Аймақтар • 06 Қараша, 2017

ОҚО мәслихатына сайланғандар депутат мандатын алды

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 16-шы сессиясында бос орындарға сайланған 4 азаматқа депутат мандаты берілді. 

ОҚО мәслихатына сайланғандар депутат мандатын алды

Яғни, бүгін облыстық мәслихаттың депутаты мандатын № 11 облыстық сайлау округінен сайланған  «Ұлы Орда» ЖШС-нің президенті Қайрат Сүлейменов,  № 35 сайлау округі  округі  бойынша  «SAURANgroup» ЖШС-нің кеңесшісі Әбдірашит Омаров, № 49 сайлау округі  бойынша  «Хамит» АӨК басқармасы төрағасы Бақытжан Серманиязов, № 50 сайлау округі  бойынша  Қазақстан инженерлі-педагогикалық  «Халықтар достығы» университетінің ректоры Рабиға Қуатбекова алды.

Сессия жұмысына облыс әкімі, облыс әкімдігінің мүшелері, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдары мен аумақтық департамент пен басқарма басшылары қатысты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Қайнар Абасовтың төрағалығымен өткен сессия отырысында  4  мәселе  қаралды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бұған дейін  тұрақты комиссия отырысында  талқыланғандықтан сессияда қаралған  мәселелер  депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып отырды.

Мәжіліс барысында облыс әкімі Ж.Түймебаев салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен облыстық мәслихаттың депутаттары Серікжан Сейтжановты, Дәурен Ахметовты, Жамалбек Шәріпбек пен Нұралы Әбішевті, Талғат Баймаханов және Уалихан Рахиеваларды марапаттады. Осындай төсбелгіні мәслихат хатшысы Қ.Балабиев облыс әкіміне тақты.

Бұдан бөлек, облыстың дамуына ерекше сіңірген еңбегі мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен және өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына сіңірген еңбегі үшін облыстық мәслихатының Грамотасымен жалпы  жеті азамат марапатталды.

Сессия жұмысын қорытындылаған Ж.Түймебаев барша депутаттарды жаңаша бағытпен, жаңаша көзқараспен жұмыс істеуге шақырды. 

 «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен халыққа арнаған Жолдауын халыққа түсіндіретін Сіздерсіздер. Сондықтан әрбіріңіз аталған құжатты қайта қарап, талдап шығыңыздар. Қазіргі экономикалық дамудың нәтижесіне байланысты біз жаңаша бағытпен, жаңаша көзқараспен жұмыс істеуіміз қажет»,-деді облыс әкімі.

Он айдың қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылық, өндіріс саласы мен кооперативтердің ашылуы және инвестиция тарту, құрылыс пен мемлекеттік жекешілік әріптестік бойынша облысымыз республикада көш ілгері екенін айтқан өңір басшысы, бірлескен жүйелі жұмыстардың арқасында осы жылды жақсы көрсеткішпен аяқтайтынымызға сенімдімін деді.