– Еркебұлан Қайроллаұлы, әуелі Жезқазған театрының құрылу тарихы туралы айтып берсеңіз.
– Театр Арқалық қаласында 1972 жылы белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей басшылығымен құрылған болатын. Сол жылы 24 желтоқсанда Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясы көрерменмен қауышты. Жаңа театрдың іргетасын қалаушылар негізінен М.Щепкин атындағы Мәскеу Жоғары театр училищесінің түлектері еді. 1978 жылы театр Н.Островскийдің атақты шығармасы бойынша қойылған «Құрыш қалай шынықты?» спектаклі үшін Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. Өнер ордасына 1981 жылы ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Серке Қожамқұловтың есімі берілді. Ұлы актердің есімімен аталатын театрдың құрылғанына биыл 45 жыл толып отыр.
Торғай облысының жабылуына байланысты 1988 жылы Жезқазған қаласына қоныс аударған өнер ошағы еліміздің мәдени-рухани өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Осы жылдар ішінде үш дүркін республикалық, І аймақтық театрлар фестивальдерінің бас жүлдесін иеленді. Талантты актерлердің бір тобы халықаралық, республикалық, аймақтық аламан бәйгелердің түрлі аталымдар бойынша жүлдегерлері атанды.
Өзінің 45 жылдық тарихында республикамыздың барлық өңірлерінде өнер көрсеткен ұжымның репертуарында әлем классикасы мен аудармалардан, төл әдебиетіміз бойынша сахналанған елуден астам қойылым бар.
Бүгінгі таңда театрда Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Д.Жанботаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі С.Бұлғақбаев, «Құрмет» орденінің иегері Р.Ибраева, мәдениет қайраткерлері мен мәдениет саласының үздіктері С.Нұрғалиева, З.Абдрасилова, Ә.Шоманұлы, Б.Ибраев, Е.Бәйдешев, В.Попов, Ш.Ұзақов, Г.Исинеева, Т.Мұстафинов, Д.Кенжеев, С.Бегайдарова, Ж.Бірмұханов, Н.Сембаев есімдері ерекше құрметке ие...
– Өнер ошағының мерейтойын сирек талант иесі, режиссер Жанат Хаджиев есімімен сабақтастыра өткізу идеясы қалай туды?
– Себебі Жанат Әубәкірұлы Серке театрының іргетасын қалаушылардың бірі болып табылады. Театрдағы еңбек жолын актерліктен бастаған ол М.Әуезовтің «Айман – Шолпанында» – Арыстан, Ә.Таразидің «Күлмейтін комедиясында» – Сәнжан, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Дәруіш, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселімінде» – Ілияс бейнелерін және т.б. тамаша рөлдерді сомдады.
Өзін режиссерлік бағытта сынап көруді мақсат тұтқан сахна саңлағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетіне түсіп, 1980 жылы бітіріп шықты. 1982 жылы туған театрына қайта оралды. Бас режиссер, көркемдік жетекші ретінде Серке театрының шығармашылық биік белестерге көтерілуіне бүкіл күш-жігерін жұмсады. М.Әуезовтің «Қараш – Қараш», «Қарагөз», «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым», Ә.Таразидің «Қыз махаббаты», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Кәрімнің «Тастама отты, Прометей», «Ай тұтылған түн» шығармалары негізінде сахналаған т.б. дүниелері режиссерлік тың шешімдерімен, ерекше тұжырымдамасымен жаңалыққа толы болды. Соның нәтижесінде туындылар республикалық өнер бәйгелерінде театр тарихындағы жаңа леп ретінде танылып, бас жүлделерге ие болды.
– Фестивальдің мақсаты туралы не айтасыз?
– С.Қожамқұлов театры фестивальді өткізу арқылы театр атты киелі өнерді биіктетуді, ерекше дарын иесі Ж.Хаджиевтің есімін ұлықтауды, оның театр өнеріне сіңірген еңбегін насихаттауды, кейінгілерге үлгі етуді мақсат етеді. Сонау 90-шы жылдары елімізде орын алған қиыншылықтарға қарамастан, мұнда қатарынан үш мәрте республикалық театр фестивалі өтті. Осы жақсы үрдісті қайтадан жаңғыртқымыз келді. Сол арқылы өнердегі жаңа есімдерді анықтап, театрлардың бір-бірімен шығармашылық байланыстарын жақсартсақ, әр өнер ордасының өсіп-өркендеу бағытындағы мүмкіндіктерін байқап, өнерліге кең өріс ашсақ дейміз.
– Өнер додасына қанша театр қатыспақ?
– Фестивальге Қарағанды облысындағы С.Сейфуллин театры, К.Станиславский атындағы орыс драма театры, облыстық музыкалық-комедия театрларымен қатар, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы-драма театры, Павлодардың Ж.Аймауытов атындағы қазақ драма театры, сондай-ақ Жанат Әубәкірұлы еңбек жолын жалғастырған Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Арқалық қаласының Балалар мен жасөспірімдер театры қатысқалы отыр.
Фестивальге Қазақстанның Еңбек Ері А.Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Н.Жақыпбай, өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті М.Жақсылықова, С.Қожамқұловтың қызы Мәриям Серәліқызы, щепкиндік түлектер М.Манапов, Т.Құралиев, Ж.Әбілтаев, А.Ахметқалиева мен С.Қарабалин және басқа да құрметті қонақтар келеді деп күтілуде.
Үмітай МОЛДАБЕРГЕН