2010 жылғы 17 тамызда «Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығымен Бас прокуратураға көлік прокуратурасы жүйесін оңтайландыру, яғни үш аймақтық прокуратурасын біріктіру (Оңтүстік Шығыс, Батыс және Орталық) тапсырылған еді. Көлік жүйесі басқармасын біртұтас мемлекеттік жүйеге топтастыру Бас көлік прокуратурасына тұтастай алғанда орталықтандырылған кешенді көлік объектілеріндегі заңдылық жағдайына толық бақылау жасауға мүмкіндік берді. Бүгінде Бас көлік прокуратурасының қарамағында ел аумағында орналасқан 24 аудандық көлік прокуратурасы бар.
Көлік прокурорлары (темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су көлігі, әуе, қалалық электр және метрополитен, сондай-ақ магистралды құбырлы өткізгіштерде) көліктерде заңнаманың бірегей қолданылуына қадағалау жасайды, сонымен қатар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың шаруашылық субъектілерінің (меншік нысанына қарамай) көлік саласымен байланысты қызметіне бақылау жүргізеді. Бас көлік прокуратурасы жұмысының басым бағыттарының бірі – көлік нысандарында заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекет пен қоғам мүддесін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, кәсіпкерлікті қорғау болып табылады.
Құрылған кезеңнен бастап біршама нәтижелерге қол жеткіздік десек артық айтқандық емес. Мысалы, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 26 мыңнан астам азаматтардың конституциялық құқығы қорғалды, 1213 заңсыз актілер бұзылды, 2182 тұлға әкімшілік жазаға тартылды. 2 млрд. 440 млн. теңге өндіріліп алынды, оның ішінде 823 млн. теңге мемлекет пайдасына өндірілді.
Соңғы кездері дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, көбінесе ұшақтар, вокзалдар терроршылардың басты шабуыл объектілері болып отыр. Осыларды ескере келе, кейінгі кезде әуежайлар мен вокзалдарға шабуыл жасау фактілерін болдырмау мәселелеріне талдама жасалды. Терроризм және діни экстремизмге қарсы әрекет жасау мәселесі де таяуда болып өткен Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде тыңдалып, бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды. Террорлық актілерден басқа да қауіптер баршылық. Мәселен, әртүрлі көліктерде жиі кездесетін тосын оқиғалар салдарынан жыл сайын мемлекеттің адам ресурстарына, экономикаға үлкен шығындар әкелуде. Осындай жағдайлардың алдын алу да Бас көлік прокуратурасының басты назарында.
Жыл сайын прокурорлар темір жол және басқа көлік түрлерінде көптеген заң бұзушылықтарды анықтайды. Тек ағымдағы жылы қадағалау тексеріс қорытындысына сәйкес 114 локомотивті, 2,5 мың жолаушылар және жүк вагондарын, 130 арнайы қозғалыс техникасын пайдалану тоқтатылды. Жекелеген темір жол учаскелерінде жылдамдық азайтылды.
Басты проблемалардың бірі – бұл темір жолда қолданылатын техникалардың ескіргендігі және оған көрсетілетін техникалық жөндеу сапасының нашарлауы, сондай-ақ осы мәселелерді реттеп айқындайтын нормативтік-құқықтық базаның болмауы. Жоғарыда айтып өткендей, темір жолда пайдаланылатын техникалардың 70 пайызы жарамсыз күйге жетті. Соның нәтижесінде биылғы жылы 123 қозғалыс құрамының темір жолдан шығып кету, оның ішінде 60 вагонның келу жолдарында, 4 вагонның стансалық жолдарында, 49 вагон магистралді жолда, сондай-ақ 10 локомотивтің жолдан шығып кету фактілері тіркелді. Биылғы жылы қозғалыс құрамының жолдан шығып кетуі біршама азайды.
Ал енді азаматтық авиация саласына келетін болсақ, онда авиа оқиғалардың саны өте жоғары деңгейде қалып отыр. Әуе кемелерін, әуежайларды, тікұшақтар мен олардың ұшу-қону алаңдарын сертификаттау кезінде заң бұзушылықтарға жол беріліп, осы салада мемлекеттік реттеу толықтай қамтамасыз етілмейді. Құбырлы өткізгіштерде де осындай келеңсіздіктерге жол берілетіндігі анықталды. Осы жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан «Интергаз Центральная Азия» АҚ газ құбырында жарылыс болып, соның нәтижесінде машинист қаза тапты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексерілу үстінде. Егер бұл жерде қателік адам тарапынан болса да пайдаланылып отырған құбырдың ескіргендігін де атап өту қажет. Жекелеген учаскелердегі құбырлы өткізгіштер 60 жылдан асып кеткен, бұл пайдалану мерзімнің баяғыда өткендігін байқатады.
Жыл сайын көлік инфрақұрылымын жетілдіріп жаңартуға мемлекет тарапынан қаржы аз бөлініп отырған жоқ, алайда осындай келеңсіздіктер бүгін ғана туындаған жоқ ол ондаған жылдар бойы қордаланған мәселе. Оны тексерістер нәтижесі дәлелдеп отыр. Бір ғана мысал келтіруге болады. Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары «ҚТЖ» ҰК» АҚ лауазымды тұлғалары мен «Үркен ЛТД» ЖШС басшыларының жолдың жоғарғы қабатын жөндеуге бөлінген мемлекеттің 900 млн. теңгеден астам қаржысын жымқырып қалу фактісін анықтады. Басқа да мысал. Көлік және коммуникация министрлігінің жолаушыларды тасымалдау ұйымдары қызметі бюджеттен бөлінетін субсидия қаражаты бағасын қасақана көтеру арқылы мемлекетке 164 млн. теңге шығын келтірген. Анықталған заң бұзулар бойынша прокуратура тарапынан шаралар қолданылды.
Көлік прокурорларының маңызды мәселелерінің бірі бұл азаматтардың конституциялық құқықтары мен көлік қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады. Көліктегі әлеуметтік проблемаларға ұдайы көңіл бөлініп, көлік қызметкерлерінің еңбекақысының уақтылы және толық төленуі басты назарда. Қадағалау актілері бойынша 24 мың қызметкерге жалпы сомасы 1,4 млрд. теңге еңбекақы төленді. Көлік саласы қызметкерлерінің 26 өндірістік жарақат алу фактісі анықталды, олар кезінде тексерілмеген және есепке алынбаған.
Проблемалық мәселенің бірі бұл вокзалдардың техникалық жағдайы мен оны жарақтандыру болып отыр. Елдегі 160 вокзалдың техникалық жағдайы сын көтермейді, олардың 32-сі апатты жағдайда. Тексеріс барысында билетсіз жолаушылар тасымалдау және ақы төленбеген жүктер тасымалдау фактілері жиі ұшырасады, жолаушылар вагондарын санитарлық-гигиеналық талапқа сай еместігін біле тұра пайдалану фактісі, сонымен қатар өртке қарсы нормаларды сақтамау жағдайлары анықталды.
Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы 100 ұсыныс енгізіліп, 180 тұлға жауапкершілікке тартылды, 4 ұсыныс орындалды, Үкіметке осындай заң бұзушылықтардың себептері мен оларды туындататын жағдайлардың алдын алу шараларын қарастыру қажеттілігі туралы жинақталған ұсыныстар әзірленуде.
Ыбырай ТІЛЕУҒАЛЕЕВ, Бас көлік прокуроры.