Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Қанипа Бітібаева дәріс берген қарашаңырақ

5991 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ғасырға жуық тағылымды тарихы бар бұл тәлім ордасының берісі Шығыс Қазақстанның, әрісі еліміздің білім жүйесінде алар орны айрықша. 

Қанипа Бітібаева дәріс берген қарашаңырақ

Осы ретте біз білім ошағының екі ерекшелігіне ерекше тоқталған болар едік. Біріншіден, бүгінде дарынды балаларға арналған арнайы облыстық Жамбыл атындағы  мектеп-гимназия-интернаты деп аталатын қасиетті қара шаңырақ Өскемендегі ең алғашқы қазақ мектебі болып саналады. Ұлағат ұясының тарихы 1933 жылдан бастау алады, осы жылы сол кездегі Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаев атындағы жетіжылдық қазақ мектебі ретінде ашылып, 1938 жылы мектепке жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімі беріледі. Білім ордасының бүгінгі ұжымы алғашқы мектеп басшысы болған Құсайын Жайсаңбаев, сұрапыл соғыс жылдарында оқу ошағын басқарған Нұртаза Нұралыұлы, Базатай Қайырбеков, Зарықбай Ыбыраев, Естай Ақажанов пен 37 жыл бойы (1960-1997) директорлық еткен Уәлиахмет Байделдинов есімдерін құрметпен еске алады. Жамбыл мектебінің екінші ерекшелігі, мұнда әйгілі педагог, ұстаздардың ұстазы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Бітібаеваның 40 жылға жуық уақыт сапалы дәріс беріп, саналы шәкірт тәрбиелегені. «Әлкей Марғұланның бір өзі бір академия» деп ұлы Мұхаң айтпақшы, бұл мектепте «бір өзі бір академия» Қанипа Бітібаеваның еңбек етуі қара шаңырақтың ғана емес, облыстың білім саласын жаңа бір белеске көтеріп, мерейін асырғанына ешкім дау айта алмас.

Қазір «Егемен Қазақстанның» бастамасымен еліміздің барлық өңіріндегі меншікті тілшілері жергілікті жердегі ұстаздар қауымымен кездесіп жатқаны белгілі. Жақында біз аталған білім ордасына «Егеменнің» ардагері, ширек ғасырға жуық газеттің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған, әрі осы мектептің түлегі Оңдасын Елубаймен бірге арнайы барып, ұстаздар қауымымен тілдесіп, құтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. «Мектебіміз 2005 жылы облыс әкімдігінің бұйрығымен дарынды балаларға арналған арнайы облыстық Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернаты болып ашылды. Біз екі бағытта: қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық  бағыттарында жұмыс істейміз. Мамандандырылған мектеп болғаннан кейін мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуына, оқушылардың әртүрлі олимпиадаларға қатысуына ерекше көңіл бөлеміз. Өңірдің түкпір-түкпіріндегі дарынды балаларды 6 сыныптап бастап қабылдаймыз. Олар интернатта тұрып, білім алады», - дейді мектеп директоры Нүркен Акимов.

Ұлағат ұясы ұлт руханиятына олжа салған Шериаздан Елеукенов, Советқазы Ақатай, Ғаббас Қабышев, Шәрбану Бейсенова, Зейнолла Самашев, Тұрғазы Нұқай, Жұмаділ Әділбаев, Айтмұхаммед Қасымов сынды түлектерін мақтан тұтады. Мектептің өзінің жеткен жетістіктері, бағындырған биіктері өз алдына бір төбе. Бүгінде 36 мұғалім еңбек ететін тәрбие ошағында 4 «Ы.Алтынсарин» атындағы және 1 республикалық «Дарын» орталығының төсбелгі иегері, 1 «Білім беру үздігі» бар. Мектеп «Ең үздік мектеп-гимназия-интернаты» аталымында облыс әкімінің жүлдесін еншілеп, республиканың «Ең үздік жаңашыл мектебі» және «Республикадағы үздік  салауатты  мектеп» атағына ие болыпты. Білім  беру  мен  тәрбие  үдерісінде  екі  жыл қатарынан «Республиканың  ең  үздік 100 мектептері» арасынан 73 орынды, Ұлттық  бірыңғай  тест  тапсыру  қорытындысы  бойынша  облыста  2 орыннан көрініпті. Білім ордасының 5 мұғалімі республикалық «Ең үздік авторлық бағдарлама» байқауында және тағы 5 ұстаз республикалық «Инновациялық-педагогикалық идеялар» жобасында жеңімпаз атаныпты. Бір мұғалім республикалық «Ең үздік 20 мұғалім» байқауында топ жарыпты. Соңғы 3 жылда мектептің 6 оқушысы халықаралық ғылыми жобалар байқауына, 16 оқушы республикалық жоба қорғауға, 5 оқушы «Зерде» республикалық сайысына, 7 оқушы республикалық пәндік олимпиадаларға, ұзын саны 251 оқушы түрлі облыстық, халықаралық және  республикалық жарыстарға қатысыпты. Мектептен 19 «Алтын белгі» иегерлері шығып, 20 оқушы «Ерекше үлгідегі» куәлікке ие болыпты.

Қанипа Бітібаева есімі өзінің көзі тірісінде аты аңызға айналып, ұстаз атындағы атаулы кабинет ең әуелі 2009 жылы Жамбыл мектебінде, одан кейін еліміздің  түкпір-түкпірінде тоғыз республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасы ашылғаны белгілі. «Облыстық білім басқармасының қолдауымен олардың саны қазір 19-ға жетті. Бүгінгі күні бұл зертханалар халықаралық ЮНЕСКО клубтарының қатарына қосылып отыр. «Шығыс» өңірлік орталығының қолдауымен үш жылда бір рет республикалық Қанипа Бітібаева атындағы педагогикалық оқулар мен республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Шолпан Қирабаеваның бастамасымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада өтіп тұрады. Өзім таяуда тұңғыш рет Қанипа Омарғалиқызының жұмыстарын жүргізуге авторлық құқық алдым. Енді қандай да бір ғылыми-практикалық конференция немесе іс-шара өтсе, Қанипа апайдың өзінің мөрі тұратын болады», - дейді Қанипа Омарғалиқызының туған сіңілісі, бүгінде осы мектепте директордың инновациялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Бақытгүл Ауғанбаева.

Бүгінде мектеп оқушылары ұлы ұстаздың өмірін зерттеуге қызығушылық танытып, «Қ.Бітібаеваның «Егіз-өрім» кітабындағы ақыл-нақыл сөздері», «Қанипа Омарғалиқызы өскен өнегелі отбасы», «Қанипа Омарғалиқызының киім кию стилі» деген тақырыптарда ғылыми жобаларын қорғапты. Ерекше атап өтер дүние, ұстаздың шәкірті, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Меруерт Мұқашева «Қанипатану» авторлық бағдарламасын жазып, бұл бағдарлама қазір облыстағы бірнеше мектепте оқытыла бастапты. Сонымен қатар педагогикалық идеялар фестивалінде Қ.Бітібаеваның тұңғыш педагогикалық мұражайы туралы Қарлығаш Сағиева ғылыми еңбек қорғап, республикада үшінші орынды жеңіп алыпты.  «Қанипа апайдың алдына келген өлең жазбайтын оқушы өлең жазып кететін. Ол кісінің оқушыны ынталандыру, жігерлендіру қабілеті ғажап еді. Сыныбындағы 25 баланың 25-і де грантқа түсетін. Қазіргі деңгейлік оқыту бағдарламасы, ондағы балаларды ынталандыру, өз-өзіне баға қою, баламен кері байланыс деген дүниелерді Қанипа апай сонау 1992 жылы қолданған болатын. Ұстазымыз ежелгі дәуір әдебиетінен бастап, қазіргі кезең әдебиетінің бұрын бағдарламаға енбеген ірі өкілдері Исрайл Сапарбай, Жұматай Жақыпбек, Кеңшілік Мырзабек, Иран-Ғайып, Нұрлан Оразалин, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Есенғали Раушанов сынды ақындарды оқытудың оқулық-әдістемелік бағдарламасын жасады», - дейді Жамбыл мектебіндегі Қанипа Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының меңгерушісі М.Мұқашева. 

«Таңымды «мектеп» деп атырып, түнімді «мектеп» деп батырып жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Осы 45 минуттарда өмірімнің ең сәулелі, ең бақытты сәттері жатыр. Осы 45 минуттарда иірімі мен ирелеңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келіп жататын маңдайға жазылған тағдырым да жатыр екен. 45 минут мені дәулет, байлық биігіне көтермесе де, рухани байлық сыйлады, есімімді елге аңыз етіп таратты. Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмірде жоқ асыл сөз иелерін тірілтуге, тірісін ұлықтауға тер төктім» деп толғаныпты дәуірдің дара ұстазы «Егіз өрім» атты кітабында. Мектеп ішіндегі Қанипа Бітібаеваның музей-кабинетін аралағанда біз «45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешкен» дара тұлғаның ең сәулелі, ең бақытты сәттерін көз алдымыздан өткергендей болдық. Расында да, үш бөлмеден тұратын музей көрген адамды ерекше әсерге бөлейді. Ұлы ұстаздың түн ұйқысын төрт бөліп, көз майын тауыса отырып жазған еңбектерін, сан жылғы сабақ жоспарларын, дидактикалық материалдарының түпнұсқасын осы жерден көруге болады. Оқыған кітаптары, жазған хаттары, киген киімдері, тұтынған заттары, пайдаланған үстелі мен сыйлы қонақтарды қабылдап, отырғызған төсегіне дейін музейден орын алыпты.

Азамат Қасым,

"Егемен Қазақстан"

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген автор