Қазіргі таңда Қытайдан Еуропаға жүктерді теңіз арқылы тасымалдау құны арзан болумен қатар ұзақ уақыт алатыны белгілі (шамамен 30-40 күн). Ал аталған теміржол бағыты толығымен іске қосылғанда Азиядан Еуропаға шыққан жүк 10-15 күнде жететін болады.
Қазақстанды Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропамен байланыстыратын бағыт 2013 жылы «Жібек жел» атауымен Қазақстан тарапынан және ТМД-ның мүдделі мүше-мемлекеттерінің, сондай-ақ Қытай мен Еуропалық одақтың (ЕО) қолдауымен ұсынылған болатын.
ТРАСЕКА бағдарламасын (Еуропа-Кавказ-Азия көліктік дәлізі) қаржыландыратын ЕО бұл жобаға техникалық құжаттаманы дайындауға тиісті қолдау көрсетті.
Бұдан он жыл бұрын, 2007 жылдың 7 ақпан күні Грузия, Әзербайжан және Түркия «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желісін құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Шығыс-Батыс дәлізіне балама бағыт болып табылатын бұл жобаның 76 шақырымы Түркия аумағы арқылы, 29 шақырымы Грузиядан және 165 шақырымы Әзербайжаннан өтеді.
Жалпы алғанда 800 шақырымнан астам ұзындыққа ие БТК темір жол желісі Орталық Азия арқылы Қытай мен Еуропа арасында, сонымен қатар Иранға, Парсы шығанағы елдеріне, Пәкістанға және Үндістанға тұрақты тасымалдауға мүмкіндік береді.
Ахалкалаки станциясында кең дөңгелек жолтабанынан Еуропалық дөңгелек жолтабанына (1520 мм-ден 1435 мм-ге) ауыстыру бекеті салынып, алғашқы сынақ жұмыстары атқарылды. Грузиядағы құрылыс істерін Әзербайжан президентінің жарлығымен Мемлекеттік мұнай қоры тарапынан қаржыландырылғанын және жалпы сомасы 775 миллион АҚШ долларын құрайтын екі жеңілдікті несие берілгенін атап өту керек (2011 жылында бірінші транш – 575 миллион АҚШ доллары, 25 жыл мерзімді жылдық 5%, 2017 жылында екінші транш – 200 миллион АҚШ доллары, 20 жыл мерзімді жылдық 1%). Түркия аумағындағы жұмыстарын өз қаражатымен атқаруда.
Бастапқы жоспарға сәйкес пойыздар 2010 жылы жүруге тиіс еді. Түркия Республикасының Көлік және коммуникация министрі Ахмет Арсланның биылғы сәуір айындағы мәліметі бойынша, жолдың іске қосылу мерзімі қаржылық және саяси мәселелердің күрделілігіне байланысты өзгерді. Оның пікірінше, Түркиядағы кешігудің себебі – сот ісі. Тендерде ұтылған құрылыс компанияларының бірі сотқа беріп, ұзаққа созылған сот ісіне байланысты жұмыстар тоқтап қалған. Әзербайжан тарапы да кешігу себептерінің бірі ретінде 2012 жылы Грузиядағы саяси биліктің өзгеруіне қатысты саяси тұрақсыздықты көрсетуде.
Аймақтағы геостратегияны өзгерту әлеуетіне ие осы мега жобадан тараптар не күтуде?
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жария еткен «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жылдан жылға транзиттік әлеуетін арттырып келеді. Осылайша өңірдегі тартымды мемлекеттердің біріне айналып отыр. Қазақстан Қытайдан Еуропаға жүктерді жеткізу бағдарын әртараптандыруға мүдделі. Осы балама бағыттардың бірі – БТК жобасы.
Сонымен қатар Қытайдан Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға дейінгі бағыттар арасында келесі үшеуін көрсетуге болады: Ресей арқылы солтүстік бағыт; орталық бағыт – TRACECA дәлізі бойынша (Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Түркия – Еуропа); әзірше өзінің әлеуетіне жетпесе де – Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия – Еуропа бағыты. Астана осы бағыттар бойынша жүктерді сәтті тасымалдауға мүдделі деп айтуға болады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан маңызды нысандардың ішінде Құрық портындағы паромдық кешен және еліміздің оңтүстігінде Қазақстан – Қытай шекарасында бой көтерген және құрғақ порт деп аталатын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын атауға болады.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолы іске қосылғаннан кейін Қытайдан Қазақстан арқылы күтілетін жүк ағыны 300 мың TEU-ға (жиырма футтық эквиваленті) дейін өседі. Бүгінгі таңда 2017 жылдың бірінші жарты жылдығындағы жағдай бойынша Қазақстанның Транскаспийлік халықаралық көлік бағытымен (Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия) әрі қарай Еуропаға жететін темір жол арқылы 80,8 мың тонна жүк тасымалданды.
Әзербайжандық және грузиялық сарапшылардың пікірінше, бұл жоба оңтүстік Кавказдың теміржолдарын Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын аса ауқымды жобаның бір бөлігі. Сондай-ақ жоба аясында Карс-Нахичеван теміржол құрылысы жоспарланған. Болашақта жоғары жылдамдықты жобаларды іске асыра отырып, Баку – Тбилиси – Ахалкалаки – Карс жобасы Еуропа – Кавказ – Азия теміржол дәлізінің бөлігі болады деп күтілуде.
Грузия. Шын мәнінде, Грузия екі бәсекелес жобадан біреуін (Әзербайжан арқылы «Баку – Тбилиси – Карс» және Армения арқылы «Тбилиси – Гюмрю – Карс») таңдау жасауға мәжбүр болды деуге болады. Еуроодақ және АҚШ секілді сыртқы ықпалды саяси күштер бастапқыда бір ойдан шығып, шешім қабылдауды Грузияның өзіне қалдырған сияқты. Грузияның күрделі жағдайға тап болғаны анық, өйткені қай бір жобаны таңдаса да көршілерден біреуін «ренжітетіні» белгілі. Сонымен, Грузия саяси контексті назарға ала отырып, «Тбилиси – Гюмри – Карсқа» емес, екінші бағытқа тоқталды.
Әзербайжан транзиттік әлеуетін толық қолдану мақсатында жуырда Аляты (Бакуге жақын) елді мекенінде жаңа контейнер терминалын іске қосты. Елдің ресми органдарының болжамдары бойынша осы бағытта жүк тасымалдаудан қазыналарына жыл сайын кем дегенде 50 миллион АҚШ доллары түсіп тұрады.
Түркияның Көлік және коммуникация министрі Ахмет Арсланның мәліметіне қарағанда «Баку – Тбилиси – Карс» темір жолымен жылына 34-35 миллион тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік бар. «Бастапқы кезеңде БТК-да 1 миллион жолаушы мен 6,5 миллион тонна жүк тасымалданады», деген болатын А.Арслан. Түркия аумағында соңғы 10 жыл ішінде мега инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Босфор бұғазының астынан өтетін «Мармарай» темір жол жобасы іске қосылып, ел ішіндегі темір жол бағыттары күшейтілді.
«Баку – Тбилиси – Карс» жобасына тек қана гео-экономикалық жоба ретінде қосылып отырған Қазақстан үшін жаңа балама дәліздің пайда болғаны маңызды. Сонымен қатар бұл жобаның Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бастамасын және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «ХХІ ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» атты аймақтық стратегиялық жоспарларды қамти отырып, Жаңа Жібек жолы бойындағы елімізді жаңа белестерге шығаруға әлеуеті мол.
Асхат КЕСІКБАЕВ,
саясаттану ғылымдарының докторы