Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Жаңа қадам – жарқын жол

701 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен 26 қазан күні қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойып, халқымыздың рухани кеңістігіне тарихи жол ашып берген болатын. 

 

Жаңа қадам – жарқын жол

Көптеген әлеументтанушы ға­лым­­дар мен қазақ руханияты үшін тер төгіп жүрген қайраткерлер Ел­ба­сы­ның жоғарыдағы шешімін құп­тап, бұл әрекетке «рухани төң­керіс» деп баға беруде. Өйткені қазақ қоғамына ғаламның шалқар көшінен қалуға болмайды. Латын әліпбиі мемлекетімізді жоғарыдағы шалқар көшке жалғайтын бұйда.

Бүгінгі таңда әлемде тәуелсіз өмір сүріп жатқан 220-ға тарта жеке мемлекет болса, оның 112-сі, яғни әлем халықтарының 60 па­йы­зы, 4,5 млрд адам латын әліп­­биін қолданады екен. Тіпті соң­ғы жылдары Қытай, Жапония сияқ­­ты дара елдердің өзі барлық жар­­нама агенттіктерінің ақпараттық стилін латынға ауыстырған. Бұл мәліметтерге қарап-ақ латын гра­фикасының дүниежүзілік маңызын аңғаруға болады.

 Қазір жоғарыдағы Елбасы қабылдаған латын әліпби нұсқа­сын жүзеге асырудың тетіктері әртүрлі деңгейлерде кең көлемде талқыланып жатыр. Соның бірі – кеше «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының ұйымдастыруымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында тілші-ғалымдардың қатысумен «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың басы» атты сарапшылар формуы өтті.

Басқосудың маңызы жайлы көпшілікті таныстырған «Қазақ­стан-2050» жалпыұлттық қозға­лысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев аталмыш жиын Мемле­кет басшысы қабылдаған латын әліпбиін қолдау мақсатында өтіп отырғанын, бұл мәселе қазірдің өзінде қоғамда қызу талқыланып жатқанын, тек соңғы бір апта көле­мінде әлеуметтік желілерде жаңа әліпбиге қатысты әртүрлі 500 мың­­нан астам пікір айтылға­нын, осы­ның өзі-ақ латын мәселесіне қо­ға­м­ның қаншалықты назар аударып отырғанына кепіл дегенді сана­ма­лап жеткізді.

Форумда алғашқы болып жаңа әліпбидің саяси-рухани маңызы жайлы пікір білдірген саясаттанушы Ерлан Сайыров «Әліпби өз­гер­ту – тәуелсіздіктен кейінгі аса ма­ңызды рухани-гуманитарлық қажет­тілік. Бұл өркениетке бастайтын қадам, яғни қазақ әлемі делдалсыз дүниежүзілік айналымға шы­ғуы­на жасалып отырған зор мүм­кін­дік. Сондай-ақ өздеріңіз бай­қап отыр­ғандай, әліпбиге байланыс­ты қоғам­дағы қозғалыс бүгін­гі таңда халқымыздың өз тағ­дырын өзі шешуге деген ұмтылысы. Бұл ұлттың тұтасуына бастайтын дұрыс қадам», деп өз сөзін түйіндеді.

Көптен бері осы бір саяси-ру­­ха­ни өзгерістің бел ортасын­да жүр­ген Ш.Шаяхметов атын­­дағы тіл­дерді дамытудың респуб­ли­ка­лық үйлестіру-әдістемелік ор­та­лығының директоры Ербол Ті­лешовтің дәлелді пікіріне құлақ түрсек, Елбасы қабылдаған дәйек­шелі нұсқада тұрған ешқандай қиындық жоқ, тіпті мұндағы 32 әріп-таңбаның 19-ы классикалық латын әліпбиімен сәйкес. Ендігі кезекте басы артық талқылауды тоқтатып, іске кірісуіміз керек. Ең алдымен жаңа әліпбиді оқытатын ұстаз-мамандар дайындау мәселесі тұр. Сонымен қатар жаңа әліпбидің лингвистикалық және техника­лық жағынан мүлтіксіз атқарылуын ж­е­тіл­дірілу қажет.

Осы орайда барлық жұмыс­ты атқарып шығудың салмағы  Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министр­лігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс коми­­тетіне түсері анық. Бұл істі орын­дауға жоғарыдағы ведомство­лар­дың дайындығы бар екен.

Басқасын айтпағанда, Ш.Шаях­метов атындағы тілдерді дамы­ту­дың республикалық үйлестіру-әдіс­темелік орталығының жетек­шілігімен тіл оқыту ісімен айналысатын өңірлерде 87 орталық болса, бұлардан басқа 300-ден астам жекеменшік тіл оқыту мекемелері бар, оған салалық министрліктер­дегі мемлекеттік тілді үйрету бө­лімдерін қосыңыз. Бұл үлкен кон­тингент. Бір Қазақстанды игеруге толық күші жетеді дейді сала мамандары.

Жиын барысында баяндама жасаған ғалымдардың айтуынша, тағы бір маңызды дүние – әріп ауыстырудың тілдік және тех­­­ни­калық сәйкестігін ғылы­ми негіз­де құрып алу қажеттігі. Нақ­ты­рақ айтқанда, жаңа латын графи­ка­сы қазақ тілінің дыбыстық жү­йе­сін бұзбай, бұрындары жасанды түрде енгізілген әріп-дыбыстан арылтуы тиіс. Екіншіден, кезінде халқымыздың қалауынсыз сырттан күштеп таңылған дыбыс-таңбалар кесірінен туындаған фонемалық сәйкессіздіктерден қазақ тілін тазалау қажет. Ең бастысы жаңа әліпби санамызды сілкінтіп, жадымызды жаңғыртып, рухани бодандықтан құтқарудың сара жолына бастауы керек.

Маңызды жиын кезінде сөз алған филология ғылымдары­ның док­торы Шерубай Құрманбай­ұлы жаңа әліпби дәл бүгінгі тілдік тұрғыдан бірізділікке түсе алмай, «қазақ тілді қазақ», «орыс тіл­ді қазақ» болып екіге бөлініп кет­­кен қазақ халқын «бір тіл, бір жазу» үлгісіне біріктірсе деген өзек­­жарды тілегін білдірсе Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ фило­ло­­гия факультеті қазақ тілі кафе­д­ра­­сының профессоры Бекжан Әбдуәлі­ұлы латын әліпбиі үстіміз­дегі ғасырда қаласақ та, қалама­сақ та әлем елдерінің ортақ құралы­на ай­­налып отырғанына, қазіргі Қазақ­­стан жағдайында Мемлекет бас­шысының шешімі болашақ үшін стра­тегиялық маңызы зор таңдау болғанын атап өтті.

«Әсіресе ағылшын тіліне негіз­делген ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан бүгінгі уақыт талап­тары алдағы күнге жаңаша дайын­дық­пен баруға еріксіз мәжбүрлейді. Ақпарат алмасуда латын жүйесі­не тікелей шығудың орнына кирилл арқылы араға таңба салып бару басы артық мәселе», деді тілші-ғалым.

Жиын барысында айтылған ресми мәліметтерге сенсек, Елбасы­ның тапсырмасымен қазақ қоғамын латын әліпбиіне көшірудің кезең­дік жоспарлары барлық мемле­кеттік құрылымдар бойынша жасалып жатыр екен. Жақын арада Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан осы істі жүзеге асыратын ұлттық комиссия іске кіріс­пек көрінеді. Осылай қазақ елін әлемдік өркениетке бас­тайтын жаңа қадамға жарқын жол ашылуда.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»