Қазақстан • 27 Қазан, 2017

Тарихи кесене – тағылым мекені

1208 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері 128 мың турист келіпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға көп. Туристер санының өсуіне, әрине Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің септігі тигені анық. Көрмеге келген шетелдіктердің басым көпшілігі еліміздің басқа да өңірлерінде болып, Қазақ елін тереңірек тануға мүмкіндік алды. 

Тарихи кесене – тағылым мекені

Германияның оңтүстік-шығы­сындағы Бавария өңіріндегі Бамберг қаласынан келген Лариса Клихта халық­аралық көрмеден кейін Оңтүстікке ат басын бұрғандардың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыстан аман қалған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізі­міне енген Бамберг қаласының тұр­ғыны Шымкентке қарай шықпас бұрын сапарын жоспарлап та алыпты. Қонақты қарсы алып күні бойы қасында жүргендердің айтуынша, Лариса ханым келісімен Домалақ ана кесенесіне апаруды өтінген. Соған қарағанда, қанша дегенмен әйел заты емес пе, қазақ еліндегі аты аңызға айналған аналар туралы деректермен сырттай таныс болған. 

Әрине еліміздің солтүстік тұсынан облыс орталығына кіргендердің назары бірден Бәйдібек би ескерткішіне түсері анық. Оңтүстікке келген барлық қонақ Шымкент қала­сының солтүстік бөлігіндегі ең биік нүктесіне орнатылған монументтің, төстабан мен іргетастың биіктігін қоса есептегенде 23 метр болатын Бәйдібек би ескерткішіне бармай қайтпайды. Міне, сол ескерткішке барып, тарихына қаныққан германиялық қонақ батыр бабамыздың кесенесін де көргісі келетінін жеткізіпті. 

Иә, бүгінде алыстан ат арытып мінә­жат етіп арнайы келушілерге де, қазақ елінің тари­хын шынайы тұрғыда танып-білгісі келе­тіндерге де жағдай жасалған Дома­лақ ана ке­сенесі – сәулетті ескерт­кіштердің бірегейі.

Қаратаудың күнгей бетінде, Бала­бөген өзенінің аңғарында орналас­қан кесене қазақ халқының абыз аналарының бірі, халық арасында Домалақ ана атанған Нұрилә Әли Слан­қызының зиратының басына тұр­ғызылған. Домалақ ана өзінің ақыл­­­­дылығымен ел ішінің бірлігінің ұйыт­­қысы бола білген. Тарихи жазбалар­да Нұрилә ананың адамгершілігі, әдеп­тіл­і­­гі, парасаттылығы мен шын­шыл­ды­ғы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы деректер көп. Домалақ ана Жетісу, Әулиеата, Шым­­­кент, Ташкентті мекен еткен барлық халық­­­тың анасы саналады. Оның баласы Жа­рық­шақ Ташкент әмірінің көмекшісі, кейін Жетісу аймағының билеушісі болған. Есенбұға ханның бас уәзірі қызметін ат­қар­ған. Өмірінің соңғы кезеңін Қара­тауда өт­кізген аяулы ана намаз уақытында қайтыс болады. 1456 жылы Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене тұр­ғы­зады. Ананың кесенесі бірнеше рет бұ­зылып қайта өңделген. Соңғы өңдеу­лер жөнінде айтар болсақ, 1957 жылы қай­та жаңартылғанымен, кесене көп сақтал­маған. Ал 1996 жылы Маң­ғыстаудан ар­­на­йы әкелінген ақ тас­пен жаңадан өріл­­ген.

Жерден 12 метр биіктікте сегіз ж­а­пы­­­­рақ­ты етіп өріліп, негізгі бөлігіне күм­­без ор­натылған. 1999 жылы 5 маусым­да Бәйді­бек баба және Домалақ ана кесе­не­­лері мен Бес ана ғимаратының ашылу сал­т­а­наты өтті. Айналасын көркейту-көгал­­­дан­ды­ру жұмыстары 2000 жылы аяқ­­тал­­ған. Рес­ми деректерде кесе­ненің құры­­лы­сын жүр­гізуші және жобасын жасау­шы сәу­лет­ші – Сайын Назарбеков екені ай­тыл­ған. Ғимаратта түрлі көне қол­жазба­лар сақ­­талған. Дегенмен Елтай қажы Мыр­зай­­ұлы 2011 жылы шыққан «Ұрпақ бой­тұ­мары» кітабында Астанадан келген лауа­­зым­д­ы азаматтың кесененің мүшкіл халін көріп, реніш білдіргенін жазыпты. Сөй­тіп астаналық қонақ қасында болған жергілікті азаматқа кесенені жаңғырту керектігі жөнінде тілек-ұсынысын айтқан. Міне содан кейін Түлкібас ауданының «Құрметті азаматы», Ауған соғысының ардагері Орынбасар Лештаев Домалақ ана кесе­несін жаңғырту жұмыстарын ұйым­­дастырады. Көпшіліктің қолдауы­мен кесененің іші-сырты қайта әрленіп, безен­дірілген күмбезі жылтыр металмен қап­та­лады. Шымкент – Бәйді­бек жолының бойын­дағы кесенеге бұры­лыста «Домалақ ана Нұрила кесе­несі» деген жазуы бар қақ­па орнатылады. Оның екі жағы арнайы жасал­ған эскиз бойынша кірпіштермен өрілген. 

Осындай игі жұмыстардан соң үлкен асқа жиналған қауым алыс­тан мінәжат етуге келген адамдарға жақсы қонақүй салу қажеттігі жөнінде мәселе көтеріпті. Демеушілердің игі істі қолдаушылардың көмегімен кесененің алдына әсем қонақүй мен асхана, таза ауада демалатын орындар мен тұрмыстық ғимараттар салынды. Кесене айналасына түрлі ағаш­тар отырғызылып, жұрт сүйсіне­тіндей саялы орынға айналды. Құры­лыс жұмыс­тарын жүргізген Қуа­ныш Асановтың басқаруын­дағы «Конструктор-80» ЖШС кесенеге қа­­тысты барлық ерекшеліктерді, талаптарды сақтай отырып, заманау­и мате­риалдарды пайдаланыпты. Кесенеге баратын жолдар да жөнделіп, айналасы көгалдандырылған. Бүгінде мұн­дай игі істер, яғни Бәйдібек баба мен қа­сиетті аналарымыздың бейіт­тері мен күмбездерін және оның айналасын жаң­ғырту, қонақүй салу жұмыстары да жүр­гізілуде. Бәйдібек баба кесенесі маңында салы­нып жатқан қонақүй құры­лысы да аяқ­талуға жақын. Ал Домалақ ана кесе­несі жанынан салынған жаңа қонақүй кешені ашылған.

 

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»