Футбол • 03 Қараша, 2017

Стойлов: Енді бар ойымызды «Ақжайыққа» бөлуіміз керек

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-турында «Маккабиге» қарсы жеңісі туралы пікір білдірді.

Стойлов: Енді бар ойымызды «Ақжайыққа» бөлуіміз керек

– Сырт алаңдағы еурокубоктық ойында жеткен алғашқы жеңісімізге қуаныштымын. Өткен жылға қарағанда биыл үлкен жұмыс атқардық. Бір қадам алға жылжыдық. Шынын айту керек, бүгінгі ойында алаң иелері мықтырақ болды. Кей тұстарда жолымыз болғаны да жасырын емес. «Маккаби» жақсы ойын көрсетіп жүр деп ойлаймын. Ал бүгін өз мүмкіндігіміз болатынын іштей сездім. Әрі сол сәтті қарсы шабуыл арқылы ұтымды пайдала білдік.

– Сырт алаңдағы еурокубоктық ойындағы алғашқы жеңістеріңізбен құттықтаймыз! Бүгінгі матчтың басты қаһарманы Ненад Эрич деп айтуға бола ма?

– Нақты бір шәкіртімді бөлектеп алғанды ұнатпаймын. Бүгінгі ойынның басты қаһарманы деп бүкіл шәкіртімді атар едім. Командаға ротация жасауға тырыстық. Енді ойыншыларым жексенбі күнгі «Ақжайыққа» қарсы ойынға дайын болғанын қалар едім. Басты мақсатымыз – оралдық ұжымды жеңу.

– Матчтың соңғы 20 минутында Джуниор Кабананга шаршаңқылау көрінді. Оны алмастыру керек пе еді?!

– Оны алмастырмағанымның басты себебі – өзге шабуылшым болмады. Деспотович әлі дайын емес еді. Бұдан бөлек қаптал ойыншыларынан да қиындықтарымыз болды.

– Бүгінгі жеңісті сенсация деп есептейсіз бе?

– Мен кеше ғана жеңіске жетер болсақ, сенсация болып есептелмейтінін айтқан едім. Ал матчтың фавориті «Маккаби» болды деп есептеймін.

– Орталық қорғаныста алғаш рет Игорь Шитов, Евгений Постников және Сергей Малый жауапты болды. Осыған дейін олар бірге шығып көрмеген еді. Сіз осы жағынан қауіптенбедіңіз бе? Бүгінгі нәтижеден кейін «Астананың» плей-оффқа шығу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Шынын айтайын, ешнәрседен қауіптенбедім. Ылғи да шәкірттеріме сенім артамын. Әсіресе, осындай маңызды сәттерде. Бүгінгі жеңісіміз бүкіл Қазақстан футболына арналады. Біз әлі де өзімізді дамыта түсуіміз керек. Осы жағынан қазір тиісті жұмыстар атқарып жүрміз. Егер 10 ұпай иеленсек, топтан шығамыз деп ойлаймын. Енді «Вильярреалды» немесе «Славияны» жеңуіміз керек. Топтан шықсақ бұл біздің дамығанымыздың бір белгісі.

Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан» – Нетаниядан (Израиль)