Іргесі 1927 жылы қаланған мектептен осы уақытқа дейін 2 мыңнан астам шәкірт білім алған. Солардың алпыстан астамы мектепті «Алтын медальға» бітірген. Олардың арасында елімізге белгілі, халқымыздың мерейін көтеріп жүрген тұлғалар да бар. Мәселен, Қазақстанның Франциядағы елшісінің кеңесшісі Берлин Ерішев, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық инженерия академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық инженерия академиясының академигі Абдрахман Бегалинов, ақын Ақылбек Шаяхмет, «Қазақстанның денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің иегері Мария Кененбаева секілді тізімді жалғастыра беруге болады.
Аудан әкімі Абай Ыбыраев жиналғандарды мектептің мерейтойымен құттықтады. «Бір ғасырға жуық уақыт ішінде білім ұясы кездескен қиындықтарды жеңіп, табысын еселеп, бүгінгі күні уақыт талабына сай білім беретін мектеп дәрежесіне жетті. Бұл мектеп ұжымының, ұстаздардың орасан еңбегінің нәтижесі» деді Абай Сәрсенбайұлы.
Мектептің материалдық базасы жылдан жылға жақсарып келеді. Мерейтой алдында Жітіқара ауданындағы «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамы 23,5 миллион теңге қаражат бөліп, мектептің барлық терезелерін пластикаға жаңартып берді, спорт залын жөндеп, жарақтандырды, 5 интерактивті тақта алып берді. Мерейтойға келген түлектер, қонақтар білім ұясының музейін, сыныптарын аралап көрді. Түлектер музейге ескерткіштер табыс етті. Мереке мектеп оқушыларының ән-биімен өрнектелді.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазқстан»
Қостанай облысы,
Жітіқара қаласы