Әлем • 06 Қараша, 2017

Каталонияның бұрынғы басшысы Бельгия полициясына өз еркімен берілді

53 реткөрсетілді

Каталония үкіметінің бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон Бельгия полициясына өз еркімен берілді. Бұл туралы Бельгия федералды прокуратурасының тергеушісі мәлімдеді.

Өткен жұма күні Испания соты Пучдемонды бүлік жасады деген айыппен қамауға алу туралы ордер берген. Бұл ордер автоматты түрде Еуроодақ елдеріне жүретін болады. Өз кезегінде Бельгия тергеушісі дүйсенбі күні, яғни бүгін экстрадациялау туралы шешім қабылдамақ. Карлес Пучдемоннан бөлек ордер берілген өзге төрт экс-министр де өз еріктерімен берілген.

Олардың бәрі бейсенбі күні Мадридте өткен сот отырысына қатыспады. Осы отырыстан кейін Каталония үкіметінің сегіз мүшесі бірден қамауға алынды. Оларға өңірде бүлік жасады, заңсыз қадамдарға барды және мемлекет қаражатын орынсыз жұмсады деген айып тағылды. Егер тағылған айыптар дәлелденетін болса 30 жылға қамауға алынуы мүмкін.

Енді Бельгия тарапы 24 сағат ішінде оларды кепілдік арқылы бостандыққа жіберу немесе қамауда ұстау туралы нақты бір шешімге келуі тиіс. Тұтқында ұстау туралы шешім қабылдаса 60 күн ішінде күдіктілерді Испанияға қайтаруы тиіс. Егер олар құқықтық тұрғыда ешқандай қарсылық көрсетпесе бұл іс алдағы бірнеше күннің ішінде аяқталуы мүмкін.

Бұдан бөлек, Бельгия тарапы еуропалық ордерден мына жағдайда бас тартуға құқылы: экстрадиция күдіктілердің тиісті құқығына шектеу келтірмейтініне күмән келтірсе, діни, нәсілдік немесе саяси себептерге қатысты кемсітушілікке ұшыраған жағдайда, ордер сұратқан елде әділ сот жүргізілетініне кепілдік бермесе.

Өткен айдың басында Каталонияда тәуелсіздік алу жөнінде референдум өткен болатын. Алайда Мадрид бұл референдумды заңсыз деп тапты. Бірақ бұл аймақ арада бірнеше күн өткеннен кейін тәуелсіздік жөнінде декларацияға қол қойып, оны ресми түрде жариялауды кейінге қалдырды. Себеп – Мадридпен арадағы келіссөздерді нәтижелі аяқтау.

Ешбір мемлекет Каталонияның бұл шешімін қолдамады. Өз кезегінде Испания Каталонияның біржақты шешіміне наразылығын білдіріп, конституцияның 155-бабын қолданатынын ескертті. Яғни, өңірдің автономиялығы тоқтатылып, Мадрид тікелей билік жүргізеді. Нәтижесінде Мадрид 155 бапты қолданып, Каталония билігін таратып жіберді.

Осыған дейін Карлес Пучдемон Брюссельде өткізген баспасөз-конференциясында Бельгия билігінен саяси баспана сұрамайтынын мәлімдеді. Ал Испаниядан шығып кетуін «қауіпсіздік пен бостандық» қамы ретінде түсіндірді. Пучдемон әділ сот талқылауына кепілдік бермейінше өзі де, қызметтерінен босатылған өзге төрт әріптесі де Испанияға оралмайтынын айтты.

Ал жма күні таңертең Карлес Пучдемон Бельгияда берген сұхбатында желтоқсанда мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар