты екі үй де әзір, қазіргі таңда тұрғындармен арада келісім-шарт жасалуда. Осы айдың соңына дейін экологиялық аймақтан тұрғындар түгел көшіріледі, деді А.Көлгінов.
Брифинг кезінде литрі 200 теңгеге дейін жеткен бензин бағасы да сөз болды. «БҚО жылына 300 мың тонна АИ 92 бензинін тұтынады, оның 70%-ын Ресейден аламыз. Бензин төңірегіндегі дүрбелең кезінде Оралдан 600 шақырым шалғай жатқан Бөкей Ордасы ауданында баға көтерілгені рас. Қазір ахуал тұрақтанды, баға 150-157 теңге аумағында», деді облыс басшысы.
Өңіраралық байланыс дамуы арқасында бұрын шетелден сатылып алынатын көптеген құрал-жабдық отандық өніммен алмастырылған. Мысалы, бұрын Қарашығанаққа қажетті тампонажды цемент шетелден әкелінсе, енді Шымкенттен келеді. Кентауда жасалатын үлкен трансформаторлар да импортты сәтті алмастырады. Өндіріс орындарында пайдаланылатын сапалы қызметтік киімдерді де қазақстандық фирмалар өздері тіге бастаған.
Жақында осындай алматылық кәсіпорын оралдықтар үшін 5 млрд теңгенің киімін тігуге келісімшарт жасаған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»