Қазақстан • 03 Қараша, 2017

Күршімге көпір салынуы мүмкін - ШҚО

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күршім, Марқакөл өңірінің тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген өткел мәселе жуық арада шешімін табуы мүмкін. Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпірдің құрылысына қатысуға үндістандық кәсіпкерлер мүдделілік танытып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов пен «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» компаниясының басшылығы арасында өткен кездесу барысында мәлім болды. 

Күршімге көпір салынуы мүмкін - ШҚО

Үндістандық компанияның директоры Гоудхама Будхар Рамамуртидің айтуынша, олар мемлекет-жекемен­шік әріптестігі аясында Шығыс Қазақстандағы бірнеше нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізуге ынталы. Оның ішінде атап айтқанда, Өскемен қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін (Виноградов көше­сі мен Өскемен-Таврия тас жолын жалғайтын) көпір, облыс орталы­ғындағы 300 орындық көп салалы аурухана мен Семей қаласындағы 200 орынға шақталған аурухананың және де жоғарыда айтылған Бұқтырма көпірінің құрылыстары да бар. Бұл мақсатқа Үндістанның «Exim Bank» атты қаржы ұйымының қаражаты жұмсалмақ.

«Жалпы, «Shapoorji Pallonji» (Шапурджи Паллонджи) компа­ниясының 150 жылдық тарихы бар және осы уақыт ішінде біздің компанияға қатысты бірде-бір дау-дамай болмаған. Бүгінге дейін біздің құрылысшылар әлемнің 60-тан астам еліндегі ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қатысқан. Енді сіздердің мемлекеттеріңізбен, Шығыс Қазақстан облысымен әріптес болуға мүдделіміз», дейді шетелдік алпауыт компанияның еліміздегі ресми өкілі Гоудхама Будхар Рамамурти.

Кездесу барысында ол аймақ басшысына Үндістан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Шри-Ланка сияқты елдердегі сәтті жүзеге асырған жобаларымен таныстырды. «Бүгінде кейбір жобаның техника­лық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасы әзір. Яғни құрылыс жүргізуге еш кедергі жоқ. Егер компанияларыңыз бұл жобаларға қатысуға шын мәнінде дайын болса, онда сіздерге өз тарапымыздан қолдан келген көмекті көрсететін боламыз», деді өз кезегінде облыс әкімі Д.Ахметов.

Келіссөздер соңында облыс әкім­дігі мен «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылды.

 

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы