Әуежайдан бірден Тель-Авив маңындағы шағын курортты Нетания қаласындағы «Herods Herzliya» қонақүйін бетке алды. Неге Нетания қаласы дейсіз ғой? Оның себебі бар. Бүгінде Тель-Авивтегі «Блумфилд» стадионы күрделі жөндеуден өтуде. Соған байланысты «Маккаби» үйдегі ойындарын Нетанияның орталық стадионында өткізуге мәжбүр.
Кеше «Маккаби» мен «Астана» командалары ашық жаттығу жиынын өткізді. Артынша бас жаттықтырушылар баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Алдымен сөз алған «Маккаби» командасының бас жаттықтырушысы Йорди Кройф: «Менің командам ертеңгі ойынға дайын. Біз Қазақстанда деңгейімізді толықтай көрсете алмадық. Бірақ ертең кездесу басқаша жағдайда өрбиді. Кеткен есені қайтаруға мүмкіндігіміз толық жетеді», деді ол.
«Екі апта бұрын ғана «Астанадан» 4:0 есебімен жеңілген команда аз уақыт ішінде өз қате-кемшіліктерін түзеп, жеңіске жете ала ма?» деген сауалға голландық маманның берген жауабы мынадай болды: «Кез келген команда үшін өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткен әлдеқайда жеңіл.
Қазақстанда өткен ойында «Астана» шабуылшылары қорғаушыларымызды әбден әбігерге түсірді. Бірақ, ертең ондай проблема болмайтынына сенімдімін. Өйткені, кеткен кемшілік осы жолы қайталанбас үшін жұмыс жасадық. Ертең – соның жемісін көретін кез».
Осыдан кейін «Астана» командасының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов журналистер сауалына жауап берді. – Ертең біз үшін ең қиын ойындардың бірі болмақ. Себебі маккабиліктер Астанада кеткен есені қайткенде де қайтаруға білек сыбана кірісетіні белгілі, деп бастады өз сөзін болгар маманы. – Оның үстіне, «Маккаби» өз алаңында есе жібермейтін команда. Әйткенмен, біздің жігіттер плей-офф кезеңіне шығу үшін ертең жеңіске жету керектігін жақсы біледі. Сондықтан біз де шайқасқа дайынбыз, – деді Стойлов.
Жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайтын футболшылар бар екенін айтқан С.Стойлов алдағы жоспарларымен де бөлісті. «Біз бірінші кезекте Қазақстан чемпионатын жеңіп алуымыз керек. Содан кейінгі мақсатымыз – Еуропа лигасының топтық кезеңінен шығу. Екі бағытта өнер көрсетіп жатқандықтан, жасыл алаңда үш күн сайын айқасуға тура келіп тұр. Бұл жігіттерге ауыр тиюде. Негізгі қорғаушымыз Юрий Логвиненко маусым соңына дейін бізге көмектесе алмайды. Өзімізге жеңіл болу үшін «Қайраттан» басым түсіп чемпион атану керек еді. Алайда, сол күні алматылықтардың жолы болды. Енді жексенбіде «Ақжайықпен» өтетін матчта да барымызды салып ойнаймыз. Бірақ, ол екінші мәселе. Бірінші кезекте ертеңгі қиын әрі жауапты кездесуде қалай да жеңіске жетуіміз керек», деп ой түйді С.Стойлов.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана» командасы УЕФА Еуропа лигасының «А» тобында 4 ұпаймен үшінші орында келеді. Бірінші, екінші орындарды 5 ұпайдан еншілеген «Славия Прага» мен «Вильяреал» командалары бөлісіп тұр.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан» –
Нетаниядан (Израиль)