Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Бүлдіршіндердің ойын алаңы – сыйлықтың төресі

1364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бала ойынмен өседі. Қалалық жерлерде бала ойнайтын алаң салу да қаржыға келетін іс. Еуразиялық топ (ERG) пен Қос­танай облысы әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік маңызды жо­баларды іске асыру туралы ме­морандум шеңберінде Октябрь кенті­нің жас тұрғындары, сон­дай-ақ осы кентте тұратын Еура­­зиялық топ құрамындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ филиа­лы – Краснооктябрь боксит кен басқармасы кеншілерінің балаларына жаңа ойын алаңы жаб­дықталды.

 

Бүлдіршіндердің  ойын алаңы –  сыйлықтың төресі

 Жобаны іске асыруға 3 млн теңге жұмсалды. Кент саябағында әртүрлі спорт құрылғылары, әткеншектер, сырғанағы мен құмсалғышы бар заманауи балалар ойын алаңы орнатылды. 324 шаршы метрді алып жатқан жаңа ойын алаңы айналасы бірнеше күнде бой көтеріп, ескі саябақ жаңа реңде түрленіп кетті. Жаңа ойын алаңын жастар мен үлкендер көріп үлгерді. 

– Балаларымыз үшін өте қуаныш­тымыз, – деді кент тұрғыны Ольга Ракита. – Бүлдіршіндердің жүзінен де қуанышты көрдік. Оларға арнап тама­ша сый жасағандарға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Ойын баласы таза ауада көбірек уақыт өткізері сөзсіз. 

Бұл «Туған жер – Родные города» бағдарламасы арқасында кентте пайда болған екінші ойын алаңы. Екі жыл бұрын Целинная көшесінде бірінші ойын алаңы орнатылған болатын. Жобаны іске асыруға 2,3 млн теңге бөлінген еді. 

Сонымен қатар биыл меморандумға сәйкес бағдарлама аясында Лисаков техникалық колледжіне арнайы жабдық – LCD панелі мен плоттері сатып алынды. Бұл кен басқармасы үшін мамандар даярлайтын қаладағы жалғыз арнайы орта оқу орны болып табылады. Оқу жылы басынан-ақ колледж-
ге жеткізілген жабдықты педагогтар сынақтан өткізіп, сабақта пайдаланып жатыр. 

– ERG-дің «Туған жер – Родные города» ауқымды корпоративтік бағдарламасы аясында шағын ауылдар мен қалалар тұрғындарының, сондай-ақ кентте тұратын біздің еңбеккерлердің әлеуметтік мәселелері мен өтініш-тілектері шешімін табуда, – дейді Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры Сергей Щелоков. – Компания күнделікті өнді­рістік мәселелерді ғана ойламай, жер­гілікті жердегі әлеуметтік мәсе­ле­лерді шешуге де атсалысады. 

Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG) пен Қостанай облысы әкімдігі ара­сында 2017-2018 жылдарда әлеу­меттік маңызды жобаларды іске асы­­руға бағытталған өзара ынты­мақ­тастық туралы меморандум шең­бе­­рінде өңірді көркейтуге 8 млрд теңге жұмсалады. Осы қаражаттың бір бөлігі Лисаков қаласы мен Октябрь кентіндегі игілікті істерге жұмсалған. Атап айтқанда, үйлердің ауласын абаттандыру, су құбыры торабын, ағын суды биологиялық тазарту стансасын жаңарту, Октябрь кентінде жылыту торабын жөндеу мен газ қазандығы құрылысын жүргізу осы қаржының арқасында мүмкін болады. сондай-ақ электркардиограф сатып алу жоспарда бар. 

Соңғы үш жылда Октябрь кентінде сомасы 12,8 млн теңге болатын жасанды газоны бар шағын футбол алаңы салынды, әрқайсысының құны 1,5 млн теңге тұратын заманауи үш автобус аялдамасы орнатылды. Лисаков қаласындағы 7-ші шағын ауданда құны 11 млн теңге тұратын спорт алаңы қалалықтардың қуанышына айналды. 
 

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, 
Лисаков қаласы