Қазақстан • 31 Қазан, 2017

«Қазақ сұлтандары» атты кітабы жарыққа шықты

1605 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оралдық тарихшы, Шыңғыс ханнан тарайтын қазақ хандары мен төрелер әулетін зерттеуші Арман Қиятұлының «Қазақ сұлтандары» атты кітабы жарыққа шықты. 

«Қазақ сұлтандары» атты кітабы жарыққа шықты

Бұған дейін «Абылай хан әулеті» (2013), «Барақ сұлтан әулеті» (2013), «Әбілмәмбет хан әулеті» (2015), «Досалы сұлтан Бұлқайырұлы» (2015), «Сәмеке хан әулеті» (2017) зерттеу еңбек-монографияларымен танымал ғалымның жаңа кітабында қазақ қоғамындағы сұлтандар институтының қалыптасуы, ыдырауы және күйреу кезеңдеріне шолу жасалған. «Сұлтан», «төре» сөздерінің этимологиясынан бас­тап қазақ билеушілері әулетінің геральдикалық белгілері, бала тәрбиесі, табыс көздері, негізгі ұстанымдары секілді көптеген мәселелер қамтылған зерттеудің танымдық мәні өте зор. Бұл еңбек ғалымның соңғы он жылдан аса уақыт бойғы ізденісінің нәтижесі.

«Ұлт тарихында сұлтандар-төрелер әулетінің орны бар екендігі ешқандай күмән тудырмаса керек. Қазақ хандығын қалыптастыру, сол негізде қазақ ұлтының ұюы ісінің жүргені, осы процестердің басы-қасында төрелер әулетінің жүргендігі дәлелдеуге мұқтаж емес ақиқат. Басқаша айтқанда, сұлтандар әулеті қандай құрметке де лайық. Арман Қият даярлаған зерттеу сондай құрметтің көрінісі», дейді осы еңбекке пікір жазған профессор Мәмбет Қойгелдиев.

Аталмыш еңбекке ҰҒА акаде­мигі Хангелді Әбжанов «Кітаптың құрылымынан-ақ зерттеушінің тақырыпқа үлкен даярлықпен кел­генін байқауға болады. Мұнда сұлтандар институтының пайда болғанынан күйрегенге дейінгі тағдыры, статистикалық келбеті, аумақтық орналасуы, саяси миссия­сы, этнографиялық болмыс-бітімі, педагогикалық ұстанымдары, т.б. мәселелер талданған. Ғылыми нәти­желерінің қолданбалық маңызы зор» деген баға беріпті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ