Көптеген әлеументтанушы ғалымдар мен қазақ руханияты үшін тер төгіп жүрген қайраткерлер Елбасының жоғарыдағы шешімін құптап, бұл әрекетке «рухани төңкеріс» деп баға беруде. Өйткені қазақ қоғамына ғаламның шалқар көшінен қалуға болмайды. Латын әліпбиі мемлекетімізді жоғарыдағы шалқар көшке жалғайтын бұйда.
Бүгінгі таңда әлемде тәуелсіз өмір сүріп жатқан 220-ға тарта жеке мемлекет болса, оның 112-сі, яғни әлем халықтарының 60 пайызы, 4,5 млрд адам латын әліпбиін қолданады екен. Тіпті соңғы жылдары Қытай, Жапония сияқты дара елдердің өзі барлық жарнама агенттіктерінің ақпараттық стилін латынға ауыстырған. Бұл мәліметтерге қарап-ақ латын графикасының дүниежүзілік маңызын аңғаруға болады.
Қазір жоғарыдағы Елбасы қабылдаған латын әліпби нұсқасын жүзеге асырудың тетіктері әртүрлі деңгейлерде кең көлемде талқыланып жатыр. Соның бірі – кеше «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының ұйымдастыруымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында тілші-ғалымдардың қатысумен «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың басы» атты сарапшылар формуы өтті.
Басқосудың маңызы жайлы көпшілікті таныстырған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев аталмыш жиын Мемлекет басшысы қабылдаған латын әліпбиін қолдау мақсатында өтіп отырғанын, бұл мәселе қазірдің өзінде қоғамда қызу талқыланып жатқанын, тек соңғы бір апта көлемінде әлеуметтік желілерде жаңа әліпбиге қатысты әртүрлі 500 мыңнан астам пікір айтылғанын, осының өзі-ақ латын мәселесіне қоғамның қаншалықты назар аударып отырғанына кепіл дегенді санамалап жеткізді.
Форумда алғашқы болып жаңа әліпбидің саяси-рухани маңызы жайлы пікір білдірген саясаттанушы Ерлан Сайыров «Әліпби өзгерту – тәуелсіздіктен кейінгі аса маңызды рухани-гуманитарлық қажеттілік. Бұл өркениетке бастайтын қадам, яғни қазақ әлемі делдалсыз дүниежүзілік айналымға шығуына жасалып отырған зор мүмкіндік. Сондай-ақ өздеріңіз байқап отырғандай, әліпбиге байланысты қоғамдағы қозғалыс бүгінгі таңда халқымыздың өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылысы. Бұл ұлттың тұтасуына бастайтын дұрыс қадам», деп өз сөзін түйіндеді.
Көптен бері осы бір саяси-рухани өзгерістің бел ортасында жүрген Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовтің дәлелді пікіріне құлақ түрсек, Елбасы қабылдаған дәйекшелі нұсқада тұрған ешқандай қиындық жоқ, тіпті мұндағы 32 әріп-таңбаның 19-ы классикалық латын әліпбиімен сәйкес. Ендігі кезекте басы артық талқылауды тоқтатып, іске кірісуіміз керек. Ең алдымен жаңа әліпбиді оқытатын ұстаз-мамандар дайындау мәселесі тұр. Сонымен қатар жаңа әліпбидің лингвистикалық және техникалық жағынан мүлтіксіз атқарылуын жетілдірілу қажет.
Осы орайда барлық жұмысты атқарып шығудың салмағы Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне түсері анық. Бұл істі орындауға жоғарыдағы ведомстволардың дайындығы бар екен.
Басқасын айтпағанда, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының жетекшілігімен тіл оқыту ісімен айналысатын өңірлерде 87 орталық болса, бұлардан басқа 300-ден астам жекеменшік тіл оқыту мекемелері бар, оған салалық министрліктердегі мемлекеттік тілді үйрету бөлімдерін қосыңыз. Бұл үлкен контингент. Бір Қазақстанды игеруге толық күші жетеді дейді сала мамандары.
Жиын барысында баяндама жасаған ғалымдардың айтуынша, тағы бір маңызды дүние – әріп ауыстырудың тілдік және техникалық сәйкестігін ғылыми негізде құрып алу қажеттігі. Нақтырақ айтқанда, жаңа латын графикасы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін бұзбай, бұрындары жасанды түрде енгізілген әріп-дыбыстан арылтуы тиіс. Екіншіден, кезінде халқымыздың қалауынсыз сырттан күштеп таңылған дыбыс-таңбалар кесірінен туындаған фонемалық сәйкессіздіктерден қазақ тілін тазалау қажет. Ең бастысы жаңа әліпби санамызды сілкінтіп, жадымызды жаңғыртып, рухани бодандықтан құтқарудың сара жолына бастауы керек.
Маңызды жиын кезінде сөз алған филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы жаңа әліпби дәл бүгінгі тілдік тұрғыдан бірізділікке түсе алмай, «қазақ тілді қазақ», «орыс тілді қазақ» болып екіге бөлініп кеткен қазақ халқын «бір тіл, бір жазу» үлгісіне біріктірсе деген өзекжарды тілегін білдірсе Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультеті қазақ тілі кафедрасының профессоры Бекжан Әбдуәліұлы латын әліпбиі үстіміздегі ғасырда қаласақ та, қаламасақ та әлем елдерінің ортақ құралына айналып отырғанына, қазіргі Қазақстан жағдайында Мемлекет басшысының шешімі болашақ үшін стратегиялық маңызы зор таңдау болғанын атап өтті.
«Әсіресе ағылшын тіліне негізделген ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан бүгінгі уақыт талаптары алдағы күнге жаңаша дайындықпен баруға еріксіз мәжбүрлейді. Ақпарат алмасуда латын жүйесіне тікелей шығудың орнына кирилл арқылы араға таңба салып бару басы артық мәселе», деді тілші-ғалым.
Жиын барысында айтылған ресми мәліметтерге сенсек, Елбасының тапсырмасымен қазақ қоғамын латын әліпбиіне көшірудің кезеңдік жоспарлары барлық мемлекеттік құрылымдар бойынша жасалып жатыр екен. Жақын арада Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан осы істі жүзеге асыратын ұлттық комиссия іске кіріспек көрінеді. Осылай қазақ елін әлемдік өркениетке бастайтын жаңа қадамға жарқын жол ашылуда.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»