Қаржы • 01 Қараша, 2017

«Баку – Тбилиси – Карс» жоба­сы­: Қазақс­т­ан үшін жаңа балама дәліз

914 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жобасының негізгі құрыл­тай­шылары Әзербайжан, Грузия ж­ә­не Түркия болғанымен, бұл дәліз­дің әлемнің ең ірі өңірлерін бір-бірімен жалғайтыны мәлім. Сондықтан бұл дәліз Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие.

«Баку – Тбилиси – Карс» жоба­сы­: Қазақс­т­ан үшін жаңа балама дәліз

Қазіргі таңда Қытайдан Еуро­паға жүктерді теңіз арқылы тасы­мал­дау құны арзан болумен қатар ұзақ уақыт алатыны белгілі (шамамен 30-40 күн). Ал аталған теміржол бағыты толығымен іске қосылғанда Азиядан Еуропаға шыққан жүк 10-15 күнде жететін болады. 

Қазақстанды Каспий теңізі ар­қылы Әзербайжан, Грузия, Түр­кия және Еуропамен бай­ла­ныстыратын бағыт 2013 жылы «Жібек жел» атауымен Қазақстан тарапынан және ТМД-ның мүдделі мүше-мемлекеттерінің, сондай-ақ Қытай мен Еуропалық одақтың (ЕО) қолдауымен ұсынылған болатын.

ТРАСЕКА бағдарламасын (Еуропа-Кавказ-Азия көліктік дәлізі) қаржыландыратын ЕО бұл жо­баға техникалық құжаттаманы дай­ындауға тиісті қолдау көрсетті.

Бұдан он жыл бұрын, 2007 жыл­­д­ың 7 ақпан күні Грузия, Әзер­бай­жан және Түркия «Баку-Тби­ли­си-Карс» теміржол желісін құру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Шығыс-Батыс дәлізіне балама бағыт болып табылатын бұл жобаның 76 шақырымы Түркия аумағы арқылы, 29 шақырымы Грузиядан  және 165 шақырымы Әзербайжаннан өтеді.

Жалпы алғанда 800 шақы­рым­нан астам ұзындыққа ие БТК темір жол желісі Орталық Азия арқылы Қытай мен Еуропа арасында, со­нымен қатар Иранға, Парсы шы­ға­нағы елдеріне, Пәкістанға және Үн­дістанға тұрақты тасымалдауға мүмкіндік береді.

Ахалкалаки станциясында кең дөңгелек жолтабанынан Еуро­па­лық дөңгелек жолтабанына  (1520 мм-ден 1435 мм-ге) ауыстыру бе­кеті са­лынып, алғашқы сынақ жұмыс­та­ры атқарылды. Грузиядағы құ­рылыс істерін Әзербайжан пре­зидентінің жарлығымен Мем­ле­кеттік мұнай қоры тарапынан қар­жыландырылғанын және жал­пы сомасы 775 миллион АҚШ дол­ларын құрайтын екі жеңілдікті не­сие берілгенін атап өту керек (2011 жылында бірінші транш – 575 миллион АҚШ доллары, 25 жыл мерзімді жылдық 5%, 2017 жылында екінші транш – 200 миллион АҚШ доллары, 20 жыл мерзімді жылдық 1%). Түркия аумағындағы жұмыстарын өз қаражатымен атқаруда.

Бастапқы жоспарға сәйкес пойыздар 2010 жылы жүруге тиіс еді. Түркия Республикасының Кө­лік және коммуникация минис­трі Ахмет Арсланның биылғы сәу­ір айындағы мәліметі бойын­ша, жолдың іске қосылу мер­зімі қар­жылық және саяси мәсе­ле­лер­дің күрделілігіне байланыс­ты өзгерді. Оның пікірінше, Түр­киядағы кешігудің себебі – сот ісі. Тендерде ұтылған құрылыс ком­панияларының бірі сотқа бе­ріп, ұзаққа созылған сот ісіне бай­ланысты жұмыстар тоқтап қал­ған. Әзербайжан тарапы да ке­шігу себептерінің бірі ретінде 2012 жылы Грузиядағы саяси биліктің өзгеруіне қатысты саяси тұрақсыздықты көрсетуде.

Аймақтағы геостратегияны өз­герту әлеуетіне ие осы мега жоба­дан тараптар не күтуде?

Қазақстан Республикасының Пр­е­зиденті Н.Назарбаев жария ет­­кен «Нұрлы жол» бағдарламасы ар­қылы жылдан жылға транзиттік әлеу­етін арттырып келеді. Осы­лай­ша өңірдегі тартымды мем­ле­кеттердің біріне айналып отыр. Қазақстан Қытайдан Еуропаға жүк­терді жеткізу бағдарын әр­та­рап­­тандыруға мүдделі. Осы балама бағыттардың бірі – БТК жобасы.

Сонымен қатар Қытайдан Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға дейінгі бағыттар ара­сын­да келесі үшеуін көрсетуге болады: Ресей арқылы солтүстік бағыт; орта­лық бағыт – TRACECA дәлізі бой­ынша (Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Түркия – Еуропа); әзірше өзінің әлеуетіне жетпесе де – Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Түркия – Еуропа бағыты. Астана осы бағыттар бойынша жүктерді сәтті тасымалдауға  мүдделі деп айтуға болады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан маңызды нысандардың ішінде Құрық портындағы паромдық кешен және еліміздің оңтүстігінде Қазақстан – Қытай шекарасында бой көтерген жә­не құрғақ порт деп аталатын «Қор­ғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық аймағын атау­ға болады.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму мини­стр­­лігінің мәліметіне сәйкес, «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолы іске қосылғаннан кейін Қытайдан Қазақстан арқылы күтілетін жүк ағыны 300 мың TEU-ға (жиырма футтық эквиваленті) дейін өседі. Бүгінгі таңда 2017 жылдың бірін­ші жарты жылдығындағы жағ­дай бойынша Қазақстанның Тран­скас­пийлік халықаралық көлік ба­ғытымен (Қытай, Қазақстан, Әзер­байжан, Грузия және Түркия) әрі қарай Еуропаға жететін темір жол арқылы 80,8 мың тонна жүк тасымалданды. 

Әзербайжандық және грузи­ялық сарапшылардың пікірін­ше, бұл жоба оңтүстік Кавказдың темір­жолдарын Түркия арқылы Еуро­памен байланыстыратын аса ауқымды жобаның бір бөлігі. Сон­дай-ақ жоба аясында Карс-Нахи­чеван теміржол құрылысы жос­парланған. Болашақта жоғары жыл­дамдықты жобаларды іске асы­ра отырып, Баку – Тбилиси – Ахал­калаки – Карс жобасы Еуропа – Кавказ – Азия теміржол дәлізінің бө­лігі болады деп күтілуде.

Грузия. Шын мәнінде, Грузия екі бәсекелес жобадан біреуін (Әзербайжан арқылы «Баку – Тбилиси – Карс» және Армения ар­қылы «Тбилиси – Гюмрю – Карс») таң­дау жасауға мәжбүр болды деу­ге болады. Еуроодақ және АҚШ секілді сыртқы ықпалды саяси күштер бастапқыда бір ой­дан шығып, шешім қабылдауды Гру­зияның өзіне қалдырған сияқты. Гру­зияның күрделі жағдайға тап бол­ғаны анық, өйткені қай бір жо­баны таңдаса да көршілерден бір­еуін «ренжітетіні» белгілі. Сонымен, Грузия саяси контексті назарға ала отырып, «Тбилиси – Гюмри – Карсқа» емес, екінші бағытқа тоқталды.

Әзербайжан транзиттік әлеуетін толық қолдану мақсатында жуыр­да Аляты (Бакуге жақын) ел­ді мекенінде жаңа контейнер тер­миналын іске қосты.  Елдің рес­ми органдарының болжамдары бойынша осы бағытта жүк тасы­мал­даудан қазыналарына жыл сай­ын кем дегенде 50 миллион АҚШ доллары түсіп тұрады.

Түркияның Көлік және ком­му­никация министрі Ахмет Арс­ланның мәліметіне қарағанда «Баку – Тбилиси – Карс» темір жолымен жылына 34-35 миллион тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік бар. «Бастапқы кезеңде БТК-да 1 миллион жолаушы мен 6,5 миллион тон­на жүк тасымалданады», де­ген болатын А.Арслан. Түркия аумағында соңғы 10 жыл ішінде мега инфрақұрылымдық жобалар іск­е асырылды. Босфор бұғазының ас­тынан өтетін «Мармарай» темір жол жобасы іске қосылып, ел ішін­дегі темір жол бағыттары кү­шейтілді.

«Баку – Тбилиси – Карс» жоба­сы­на тек қана гео-эко­номикалық жо­ба ретінде қосылып отырған Қазақс­т­ан үшін жаңа балама дәліздің пай­да болғаны маңызды. Сонымен қа­тар бұл жобаның Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бастамасын және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» мен «ХХІ ғасырдағы Теңіз Жі­бек жолы» атты аймақтық ст­ра­тегиялық жос­пар­ларды қам­ти отырып, Жаңа Жібек жолы бойын­да­ғы елімізді жаңа белестерге шы­ғаруға әлеуеті мол.

 

Асхат КЕСІКБАЕВ,

саясаттану ғылымдарының докторы