Сөзіміз дәлелді болу үшін үстіміздегі жылдың 2 қазанында жүргізілген арнайы операциясы барысында 24 жастағы Өзбекстан азаматы қолға түскендігін мысалға келтіре кетейік. Полиция қызметкерлері оның Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық сотының еліміз аумағынан шығару туралы шешімін орындамай, бір жылдан бері полиция қызметкерлерінен бой тасалап келгендігін анықтады. 2016 жылдың қарашасында Қазақстан аумағынан шығуы тиіс әлгі шетелдік азамат елімізде заңсыз тұрып келіпті. Оны Целиноград ауданы Қосшы поселкесінде қолға түсіру мүмкін болыпты. Қазір заңсыз тұрып келген шетелдік азаматтың үстінен ҚК 393-ші бабы (елден шығару шешімін орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Енді Өзбекстан азаматына 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылатын болады. Тағы бір фактіні келтіре кеткен жөн. Полиция қызметкерлері тұрғылықты жеріне тұрақты тіркелген Қырғызстан азаматының құжаттары қолдан жасатып алғандығын ашып берді. ҚК 394-бабы 1-тармағы бойынша (заңсыз миграция ұйымдастыру) қозғалған қылмыстық іс шеңберінде полиция аталған фактіні жан жақты саралауда.
Осылайша өңірде «Нелегал-2017», «Мигрант» және өзге де арнайы операциялар өткізіліп, заңсыз тұрып жатқан шетелдіктерді анықтау жалғасып келеді. Оның барысында арнайы рейдтер жасалып, жедел-іздестіру шаралары өткізілуде. Күшейтілген режімде тек миграциялық полиция ғана емес, сонымен бірге өзге де құрылымдардың қызметкерлері жұмылдырылуда. Мәселен, «Мигрант» арнайы операциясы барысында 400 тарта құқық қорғаушы құрылыс нысандарын, базар айналасы мен өзге де сауда нүктелерін қадағалады. Тіпті күн сайын 100 жедел топ жұмыс істеді десе де болады. Соның барысында жоғарыда атап өткеніміздей, тек екі тәулік ішінде 474 миграциялық заңды бұзу фактісі тіркелген. Соның ішінде тұрғылықты жеріне тұрақты тіркелмеген және жеке куәлігі жоқ 160 қазақстандық азамат және шетелдіктерді жұмысқа шақыртып алып арнайы тіркетпеген 40 азамат жауапкершілікке тартылып отыр.
Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану ісі бойынша 11 жұмыс беруші үстінен хаттама толтырылып, шетелдіктерді еліміз аумағынан шығару туралы 8 сот актісі күшіне енді. Бұдан басқа, миграциялық зағдылықты сақтамағаны үшін 260 шетелдік жауапкершілікке тартылса, сонымен бірге 55 шетелдіктің еліміз аумағында тұру мерзімі қысқартылды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері 4 алимент төлемеушіні және қарызы бар 3 азаматтың қай жерде жасырынып келгендіктерін анықтаған. Қалай дегенмен де арнайы операциялар өзінің тиімділігін дәлелдеп берді. Сондықтан да бұндай жедел-іздестіру және жедел-алдын алу операциялары жиі өткізіліп тұратын болады. Бұл өз кезегінде өңірдегі криминогендік жағдайдың тұрақты болуына және қылмыстың алдын алуға өзіндік оң ықпалын тигізетіні айтпаса да түсінікті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы