Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Ақпаратты сауатты жеткізу – жақсы емдеумен бірдей

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі америкалық орталықтың өңірлік кеңсесі Қазақстанда қоғамдық денсаулықты қорғаудың жаһандық бағдарламасы мен халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді енгізбекші. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық комитетінің ұйымдастыруымен кеше «Төтенше жағдай кезіндегі тәуекелділік және коммуникация» тақырыбында журналистерге арналған семинар-тренинг өтті.

Ақпаратты сауатты жеткізу – жақсы емдеумен бірдей

Қазіргі жаһандану заманында аурулар да мутацияға ұшырап, емге көнбейтін түрлері көбейді. Түрі мен түсін үнемі өзгертіп отыратын дауасы жоқ дерттің көбін сарапшылар «биологиялық қаруға» балайды.  Құс тұмауы, шошқа тұмауы, Эбола вирусы секілді бұрын-соңды болмаған небір дерттер ара-тұра бой көтеріп, адамзатты бір дүрліктіріп алатыны бар. Дегенмен де, ешкім де ешқандай аурудан сақтандырылмаған. Сондықтан тез таралатын ауру ошағы шыға қалған кезде бос дүрлігуге жол бермес үшін жұртшылыққа дұрыс ақпарат таратудың маңызы үлкен. Колумбияның ғалымы Майк Монтелло «Дұрыс ақпарат беру – жақсы емдеумен бірдей» деген екен. Демек, инфекциялық аурулар тарап, қоғамда төтенше жағдай қалыптасқан кезде журналистердің де сырқат туралы дұрыс ақпаратпен қаруланғаны абзал. 

Семинар-тренингте америкалық орталықтың коммуникация тәуекел­дері бойынша маманы Белен Моран шұғыл жағдайларда газет, телевидениенің тілшілері халыққа алдымен аурудан өзін қорғау жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіру керектігін айтады. «2003-2004 жылдары Гонконгта ТОРС (ауыр жедел респираторлық синдром – авт), яғни атипиялық пневмония инфекциясы жаппай таралды. Алғашында бұл аурудан қалай қорғану керектігі туралы халыққа бірде-бір дұрыс ақпарат берілген жоқ. Аурудан қорғану жолдарын әркім өзінше іздеп, жұртшылық бетперде киюмен ғана шектелді. Шынтуайтында, оның пайдасы шамалы еді.

Ақыры, инфекция қалай аяқ астынан пайда болса, солай ғайып болды. Бұл да белгісіз жаңа аурулардың бірі ретінде тарихқа енді», дейді ол. Оның айтуынша, төтенше жағдайлар кезінде жұртшылық ақпаратты алдымен интернет-ресурстардан, әлеуметтік желілерден алады екен. Бірақ ондағы ақпараттың дені шындыққа жанаспайды, мысалы, әлеуметтік желілердегі мәліметтердің тек 10 пайызы ғана шындық болуы мүмкін. Сондықтан дұрыс мағлұмат алдымен журналистердің аузынан таралуы тиіс.

Америкалық орталық төтенше жағ­дайларда қоғамның денсаулығы мен қауіп­сіздігін сақтау тақырыбындағы семи­нарды ауыл шаруашылығы маман­­дарына, энергетика саласындағы қыз­меткерлерге де өткізген. Ал журналистерге алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жиынның соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

 

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»