Жапон елімен ядролық энергетика саласы бойынша ұзақ жылдардан бері тығыз байланыс орнаттық, – дейді Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков, – МАГАТЭ-де әр үш жыл сайын осындай конференция өтіп тұрады.
Бұл, міне, кезекті рет ұйымдастырылып отырған ауқымды басқосу. Конференция осы жолы министрлік сегментінің пленарлық отырысынан басталып, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде әртүрлі тақырыптар бойынша ғылыми және техникалық сессиялармен жалғасты. Әр сессияда тараптар Қазақстанның пікіріне ерекше назар аударды. Жиында еліміздің ядролық қаруды таратпау саласындағы жетістіктері, физикалық ядролық қауіпсіздікті нығайту аясындағы Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы тиімді ынтымақтастықтар жайында айтылды.
МАГАТЭ-нің 61-ші сессиясы Аустрия астанасы Венада өткен еді. Жұмыс аптасы барысында 168 елдің өкілдері атом энергетикасының болашағы, ядролық қауіпсіздік, ядролық соғыс қаруын таратпаудың МАГАТЭ келісімшартының орындалуы және бас директор Юкия Аманоның басшылығын тағы да төрт жылға ұзарту мәселелері талқыланды. МАГАТЭ өзінің 2016 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылап, ядролық технологиялардың денсаулық сақтау саласында қолданылуын, түрлі сырқаттардың диагнозын алдын ала анықтап, емдеу-сауықтыру мәселелерін қарады.
Е.Батырбековтің айтуынша, МАГАТЭ жиынынан соң жапониялық әріптестер Курчатов қаласына келіп, Ұлттық ядролық орталықта ғалымдармен бірге «EAGLE-3» жобасын талқылаған. Бұл жоба 2015 жылдан бастап қолға алынған. Қазақстан-Жапония бірлескен «EAGLE-3» жобасы бойынша реактордан тыс алғашқы тәжірибе-сынақтар жасалып, 2017 жылдың шілде айында «ID-5» реакторлық сынақ құрылғысының макетінде жүргізілген физикалық зерттеулер тәмамдалды. Жапониялық әріптестермен кездесу барысында Ұлттық ядролық орталық мамандары оларға «Фукусима-1» АЭС-і бойынша апаттардың салдарын жоюға байланысты жұмыстарға көмектесуге ұсыныс білдірді.
– Жапониялық ғалымдар радиоэкология саласы бойынша тәжірибе алмасуға құлшыныс білдірді, – дейді Е.Батырбеков, – осы сала бойынша орталық ғалымдары әлемдегі ең жоғары жетістікке қол жеткізіп отыр. Бұл – біздің еліміз үшін үлкен мақтаныш! Зерттеулеріміздің нәтижесінде радионуклидтердің жер асты және жер үсті суларындағы көшкін қозғалыстары анықталды. Радиоактивті қалдықтармен былғанған аумақтардағы жағдайды терең бақылау үшін гамма-смектрометриялық түсірілімдерді жаяу өлшеу мәселесі де бізде жолға қойылған.
Сондай-ақ жақында ғана Астана қаласында министрлер деңгейінде өткен «Азиядағы ядролық кооперацияның 18-ші кеңес форумын» Қазақстанның Энергетика министрлігі, Жапония мемлекетінің министрлер кабинеті мен осы күншығыс елінің атом-энергетикалық комиссиясы ұйымдастырған еді. Форум жұмысына Тайланд, Моңғолия, Малайзия, Қытай, Индонезия, Вьетнам, Аустралия, Филиппин және Жапония сияқты мемлекеттерден келген министрлер мен өкілдер қатысты. Жиында ядролық ғылым мен технологияны қоршаған ортаны қорғау үшін қолдану мәселелері сөз болды.
Форум аяқталған соң Жапонияның атом энергетикалық компаниясының төрағасы Иошики Ока Курчатов қаласына келіп, Ұлттық ядролық орталықта тұрған, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде тұсауы кесілген Токамак және тағы басқа нысандарды аралап көріп, оң бағасын берді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы
Суретті түсірген автор