Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Диагноз – үкім емес немесе ем мен сенім

1525 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам баласы көп ретте оп-оңай-ақ таптаурын ойлардың құрбаны болып жатады. Бірақ сынаптай сырғыған уақыттың бір орнында тұрмайтыны тәрізді, өмір ағымы да соншалықты жылдам, сағат сайын, сәт сайын өзгеріске толы. Оба, тырысқақ тәрізді кеселдердің емі болмай, жаппай індеттен тұтас жұрт қырылып жататын ол күндер қазір келмеске кеткен. Тіпті қазір қатерлі ісікті басқа да созылмалы аурулардың қатарына жатқызатындай мүмкіндік бар, дейді маман дәрігерлер.

Диагноз – үкім емес немесе ем мен сенім

Астанада «Қатерлі өс­кін­дерді диагнос­тика­лау және емдеудегі заманауи тәсілдемелер» тақы­рыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­циядан осы оймен нық сенімде шық­тық. Астана қаласындағы Онк­о­логия орталығының 65 жылдық ме­рейтойына орайлас­тырып өткізген бұл басқосуға Ресей, Украина, Франция, Литва, Қырғызстанның жетекші ме­ди­циналық мекемелерінен мықты ма­мандар шоғыры жиналыпты. Ой бө­ліскен, тәжірибе алмасқан бірнеше ше­берлік сабақтар мен пленарлық оты­рысқа қатысқан уақытта дәрігер емес, қарапайым журналистің өзі бі­раз нәрсеге көзі ашылып, қаруланып қал­ғандай.

Профессор Раушан Рахым­жанова бүгінде әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігінің онкоаурулар ішінде алдыңғы орынға шығып отырғанын және оған шалдығушылардың жыл өткен сайын жасарып бара жатқанын айта келіп, алға қойылған бас­ты міндет  неғұрлым ертерек анықтау екеніне бас­ты маңыз берілетінін айтқан. Нау­қастың емделуімен қатар, әрі қа­райғы еш уайымсыз, күнделікті тір­шілігін жал­ғастырып, сапалы өмір сүруі­не алып келетін ең маңызды фактор ау­рудың неғұрлым тезірек анықталып, дұ­рыс диагнозы қойылуы дей келе, ол осы реттегі зерттеулерді ортаға салды.

Сәулелі диагно­стика маманы, профессор Ра­хым­жанова баяндамасынан аңдағандай, магнитті-резонансты томография мультиспиралды, 40 кесілімді компьютерлік томография, УДЗ, цифрлы мам­­­мо­граф, пантомограф, ан­гио­­граф­тарды қолдану диагнозды әлде­қай­да анық әрі жылдам қоюға жол ашқан. 

Медицина ғылымдарының док­торы, онколог ғалымдар арасында Ресейдің бренді десе артық емес Татьяна Семиглазова жас қыздар мен әйелдер ісікке шалдыққанда аналық безінің жұмысын уақытша тоқтатып, сол уақыт­та қажетті түрлі терапиядан өткі­зіп, сауыққан кезінде қайтадан іске қосу технология­сын ортаға салды. Мәсе­лен, бұрын бауырда метастаза бас­тал­са, бірден науқасқа химиятерапия қол­да­ну керек деген ұғым болатын.

Қазір бұл тұжырымдамаға өзгеріс еніп, гормонды терапиямен емдеу арқылы пациентке ауыр тиетін химиялық жолдан бас тартатын жағдайға жеттік деген Семиглазова сүт безінің қатерлі ісігіне операция жасағаннан соң әйел мүсінін сақтап қалудағы ем жолдарын да ғылыми негізге, зерттеуге сүйене, өте бір жанға жайлы көңіл-күйде айтып берді.

Астанадағы Онкология орта­лы­ғы­ның бас дәрігері Мұх­тар Төлеутаев науқас неғұрлым ке­шігіп қаралған сайын дәрігер қолынан келетін мүм­кін­діктің де шектеулі бола түсе­ті­ніне өкініш білдіреді. Расында да біздің қоғамда аурудың алдын алып, учаскелік дә­рі­гер скринингке шақырғанда мін­дет­сініп әзер барып, өз денсаулығы үшін емес, емдеу мекемесіне қажетті ста­тистикалық есепке керек әуре деп қа­райтын көзқарас жиі кездеседі. 

Бүгінде дәрігерлер алдында тұрған үлкен проблема – адамдардың ертерек қаралуы. Сонда ғана ұзағырақ өмір сүруіне кепілдік беруге болады. Тіпті қаралуға қорқып, әлдеқалай диагноз айтып қала ма деп емхананы айналып өтеді. 

Ең бастысы, адам өзін жіті бақылап, сәл ауытқу болса кү­дікпен қарап неғұрлым ерте қаралғаны жөн. Тіпті маңайын­дағы туысқандар бір-бірін бағып, неге тамақ ішуі кем, неге ұйқысы азайды, неге жүдеп барады деп күмәндануы тиіс. Созылмалы сырқаты бар жан жылына бір рет рентгеннен өтіп, қолы жетсе компьютерлік томография жасатуы керек. Өкпе рагы өлім көрсеткіші жөнінен елімізде бірінші орында тұр. Созылмалы ауруы бар жандардың өздеріне күдікпен қарап, уақыт тауып қаралғандары жөн. 

Мәселен, көптеген адамдарда папиллома бар. Бұл – де­неде бұрын болмаған еттің өсіп шығуы және папиломма теріде ғана емес ішкі органдарда, ішекте, асқазанда да, ауыз қуысы мен жыныс жолдарында да болуы мүмкін. Соны алып тастап, зерттеуден өткізу керек, әйтпесе бір қолайсыз сәтте ракқа айналып кетуі мүмкін. Тағы бір күнделікті кездесіп қалатын жайт, хеликобактериясы бар адамның қолы таза жуылмаса оны үйіндегі адамдарға тарату қаупі бар. Ол адамдарды гастрит, сасық кеңірдек сынды ауру­ларға алып келуі мүмкін. Соның барлығы түбінде обыр ауруына ұшырап қалудың ықтимал белгілері. Туысқандардың бейғам болмауы да диагнозды ерте қоюға әсерін тигізеді, дейді Мұхтар Төлеутаев.

Бүгінде тек Астана қала­сы бойынша 8900 адам онколо­гиялық науқас ретінде есепте тұрса, соның 200-і бала екен. 

Конферециядан соң Татьяна Семи­гла­зованы әңгімеге тарту­дың орайы келген. Әйелдердің сүт безінің қатер­лі ісігіне шал­дығуы әлеуметтік мәні бар ауру. Өкі­ніштісі, бұл дерт аяқ астынан келе қалып, барлығын астаң-кес­тен етуі мүмкін. Бірақ қазіргі ме­ди­цинаның мүмкіндігімен оны үкім ретінде қабылдауға әсте болмайды. Егер адам денесін шы­нықтырып, күніне 2 сағаттай таза ауада жүріп, уақытында 2-3 баласын дүниеге әкеліп, бө­бегін емізсе, бұл ауру айналып та өте­ді.

Шетелде осы аурумен ауырған жан­дар­дың дертке шалдығуының ықти­мал­дығын кемітетін технологиялар да бар. Негізінде аурудың бастапқы ке­­зең­­дерінде анықталуы өте маңызды. Тіп­ті омырауды алып тастағанның өзі бұрынғыдай емес, бүгінгі медицинада импланттар арқылы оны қалпына келтіру әдістері бар. 

Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша жыл сайын 12 мил­лионға жуық адам осы дертке шал­дығып, олардың 7 миллионға жуығы өмірмен қоштасады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылы онкоаурумен ауырып, қайтыс болу көрсеткіші екi есе ұлғаю мүмкіндігін де алға тартады. Сондықтан қатерлі ісікті бастапқы кезеңінде анықтау сіз бен біздің өміріміздің ұзаруының кепілі екенін есте ұстап, емханаға жиірек барып қаралғанымыз абзал.

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»