Руханият • 02 Қараша, 2017

Ташкенттегі асыл қазына

1719 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1974 жылдың көктемінде халық суретшісі Орал Таңсықбаев Нөкіске іс-сапарға баратын болып, қол жүгін көтеріп аулаға шыққанда есік алдында жүгіріп жүрген иті аяғына оратылып, қыңсылап, иесін жібергісі келмей, көшедегі машинаға қарап үре беріпті. 
 

Ташкенттегі асыл қазына

Кеңпейілді, үлкен жүректі, мейірбан суреткер оның басынан сипап, еркелетіп: «Оу, мен о жаққа біржола кетіп бара жатқан жоқпын ғой! Біраз күннен кейін қайтып келем», деп жымияды.

Бірақ... Көп ұзамай, Нөкіс сапарында жүрген ұлы суретшінің кенеттен жүрек талмасынан қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетеді. 

Сол күннен бастап суретшінің иті бұрынғыдай еркелеп, есік алдына келген қонақтардың алдынан жүгіріп шықпайды. Көбіне-көп үйшігінде бұйығып жатады да қояды. Сөйтіп арада біраз күн өткенде ол да көз жұмады...

***
Міне, біз ұлы суретші Орал Таңсы­қ­баев­тың Ташкенттегі музей-үйіне келіп тұрмыз. 

Қабырғадағы ақ нүктені басуымыз мұң екен, есік ашылып, әдеміше келген қа­раторы жігіт – мұражай қызметкері Нодирбек күлімсіреп қарсы алды. Табал­дырықтан аттап, шағын аулаға аяқ бастық.

«Жазда келсеңіздер мұнда әртүрлі рау­шан гүлдері, әдемі фиалкалар мен гли­циниялар өсіп тұрады», деді Нодир­бек жапырағы сарғайып, саудырап тө­гіліп жатқан күзгі бақты көрсетіп. 

Мұражайдың бірінші қабатындағы үлкен бөлмеге біраз картиналар жыл­на­ма­лық рет бойынша ілініпті. Ол жерден суретшінің 1935 жылдан бастап, 1973 жылға дейінгі аралықта жазған туындыларынан іріктеліп алынған «Жұмыстан қайтқанда» (1944 ж.), «Алматыдағы қыс» (1949 ж.), «Туған жер» (1951 ж.), «Таудағы күз» (1954 ж.), «Ымырт. Таудағы ауыл» (1962 ж.), «Әнім менің» (1972 ж.) тағы басқа картиналарын көруге болады. Сондай-ақ бұл бөлмеге оның мольберті, үстелі, әлемдегі әртүрлі елдердің мұражайларына өтіп кеткен әйгілі туындыларының репродукциялары, мемлекеттік наградалары мен басқа да құжаттары қойылған. 

Ал оң жақтағы есікті ашсаңыз – қонақ бөлмеге кіресіз. Ол суретшінің көзі тірісінде қандай болса, бүгін де дәл солай сақталған. Мұнда жылы жүзді, қонақжай отағасы өзін алыс-жа­қын­нан іздеп келген меймандарды қабылдаған. Олардың дені әрине, көр­некті суретшілер, мүсіншілер, өнер­танушылар, жазушылар, музыка зерт­теушілері болғаны анық. Әсіресе ұлт­тық бейнелеу өнеріміздің биік жұл­дызы Әбілхан Қастеев пен Орал Таң­сықбаевтың құшағы айқасып, арқа-жарқа боп күліп отырған суреті ерек­ше есте қалады. Қонақ бөлменің қабырғасына суретшінің натюрморттары, шағын этюдтері, фотосуреті ілініпті. Төрдегі «Гүлдер» деп аталатын натюрморт ә дегеннен-ақ көзді арбайды. Япыр-ай, неткен сұлулық десеңізші! Алуан түрлі гүлдерден құралған мынау таңғажайып үндестікке қайран қалып, таңдай қаққаннан басқа шараңыз жоқ. Мұндай сұлу бояулардың әсерін тілмен айтып жеткізу тіпті мүмкін емес.

Бір қызығы, осы бір тамаша на­тюрморт­ты суретші 1949 жылдың 9 ма­мырында, яғни жеңіс мерекесі күні бар-жоғы екі-ақ сағатта салып бітір­ген деседі. Кім білсін, суретші қыл­қа­ла­мына ақ періште келіп қонған сондай бір ғажайып сәттің болғаны рас та шығар.

Екінші қабатта – суретшінің ша­ғын кабинеті мен жатын бөлмесі. Мұн­дағы кабинетінде ол оңаша отырып­, бо­лашақ картиналарының нобайын жасағанды, этюдтер жазғанды ұна­тады екен. Жалпы мұражайды түгел ара­лап, мұқият көріп шыққан кісі мұн­дағы заттардың ерекше бір нәзік тал­ғаммен, кез келген уақытта тұтынуға ыңғайлы тәртіппен орналасқандығын бірден аңғартады. Бұл сірә, суреткердің жұбайы Елизавета Яковлевнаның еңбегі, өзіндік қолтаңбасы болса керек.

Ол кісі Орал Таңсықбаевтың қырық жасында қосылған екінші қосағы екен. Тумысынан ақ көңіл, сезімтал, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын аяу­лы жар болған деседі. Суреткерді із­деп барған жандарды әрдайым жылы қа­бақ­пен қарсы алған екен. Әсіресе Қазақстаннан келетін қонақтарға деген ықылас-пейілі ерекше болыпты.

Мынау дүниедегі көрер жарығы таусылып, мәңгілікке көзі жұмылар сәтте: «Мен ұлы суретшінің әйелі болғанмен, затым қарапайым ғана әйелмін ғой. Сондықтан, оның мұражайына менің ескерткішімді қоямын деп ешқашан да әуре болмаңдар», – деген бір ауыз жүрекжарды лебізінің өзі неге тұрады десеңізші. 

Әйтсе де, уақыт өте келе суретшінің ту­ған-туысқандары, достары, әріптес­те­рі осынау аяулы жанның бір бюстін жасатып, мұражайға қоюды ұйғарыпты.

– Себебі Елизавета Яковлевнаның суретші мұрасын жинап, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыру жолын­да­ғы еңбегі зор, – дейді мұражай қызмет­кер­лері. 

– Әуелде бұл үйді суретшінің мұ­ра­жайына айналдыру қажет деп бас­тама көтерген де сол кісі. Сондықтан да, жақсы апамыздың жарқын бейнесін есте қалдыру біздің парызымыз еді. Бір қызығы, Елизавета Яковлевнаның тас бюсті алғашқы кезде қайта-қайта сынып қала беретін... Сонда оның аруағы әлі де қарсы болып жатқанын сездік. Бірақ  рухынан кешірім сұрап, бюсті қайта жасатумен болдық.

Жалпы ұлы суретшінің мұражайына байланысты айтылатын қызық әңгі­ме­лер көп-ақ. Солардың бірі – алыстан келген шетелдік қонақтың «Өзбекстандағы наурыз айы» атты картинаға қалай ғашық болғаны туралы.

Алғаш мұражайға келген күні ол әлгі картинадан көз алмай, ұза-а-ақ қарап тұрады. Келесі күні қайта келіп, бірден өзіне ұнаған картинаның алдына барады... Тағы да бірнеше сағат бойы тапжылмай қарайды. Сонсоң және келеді... Сөйтіп мұражайға күн сай­ын келуді әдетке айналдырады. Мы­на картина оның басын айналдырып, құдды бір, сиқырлап алған тәрізді. Өз­ге дүниені ұмытып, ендігі қалған өмі­рін осында өткізуге бел байлаған ба дерсің... 

Мұражай қызметкерлері осынау оқиғаны еске алғанда еріксіз езу тартып: «Біз ақыры, оған суретшінің бір альбомын сыйға тартуға мәжбүр бол­дық. Ол альбомнан өзі ғашық болған туын­дыны көргенде, қатты қуанды», дейді.

Аталмыш картина – «Өзбекстандағы наурыз айы», 1958 жылы жазылған дүние. Онда беткейге шығып, ерте көктемдегі жаңа тебіндеп келе жатқан жап-жасыл көктің үстіне жайғасып алып, ана-а-ау төмендегі алқоңыр түсті арнаға көз тігіп, тесіле қарап отырған екі жастың суреті бейнеленген. 

Иә, Орал Таңсықбаев картина­ла­рын­дағы тау мен дала, өзен мен көл, бау-бақша мен көгорай шалғын ерекше бір сиқырлы дүние екені анық. Мынау ғажап әлемнің кенеп бетіне қона кеткен мәңгілік бір мезеті іспетті. Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов ағамыздың сөзімен айтқанда: «...Орталық Азия мен Қазақстанда онымен тайталасатын табиғат жыршысы кем де кем. Ол – өз халқының ой-арманынан, аңсарынан туған тұлға». Әрине мұндай әділ бағаны суреткерге тек суреткер ғана бере алады.

Суретші үйінің артқы жағында бұрын кішігірім бау-бақша болған екен. Отағасы онда ағаштың, жеміс-жидек пен гүлдердің сирек кездесетін түрлерін өсі­­руге өте құмар болыпты. Бүгінде со­л­ар­дан қалған бір түп таңсық ағаш – үй жанындағы үйеңкі-пирамида.

Ал баяғы бау-бақшаның орнында қазір екі қабатты көрме залы бой көтерген. Мұнда да суретшінің жүздеген картинасы ілініпті. Терезелері үлкен, ат шаптырымдай кең залдағы осынау сұлулықты мейірің қанғанша көріп, көңіліңе тоқу үшін бір күн тұрмақ, мың күннің де аз болып көрінері хақ.

Әттең, «Ертең тағы келерміз» деп, үй­ге тоқкөңілмен қайтатындай, ол біз­дің Алматыдағы өнер мұражайы емес. Өкінішке қарай бүгін кешкісін екі ел арасындағы шекарадан өтіп, Шым­кентке жетіп алуымыз керек. 
***
Түркі халықтарының тарихында Ташкенттің өте маңызды қала болғаны рас. Алтын Орда қағанаты ыдырағаннан кейін оның билігі біресе қазақтардың, біресе өзбектердің қолына алма-кезек көшіп отырғаны баршаға аян.

Қылқалам шебері, әлемдік шедевр­лер­дің авторы, ұлы суреткер Орал Таңсықбаев осы қалада, Салар өзенінің жағасындағы қараша үйде – қазақ отбасында дүниеге келген. Сондықтан да, оның бүкіл саналы ғұмыры Ташкентте өтті. Кенебі мен қылқаламын, бояуы мен мольбертін алып, Орталық Азияны тынбай аралап, табиғаттың таң-тамаша сәттерін сиқырлы бояулармен кенепке түсіріп, мәңгілік өнер туындыларын жасады. Әріптестерінің арасында Тау мен дала жыршысы атанды. Өз картиналарында адам мен табиғат арасындағы нәзік, тылсым үндестікті бейнеледі.
Кешегі қызыл империя күні бітіп, құр­саудан босанған елдер өз тәуел­сіз­­дігін алған кезде ұлы суретші Орал Таң­сықбаевтың мұрасы өзбек ұлты­ның бейнелеу өнеріндегі баға жетпес мол қазынасы болып қалды. Қазір оның картиналары Ташкент, Нөкіс қа­ла­­ларындағы мемлекеттік өнер мұра­жай­ларының алтын қорында сақталады. Сон­дай-ақ біз барған суретшінің мұра­жай-үйінде де 400 картинасы бар. 

***
Көгілдір таудың бір шатқалындағы шағын ауылға ымырт үйірілді. Әне, ана-а-ау үйлердің шамы жанды. Бұлар бізге бала күнімізден таныс шаңырақтар. Сондықтан көзге де, көңілге де ыстық. Дәл қазір есік алдына бір туысымыз шыға келіп: «Әй, бөтен адам құсап неғып тұрсыңдар состиып?! Бері келіңдер!» деп дауыстап шақыратындай боп көрінеді...

Төбесімен көк тіреген биік тау да таныс. Қатар жатқан қос шың – қалың ұйқыға шомған алып батыр мен ару келіншекке ұқсайды. Тым-тырыс тыныштығы қатықтай ұйыған қою ымырттың алқаракөк бояуы кең шат­қалдағы мынау ауылды қиял-ғажайып ерте­гілердегі періштелердің мекеніндей си­қырлы етіп көрсетеді. Кім білсін, бәлкім, Адам ата мен Хауа ана алғаш жер бетіне түскендегі арда табиғат тап осындай болған шығар-ау. 
Бұл біздің «Таудағы ауыл» атты картинадан алған әсеріміз ғой.

***
Ұлы суретшінің өмір жолында Дарын мен Даңқ қол ұстасып, қатар жүрг­ен секілді.

Көз майы мен қажыр-қайратын тауы­сып жасаған бейнетінің алдынан қайырымды зейнеті жолығып, басын иіп, тағзым еткен секілді.
Тау мен дала үнемі құшағын ашып, бауырына тартып, кенеп арқалаған дарынды баласына ақ батасын беріп отырған секілді.
Япыр-ай, суреткерге бұдан артық қан­дай бап, қандай бақ керек дейсіз таңырқап.

Бірақ осының бәрі де көрші ел, кө­генді жұртта болып өткен бір таңға­жай­ып хикая секілді елестейтіні несі екен?!.

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»