Суретті түсірген: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ
Кез келген қалада тозығы жеткен, апатты үй тұрғындарын жаңа пәтерге орналастыру мәселесі шаһар басшыларының алдында тұрған күрделі шаруа екені рас. Өйткені мүлдем баспанасыз жүрген, жылдап кезекте тұрған адам саны көп. Орал қаласында осы мәселені оң шешудің оңай жолы табылды.
Әдетте апатты көне үйлер қаланың орталығында, өте ыңғайлы жерде орналасқан. Міне, сондықтан құрылыс компаниялары бұл жерге жаңа да зәулім үй салуға өте мүдделі. Сонда көне үй тұрғындары қайда кетпек? Олар құрылыс салынып біткенше басқа жерде тегін тұрады, кейін жаңа үйге келіп орналасады. Ал жергілікті билік орындары коммуникациялық желілерді тартуды өз мойнына алады.
Бұл бағдарлама Орал қаласында өткен жылы қолға алынған болатын. Міне, алғашқы үй беріліп те үлгерді.
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы көшеде орналасқан №3 үйдің салынғанына 70 жылдай болыпты. Ғимарат әбден қаусап, қабырғалары жарылып, құлап қалғалы тұрған еді. Үй тұрғындары үйінді астында қаламыз ба деп уайымдап, әкімдіктің табалдырығын тоздыратын. Осы үйде тұратын Наталья Рыбалкина 2012 жылдан бері апатты үйді жөндету үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын айтады. Әу баста тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қатыспақ болғанымен, үйдің жайын тексерген арнайы комиссия бұл ғимаратты жөндегенше, қайта салған арзанға түсер деген шешімін айтқан.
– Біз талай жылдан бері уайым болған мәселеден құтылдық. Күрделі жағдайдан құтқарған жергілікті басшылыққа алғысымызды айтамыз, – дейді Наталья Рыбалкина.
Сонымен апатты үйдегі барлық 8 пәтер тұрғындары қалалық тұрғын үй бөлімімен және құрылыс компаниясымен үшжақты келісімге отырды. Шарт бойынша компания тұрғындарға жаңа үйден жаңа пәтерді жекеменшікке береді. Оның орнына көне үй компания құзырына өтеді.
– Тюленин көшесінде біздің компания тұрғызған су жаңа үйіміз бар. Мына 8 пәтер тұрғындарына сол үйден пәтер беріп жатырмыз. Ал бұл жерге біз 5 қабатты басқа үй тұрғызамыз, дейді «Орал Полимер» ЖШС директоры Роберт Ирменов.
Гагарин көшесінің бастауында тұрған қос қабатты үйдің тұрғындары да осы көктемде қаланың Зашаған ауданында салынған жаңа үйге уақытша көшірілген болатын. Олардың пәтерақысын «Караванный путь» ЖШС төлеп жатыр. Қираған үйдің орнына 126 пәтерлі 9 қабатты ғимарат тұрғызып жатқан компания (басшысы Замир Ихсанов) алдағы көктемде құрылысты тәмамдап, пайдалануға бермек. Сол кезде бұрын осы жерде тұрған 36 пәтердің тұрғындары жаңа үйдің алғашқы тұрғындарына айналады. Оларға бұрынғы пәтерінің көлеміндей жаңа пәтер беріледі. Қалған пәтерлер Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесі арқылы үлестірілетін болады.
– Осы бағдарлама бәрімізге де ыңғайлы. Мемлекет құрылыс орнына желілерді тартып, алаңды абаттандырып береді. Салған үйіміздегі пәтерлердің 50 пайызын өзіміз сатамыз, дейді Замир Ихсанов.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша, қазіргі таңда облыс орталығында дәл осы бағдарлама бойынша 7 үй құрылысы жүріп жатыр.
– Біз Орал қаласындағы апатты үйлерді кезең-кезеңмен жаңартуды жоспарлап отырмыз. Осылайша Орал шаһарының көне қала аумағындағы 1950-1960 жылдары салынған ғимараттарын заманауи үйлермен алмастырамыз. Біздің есеп бойынша 41 апатты үй бар. Жекеменшік құрылыс компанияларын мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидатына орай әріптестікке шақырамыз, – дейді Алтынбек Кеңесұлы.
Өңір басшысы Алтай Көлгінов бұдан бұрын журналистерге берген сұхбатында қазіргі 40 шақты апатты үй тұрғындарын мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде үш жыл ішінде жаңа пәтермен қамтуға болатынын айтқан еді.
2017 жылдың 9 айында Орал қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жалпы ауданы 70 мың шаршы метр болатын 1800 пәтерлі 8 тұрғын үй салынды. «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамы Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің салымшылары үшін салынған 4 үйдің құрылысын аяқтады. Бұдан бөлек жоғарыда айтылған Деповская көшесіндегі ескі үйдің орнына салынған 1 үйдің құрылысы аяқталса, 6, 33, 34 орындардағы үйлердің құрылысы ағымдағы жылы 4 тоқсанда толық аяқталмақ. Сондай-ақ 2018 жылы салуға жоспарланған 16 үйдің жобалау-сметалық құжаттары жасақталды. Олардың 9-ы – Зашаған кентінде, 7 үй қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде салынады. Барлығы 1800 пәтерден тұратын бұл үйлердің құрылысы 2018-2019 жылдары басталады деп жоспарлануда.
Орал қаласында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кезегінде 70885 адам тұр. 2000-2012 жылдар аралығында барлығы 15 мың жер алып үлгеріпті. Қазір қала аумағында бос жатқан жер жоқ. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Орал қаласы әкімдігіне қарасты Круглоозерное ауылы маңынан кезекте тұрған азаматтарға жер беру жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев мәлімдеген еді.
Міне, осы айтылған кешенді жұмыстардың бәрі Орал қаласында тұрғын үймен қамту мәселесін жүйелі шешуге ықпал етіп отыр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал