Бүгінде облыс аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 900 гектарға жетті. Мұны шотқа қақсаңыз, Қазақстан бойынша 80 пайыздан астам жылыжайдың күн шұғылалы Оңтүстікке тиесілі екендігін аңғартады.
Ордабасы ауданы Бадам ауылына жақын орналасқан «Аделя» жылыжайы еліміздегі ең ірі кешен болып саналады. 16 гектар жерге қызанақ пен қияр еккен «Аделя» жылыжайынан жылына екі рет өнім жиналады. Мұндағы өнім гектарына 300-350 центнерден айналады.
– Қызанақ теру маусымында 180 адамға дейін жұмысқа қабылдаймыз. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 80 мың теңге. Ал өнімнің 90,95 пайызын Ресейдің теріскейіндегі Новосібір, Красноярск, Барнауыл секілді облыстарына экспортқа шығарамыз. Ал бізде сұраныс аздау. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларына да сұранысқа қарай қызанақ, қияр жеткізіп отырамыз. Мұндағы технология бойынша гербицидтер мен аммиакты селитра қосылмайды. Зиянды нитраттар көлемі белгіленген шектен 15 есе төмен. Дегенмен жылыжай көлемін арттыруға әзірге ниет жоқ. Оған басты себеп қуат көздерінің қымбаттығы, – дейді «Аделя» жылыжай кешенінің директоры Бақтияр Асылбек.
Бұл кешен индустрияландыру картасы аясында тұрғызылған. Әуелде 5 гектар жерге орналасқан жылыжай жобасының алғашқы кезеңінің инвестициялық құны 2 673,8 млн теңгеге жеткен. Екінші кезеңнің құны – 2 млрд 574 млн теңге. Жылыжай шаруашылығының өнімі экологиялық таза. Көкөніс өсіруде қолданылатын технология суармалы суды, тыңайтқышты және басқа да ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір жылыжай 16 гектар жерді алып жатыр. 2016 жылы 2 814003 кило өнім жиналса, 2017 жылдың жарты жылында 2 934 669 кило өнім жиналды.
Индустрияландыру картасының аясында «Аделяны» «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қаржыландырып отыр. Жеңілдетілген несиенің арқасында аяғынан тік тұрған серіктестік диқан қауымына жақсы үлгі болуда. Абыз Абай айтқандай, мұндағы жұмысшылар «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» нақылының жайын жақсы біледі.
Жарты жылда төрт мың тонна өнім жинаған жылыжай басшылығы осында еңбек етіп жатқан қауымның жалақысын беріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайларының оңалуына да жәрдемдеседі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы