Бокс • 02 Қараша, 2017

Бұрымдылар бәсекеге дайын

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Хошиминде (Вьетнам) қыздар арасында бокстан Азия чемпионатының жалауы жетінші рет көтеріледі. Сарықұрлықтың ең мықты деген боксшы қыздары қатысатын бұл додаға қазақ бұрымдылары да тас-түйін дайын. 

Бокстан қыздар құрамасы соңғы Азия чемпионатында бір алтын, үш қола медаль иеленді. Құрама қоржынына жалғыз алтынды 75 килода сынға түскен Дариға Шәкімова салған-ды. Ол финалдық айқаста қытайлық қарсыласы Ли Цяньді айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды. Ал Гаухар Ермекбай (69 кг), Мөлдір Базарбаева (81 кг) және Ләззат Күнгейбаева (81 кг-дан жоғары) сарықұрлық біріншілігін қола жүлдемен қорытындылаған еді. 

Бокстан қыздар құрамасы 2010 жылы елордада өткен біріншілікте табысты өнер көрсеткен болатын. Сол жылы отандық былғары қолғап шеберлері төрт алтын, бір күміс және үш қола жүлдені иеленген. Атап айтар болсақ, Жайна Шекербекова (54 кг), Саида Хасенова (64 кг), Дариға Шәкімова (75 кг) және Марина Вольнова (81 кг-дан жоғары) – алтын, Назгүл Боранбаева (48 кг) – күміс, Әйгерім Асқарова (51 кг), Елена Кольцова (69 кг) және Жұлдыз Маматқұлова (81 кг-ға дейін) – қола. Азия біріншілігіне 2008 жылдан бері қатысып келе жатқан боксшылар жалпы саны 20 жүлде алды. Оның бесеуі алтын, төртеуі күміс және 11 қола.

Биылғы додада ұжымның алдында зор міндет, үлкен жауапкершілік тұрғаны айтпаса да белгілі. Қыздар құрамасының бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк Вьетнам сапары алдында журналистерге берген сұхбатында елге екі алтын медальмен оралатынын айтты. «Меніңше, Еуропаға қарағанда Азиядағы қыздар боксында бәсекелестік өте мықты. Биылғы Азия бірін­шілігінде бізге Үндістан, Оңтүстік Корея және Қытай құрамасы лайықты қарсылық көрсетеді. Дегенмен, бұл додаға еліміздің ең мықты деген боксшыларын алып бара жатырмыз. Шәкірттерімнің дайындығы да жоғары деңгейде өтті. Барлығы сайысқа сақадай сай. Бұйырса, Вьетнамнан екі алтын медальмен елге ораламыз деген үміттемін», деді В.Присяжнюк.

Сонымен, 2-8 қараша аралы­ғын­да Хошиминде өтетін Азия біріншілігінде Қазақстан құра­масы мына құрамда сынға түседі: Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Дариға Шәкімова (75 кг), екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай (51 кг), әлем чемпиондары Дина Жоламан (54 кг), Валентина Хальзова (69 кг) және Ләззат Күнгейбаева (81 кг-дан жоғары), сондай-ақ Алуа Балқыбекова (49 кг), Назым Ищанова (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Мадина Нұршаева (64 кг) және Мөлдір Базарбаева (81 кг).

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова алдағы Азия чемпионатында бапкерлер тарапынан жоғары талап қойылғанын айтады. «Азия біріншілігіне қатысатын кез келген қарсыласыма толық дайынмын деп есептеймін. Дегенмен, қарсыластарымды төмен бағала­ғым келмейді. Былтыр әлсіз болған қарсыласым биыл бір орнында тұрып қалмай, дайындығын үдетіп, әр жекпе-жек сайын мық­ты бола түседі. Осы дода алдында жаттықтырушыларымыз бізг­е тұғырдың ең биік сатысынан көрінуді тапсырған. Бұйырса, жаттықтырушылардың тапсырмасын орындауға тырысамыз», дейді Д.Шәкімова.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»