Шара жыл сайын «Бауыржан» қайырымдылық қорының бастамасымен, «Нұр Отан» партиясы, «Алтын Қыран» компаниялар тобы, «ПетроҚазақстан» АҚ, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып келеді. «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының ұйымдастырушылары осымен 11 жыл қатарынан еліміздегі жаны жомарт нағыз мейірбан жандарды іздеп тауып, қайырымдылық қасиетін бойына сіңірген алтын жүрек азаматтарды марапаттауды дәстүрге айналдырған. Яғни белгіленген 11 аталым бойынша қоғамның әр саласында еңбек ететін сыйлыққа ұсынылған азаматтар мен үздік ұйымдар мен мекемелердің ішінен «Алтын жүрек» сыйлығына лайық бір азамат немесе ұйым анықталуға тиіс.
Ең бастысы, әр үміткер ұлттық сыйлыққа ұсынылғаны жайлы хабарсыз. Сыйлық талаптарына сай атымтай жомарт жандар мен қайырымдылық жасаған мекемелерді игі істеріне куә болған жандар ұсына алады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл «Алтын жүрек» сыйлығына 455 өтініш келіп түскен. Үміткерлердің қатарында есімі елге белгілі азаматтар мен қатар аядай ауылда жүріп үлкен іс тындырған қарапайым жандар да бар.
Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрына жиналған Алматылықтар мен қала қонақтары «Алтын жүрек» сыйлығының нағыз иегерлерін көзбен көруге асықты. Алматы қаласының әкімі бауыржан Байбек қоғамды ізгілікке шақыратын айтулы шараның ел өміріндегі маңызына тоқтала келіп, биылғы жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асып отырғанын тілге тиек етті.
– Алтын жүрек» ұлттық сыйлығы мыңдаған жүректерге мейірімнің нұрын құятын, қайырымды азаматтарды бір арнадан тоғыстыратын үлкен алаңға айналып келеді. Жыл өткен сайын жобаның ауқымы кеңейіп көптеген жақсылықтарға жол ашылуда. Бұл өз кезегінде, Тәуелсіз отанымыздың гүлденіп, қарыштап дамуына айтарлықтай үлес қосатын жоба деп түсінем. Айналаға қамқорлық жасау, қысылғанға қолдау таныту ежелден біздің қанымызда бар қастерлі қасиет. Осыдан ажырап қалмауымыз керек. Мұндай қайырымдылық шаралар еліміздің жан-жақты дамып, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне мол септігін тигізеді – дейді Бауыржан Байбек.
Конкурс нәтижесіне сәйкес өзінің 13 перзентіне қоса 12 жетім баланы бауырына басып аналық қамқорлық танытып отырған Екібастұз қаласының тұрғыны Екатерина Яценко, «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» иегері атанса, жас ұрпақтың болашағы үшін 216 балаға арналған заманға сай спорттық ойын залы бар №125 балабақшаны салып Алматы қаласының меншігіне берген Мұрат Әділханов «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында осы сыйлықтың иегері болды. «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» аталымында «Алтын жүрек» сыйлығы өзінің мүмкіндігі шектеулі бола тұра БЦП мен науқастанған мүгедек жандарға көмек ретінде арнайы вертикализаторлық- техникалық құрылғыны ойлап тапқан Оралдық Біржан Қожақовтың еншісіне бұйырды. Өзінің шағын кәсібін дөңгелетіп мүмкіндігі шектеулі 15 азаматты жұмыспен қамтып отырған Біржанның ерлігі дүйім жұртты тәнті етті. «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін» аталымында көпшілікке белгілі «Алматы марафон» спорттық іс-шарасына, «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» елімізде алғаш рет зейнеткерлерге арналған «Тегін тамақтану» жобасының негізін салушы Расима Темірбаеваға, «Жыл меценаты» аталымында жаны жомарт азамат Сергей Спицынге, «Ақпараттық қолдаушы» аталымында кәсіби мерекеге орай Елбасы тарапынан өзіне берілген 3 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйлығын сырқат балалардың ем-домына жұмсауды жөн көрген «Хабар» агенттігінің Нью-Иорк қаласындағы арнайы тілшісі Майра Әбдірахмановаға «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығы табысталды.
Ауыл тұрғындарына үй бөліп беріп туған ауылын құрылыс алаңына айналдырған Алматы облысының тұрғыны Темірлан Шайнүсіпов «Жылдың қайырымды адамы» деп танылса, «Жыл ұйымы» аталымында «Каспий Bank» ұжымы үздік деп танылды. «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін» медицина саласына үздіксіз қамқорлық жасап келе жатқан «28 петель» клубы, сондай-ақ, «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымында Виктория Шарбон мен Элизабет Турнок «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталды. Еске салсақ, бұл Американдық қос азаматша елімізге еріктілер сапында келіп Тараз қаласындағы «Қамқор жүрек» қоғамдық қорын құрып жалғызбасты аналар мен балаларға көп көмек көрсетіп келеді. «Жоғарыда аталған барлық аталымдар бойынша «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген азаматтардың әрбірі қайырымдылық қасиетті бойына сіңірген жандар» дейді шараны ұйымдастырушылар.
Салтанатты кеште еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрғали Нүсіпжан, Нағима Есқалиева, танымал өнер жұлдыздары Жамила Серкебаева, Бағлан Әбдірайымов, Арман Қоңырбаев, Аша Матай сондай-ақ «Ұлытау», «Алашұлы», «Меломен», топтары жиылған көпшілікті әнімен тербеді.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің бір сөзінде айтылғандай, «адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды». Ізгілікпен имандылықты көріп өскен адам ғана өзгенің қуанышына өзінікінен артық қуанып, қысылғанға қолдау танытады. Қолымызға түскен мәлімет бойынша соңғы бір жылға жуық уақыт ішінде ел аумағы бойынша 29,4 миллиард теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. Демеушілердің көмегінің арқасында 33 компьютерлік сыныптар мен 8 аурухана жабдықталған. Жағдайы төмен отбасынан шыққан 800-ге тарта жасөспірім мектепке қажетті құралдармен қамтылған. Ұлы отан соғысының 26 ардагерінің үйлеріне жөндеу жұмысы жүргізіліп, 500 тыл ардагері мен соғыс ардагеріне қаржылай қолдау көрсетілген. 16 спорт мектептері, 29 бала-бақша, 23 жалпы білім беретін мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілген. мүгедек балаларға арналған мамандандырылған 3 бала-бақша салынып, 10 мыңнан астам жетім балалар жазғы демалыстарында түрлі демалыс лагерлеріне баруға жолдама алған.
Осындай сауапты істердің айналасында жүрген әрбір жан қоғамға үлгі боларлық дара тұлғалар. Өйткені, жақсылық жасаудан адам кедейленбейді, кемелденеді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ