«Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» – еліміздегі 400 мыңға жуық ғалым әйелдердің мүддесін қорғап, елдегі түрлі мәселелер бойынша азаматтық ұстанымдарын көрсету үшін құрылған бірлестік. Былтыр құрылған қоғамдық бірлестіктің маңына еліміздегі түрлі сала бойынша танымал қайраткер һәм ғалым әйелдер топтастырылған.
Ұлттық академиялық кітапханада өткізілген ғалым әйелдердің форумы дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылып, онда еліміздің латын әліпбиіне көшудің әдістемелік жағы талқыланды. Шараны жүргізген «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» бірлестігінің президенті Таңат Аяпова ең алдымен форумның мән-маңызына тоқталып, латын әліпбиі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. «Біз Қазақстанның ғалым әйелдері Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шығарған Жарлығын бірауыздан қолдаймыз. Латын әліпбиіне көшу туралы идея дәл уақытында айтылды. Бұл тарихи маңызды шешім. Болашақта дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырғандықтан, ол елдердің көбінің жазуы латын әліпбиімен жазылатынын да ескерген жөн. Біз бүгін латын әліпбиіне көшуді емес, латын әліпбиіне тезірек көшу үшін қандай әдістеме ұсынамыз, латын әліпбиін көпшілік көкейіне қондыру үшін қалай насихаттаймыз деген мақсатта жиылып отырмыз», деді ол.
Форум барысында белгілі педагог, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде еліміз экономикалық тұрақтылығы мен қуаттылығының арқасында үшінші жаңғыруға қадам басқанын атап өтіп, қоғам дамуының әр кезеңінде түрлі салалардың алға шығып отыруын табиғи заңдылық ретінде көрсетті. «Елбасының стратегиялық жолдаулары мен мақаласында қазақ жазуын латын графикасына көшіру сатылап жүзеге асырылатыны айтылған. Тілімізді дамыту және әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін латын графикасы бізге ауадай қажет екенін қоғамға, жалпы халыққа түсіндіру үшін зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері атсалысуда. Мен тіл мамандарына ризамын, олар өте жақсы белсенділік танытты», деді А.Миразова.
Шараға қатысқан ғалымдардың көпшілігі латын әліпбиін тез үйретудің жолдарын айтып, әдістеме жасау жайына тоқталды. Жиын соңында олар қазақ тілі мен ағылшын тілін сапалы үйрену жайы айтылған үндеу қабылдады. Үндеуде латын әліпбиіне көшу реформасы арқылы еліміздің әлемдік қоғамдастықта өз орнын бекіте алатыны, бұл елімізге үлкен жетістіктер сыйлайтыны, ХХІ ғасырда дамудың жаңа сатысына аяқ басқанымызды көрсететіні атап айтылған.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»