Қазақстан • 03 Қараша, 2017

«Шабыттың» қазылар алқасы не дейді?

903 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл дәстүрлі  «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі жиырмасыншы рет өткізілейін деп отыр.  Шабыттың салтанатты ашылуына орай Астана қаласы әкімдігінде фестивальдің қазылар алқасының қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

«Шабыттың» қазылар алқасы не дейді?

Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның айтуына қарағанда байқауға қатысуға 515 адам өтініш берген. Еліміздің бүкіл өңірлерінен және Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Латвия, Армения сияқты елдерден келген жас қатысушылар жылдағыдай елорданың белгілі мәдени ошақтарында өнер көрсетіп, бақ сынайды.

Ұйымдастыру комитетінің шешімімен дарынды жастар осы жолы алты аталым бойынша шеберлік байқасады. Қатысушылар «Классикалық музыка», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», «Цирк өнері», «Актерлік шеберлік» және «Үздік әдеби шығарма» аталымдары бойынша өнер жарысына түседі. Н.Мұхамбеталина осы жолғы ерекшелік ретінде «Актерлік шеберлік» аталымының қосылғанын және «Үздік әдеби шығарма» аталымының балалар әдебиетіне арналғанын атап өтті.

«Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша қазылар алқасының төрағасы ақын Несіпбек Айтұлы балаларға арналған 40-тан аса шығарма түскенін мәлімдеді. Оның ішінде әңгімелер, ертегілер және шағын әңгімелер де бар. «Біз жиырма шығарманы таңдап алдық. Соның алтауына бәйге беріледі. Бердібек Соқпақбаев атындағы және мәдениет басқармасының да арнайы атаулы бәйгесі бар»-деген Н.Айтұлы қазылар алқасында Қуаныш Жиенбай, Роза Мұқанова, Мәди Айымбетов және Толымбек Әбдірайым сынды танымал прозаиктер бар екенін хабарлады.

Ал, «Халық музыкасы» аталымы бойынша қазылар алқасының атынан сөз алған Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Сәкен Әбдірахманов қатысушыларға бұл жолы қатаң талаптар қойылатынын айтты. Бұрын дәстүрлі орындаушылар Жетісу, Арқа, Сыр, Батыс мектептері бойынша әрқайсысы өзі келген өңірдің ән-термесін орындаған болса, енді тура емтихандағыдай қағаз суырып, сонда көрсетілген ән-термелерді орындамақ. Анығырақ айтқанда, қатысушылар бұрынғыдай екі-үш ән-термеге ғана дайындалып келмеуі керек. Ән-жыр өнеріндегі барлық мектептің өнерпаздарының шығармашылығынан хабардар болуы шарт.

Дәл осындай қатаң талап «Цирк өнері» аталымына да қойылып отыр. Осы аталым бойынша қазылар алқасының мүшесі Владислав Вернадский  46 қатысушының таңдап алынғанын айтты. «Қатысуға өтінім бергендер көп болды. Біз  өте мықты нөмірлерді ғана таңдап алдық.  Кәсіби өнерпаздар да, әуесқойлар да бар. Бірақ, талап бәріне бірдей»-деді ол.

Айта кетейік, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы бүгін кешкі 19.00-де елордадағы «Астана» концерт залында өтеді.

Айгүл СЕЙІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ