Осы орайда біздің әріптесіміз Назгүлім Ильясованың Кембридж бағдарламасының І деңгейімен сертификатталып, 2014-2015 оқу жылында жаңа бағдарламаны, ақпараттық технологияны өзі ғана қолданып қоймай, өзі жұмыс атқаратын «Бабай-Қорған» жалпы орта мектебі мұғалімдерінің жаңа көзқарас, серпінмен, ізденіспен жұмыс істеулеріне үлкен қозғау салып, үнемі ізденісте жүретін еңбекқорлығын айтқым келеді. Қандай істі де жаңадан бастау оңай емес.
Мектебімізде І деңгеймен сертификатталған мұғалім бастауыш сынып, өзін-өзі тану пәнінен Назгүлім Ильясова ғана. Оқу ісінің меңгерушісі Роза Ғайбуллаеваның ұсынысымен құрылған шығармашыл екі топ екі ауысымда Назгүлімнің әр аптадағы дүйсенбі, жұма күндері өтетін коучинг сабақтарын асыға күтеді. Іс-тәжірибелерін ортаға салады. Кембридждік әдісті дұрыс түсінбегендер оқушыларды екі топқа бөліп, тапсырманы беріп, өзіңіз қарап отыратын «оңай сабақ» деп түсінеді. Назгүлім мұғалімдерді осындай қателіктен сақтандырып, ұстаздың әрқашан шығармашыл ізденісте жүруіне, оқыту үшін нені қалай оқу керектігіне жалықпай, бағыт-бағдар беріп жүр.
Жаңа формация мұғалімі сөзін ісімен дәлелдеп, оқушыларды ғылыми жұмыстармен шұғылдандыруда жақсы табысқа жетіп келеді. «Оқушылардың функционалдығын дамыту жолдары» тақырыбындағы коучинг-сессиялары мұғалімдердің қызығушылығын тудырды. Назгүлім мектептегі іс-шаралардың сәнін кіргізетін бишілер тобының да жетекшісі. Оның «Жауқазын» би тобы қалалық сайыстардың бас жүлдесін ешкімге бермей келеді. Ол тек мектептің ғана емес, отбасының да жылуын сақтап отырған адал келін, асыл жар.
Жаңашыл ұстаздың тәжірибелерін ой елегінен өткізіп отырып, ойшыл Плутархтың «Көптеген табиғи керемет талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады», деген сөзі еске түседі. Осындайда Назгүлімдей ізденімпаз мұғалімдер көп болса екен деп ойлайсың.
«Дәстүрлі сабақтың кемшін тұстары – ұстаз оқу озаты 5-6 үздік оқушымен ғана жұмыс істеп, нәтижеге жеттім деп ойлайды. Ал жаңаша оқыту сабағыңызда іс-әрекет жасамаған оқушы болмайды және әр балада өз-өзіне деген сенімділік пайда болады. Сондықтан да мен бұл бағдарламаны мектептегі бүкіл мұғалімнің меңгергенін, оқушылардың өзгергенін, жақсы азамат болып өскенін қалаймын.
Елбасымыз «XXI ғасыр – білімділердің заманы» деді. Біз Мемлекет басшысы қойған талаптарға лайық болуымыз керек», дейді ол өз ойын түйіндеп.
Шамсулбанат АТАБАЛАЕВА,
«Бабай-Қорған» жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан облысы