Еліміздегі атаулы датаның тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан басталады. Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген.
Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттардың мемлекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар.
Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді.
Статистика қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Дегенмен ол белгілі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан статистика ғылымы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік әдіс-тәсілдер, ережелер жиынтығы арқылы жасайды. Тіпті оны басқа да ғылымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз.
Жүз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекеттік статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесі. Қазақстанның қазіргі статистика жүйесінде Статистика жөніндегі агенттік осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілетті орган саналады және елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады.
Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» заң реттейді. Бүгінгі таңда статистикалық қызметтің дамуы Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылады. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын әрбір мемлекеттік орган нақты әрекеттер белгілеп, операциялық жоспар құрады.
Республикамыздың статистика органдары экономика, әлеуметтік және демографиялық индикатор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі салалар бойынша халықаралық талаптарға сай объективті және толық мәлімет бере алады.
Бір айта кетерлігі, 2003 жылы Еуростат Қазақстанның статистикалық жүйесіне алғаш рет жан-жақты талдау жасап, баға берді. Халықаралық ұйымның ұсынысы Қазақстандағы статистика жүйесін дамыту және жетілдіруге арналған бағдарламаларды жасау барысында да ескеріліп отырды.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»