Бөкей ордасы ауданының орталығы – Сайқын ауылының су құбыры нысаны 2016 жылғы 24 қарашада басталған болатын. Құрылыстың жалпы құны 372 млн 381 мың 240 теңге тұрады. 2016 жылы нысан құрылысына – 37, биыл 147 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан толық аяқталып, пайдалануға берілуі үшін әлі 88,5 млн теңгедей қаражат керек. Тартылатын су құбырының ұзындығы 47 км 840 метрді құрайды. Қазіргі кезде 40 км су құбыры үй ауласына дейін жеткізілді. Бүгінге дейін Сайқын ауылындағы 937 ауланың 530-ына су құбыры тартылған.
Ауданға қарасты Бөрлі ауылында су құбыры құрылысы нысаны 2017 жылдың 24 наурызында басталған еді. Құрылысшылар жедел қимылдап, 6,2 айдың ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарын тәмамдап, қазан айында су құбырын іске қосып үлгерді. Бұл нысанның жалпы құны 215 млн теңгеге таяу қаржыны құрады. Оның 172 млн теңгедейі республикалық, 42 млн 702 мың теңгесі облыстық бюджет есебінен бөлінді. Жоба бойынша 22,8 км су құбыры толығымен тартылып, тұрғын үйлерге жеткізілген. Шыны керек, облыс орталығынан да, бір бірінен де шалғай жатқан бұл елді мекендерге су, газ секілді игіліктерді жеткізу оңай емес. Мәселен, Сайқын ауылы Орал қаласынан 600 км болса, Бөрлі мен Сайқынның арасы 130 шақырым екен.
Биыл таза суға қол жеткізіп отырған ауылдың бірі – Көктерек. Бұл нысан құрылысы да биыл көктемде, 24 наурызда басталған болатын. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс мерзімін 7,4 айда аяқтау жоспарланған. Осы мақсатқа бөлінген 185 млн 274 мың теңгенің басым бөлігі, яғни 148 млн 345 мың теңгесі – республикалық, 37 млн 929 мыңы облыстық бюджет қаражаты есебінен бөлінді. Нысан қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 20,464 км су құбыры толық тартылып тұр. Құрылыс біткен соң Көктерек және Жамбыл елді мекендеріне су құбыры қосылады.
– Ауданымыздың 7 елді мекеніне – Шоңай, Жәрмеңке, Тайғара, Әжен, Қарасу, Үштерек және Кеңой ауылдарына су құбырының құрылыс нысандары бойынша инженерлік-геодезиялық, инженерлік-геологиялық іздеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалау-сметалық құжаттарды дайындау жұмысының жалпы құны 44 млн теңгеге жуық. Бұйырса, аталған жеті ауыл да көп кешікпей орталықтандырылған таза сумен қамтылатын болады, – дейді Бөкей ордасы әкімі Нұрлан Рахымжанов.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, 2018 жылы облыста тағы 50 ауылға су тарту жұмыстары жүргізілмек. Өңір тұрғындары осы кезге дейін еліміз бойынша таза ауыз сумен нашар қамтылған аймақ саналатын. Биылғы кешенді жұмыстар нәтижесінде бір жыл ішінде 55 ауылға таза су құбыры тартылып, облыс тұрғындарының таза сумен қамтылу коэффициенті 36%-дан 44%-ға жетіп отыр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген
Айбатыр НҰРАШ