«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы еліміз бойынша «Халық дауысы» атты арнайы шара өткізіп жатқаны белгілі. Қазан айының 10-ы күні бастау алған бұл шараға облыс жұртшылығы да белсене атсалысуда. Аудан-ауылдарды айтпағанның өзінде, бір ғана облыс орталығы тұрғындары ұсыныстар қабылдайтын арнайы жәшіктер арқылы үш мыңнан астам өтініш-тілектер түсірген. Яғни, жұрттың көкейінде өздерін толғандыратын мәселелер, ұсыныс-тілектер аз емес деген сөз.
Ал жалпы, бұл шараның ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтуі де маңызды. Өйткені, бүгінде еліміз даму жолына нық түсті. Олай болса, билеуші саяси партия да жаңа басымдықтарды бағындыруы, тың бастамаларды қолға алуы тиіс. Олар әрбір қазақстандықтың ой-пікірі, ұсынысы арқылы пайымдалмақ. Қазір осы шараға орай, облыс орталығында 40-қа жуық бөлімше жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы ірі сауда орталықтары мен кәсіпорындарда, түрлі дәрежедегі оқу орындарында, жалпы адамдар қарасы көп шоғырланған орындарда орналасқан.
Сондай-ақ, шараға партияның бастауыш ұйымдары белсене қатысуда. Қолдау шаралары да өтуде. Облыс орталығындағы «Достық үйінде» этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы жанынан құрылған бастауыш партия ұйымы мүшелері республикалық шараның маңыздылығын сөз етіп, ұсыныстарын ортаға салды. Олар «Халық дауысы» елдегі саяси-әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға жол ашып, билік пен халық арасында өзара ортақ түсіністік орнатады деген пікірде.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.