Мұндай салиқалы саясат өз нәтижесін берді. Мемлекетіміз ширек ғасыр ішінде елін де, ерін де танытты. Береке-бірлікке, тату тірлікке ұйыған халқымыз достықтың туын көтеріп, білектей бірікті, жұдырықтай жұмылды. Соған куә болғандықтан да елдік жайын айтқанда көкейде көрікті сөз, көркем ой өзінен өзі қанаттанып кетіп жатады екен.
Ел әлеуеті артқан, тамырымыз бекіген соң рухани жаңғыруға бет бұрдық. Мұның да ұлы идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Ол оның кемел ойынан, тегеруінді байламынан бастау алып, өзі жариялаған үшінші жаңғырудан тамыр тартып отыр. Бұл дегеніңіз, саяси реформа мен экономиканы жасампаздықпен дамыту, әлемдегі белді де беделді 30 елдің қатарынан орын алу болып есептеледі. Осы бір керемет жұмысты атқару барысындағы мақсаттар мен міндеттер Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты айтулы мақаласында баяндалды.
Елбасының мақаласы шағын болғанмен, көтерген жүгі үлкен.
Арғы-бергі тарихымыз сараланып, ұлттық үлгі әдемі көрсетілген «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», дей келіп, рухани код туралы айтып «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», дейді. Соңғы мысалдан не аңғаруға болады? Сөзге бой алдырмай, нақты жұмысты атқару керектігін тапсырады. Ақиқатына келсек, бұл мақала мемлекетіміздің ертеңіне бағыт-бағдар, кей тұста батыл қадамдар жасау қажеттігін көрсетіп отыр. Мәселен ұлттық кодты жүйелі жүргізу ісінде ақыл мен парасат алда тұру қажет деп ескертеді. «... Ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», дейді.
Президент даму жолымыз революциялық емес, эволюциялық жолымен болу керектігін де ескертеді. Бүгінгідей құбылып тұрған заманда әр қадамымызды ой тереңінде қорыту керектігін тереңнен қозғап, өткен ғасырдың аласапыранынан дәйектер келтіреді. Одан сабақ алуды ұсынады. Сөзіміз жалаң болмас үшін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына көз жүгіртіп көрелік.
«Өткен ХХ ғасыр халқымыз қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады», дейді де қазақ тілі әліпбиінің тарихын таратады.
Бұл бір күннің емес, көп жылдың жемісі деуіміз керек тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде бұрын болған латын әліпбиін қайта оралту жайы қозғалған. Оған Елбасы үлкен әзірлікпен бірте-бірте келу керектігін айтқаны бар еді. 2012 жылы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді қамтыған стратегиясында Президент «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деген. Сол ұлы идея пісіп-жетіліп жүзеге асыру қолға алынып отыр.
Түп-тамырымыз бірдей делінетін ағайындар елдігін ала салып латын әліпбиіне көшіп жатты. Бірақ олар сол әліпбиін әлі жетілдірумен келеді. Біздің ел бұл іске салиқалылықпен, жан-жақты ойластырумен табан тіреп отыр.
Латын әліпбиіне өтудің басты тірегі, бұл – ұлт тілінің болмысын сақтау, кей тұста жөнсіз өзгеріске түскен сөздерімізді, әсіресе адам аттарын халықтық қалыппен жазуды жүйелі түрде жүзеге асыру. Кешегі кеңес дәуірінде тіліміздің арқауы босады. Әрлі де нәрлі тіліміз әлсіреді. Сөз құдіретін көп жағдайда ұғына беруден қалғанымызды несін жасырамыз. Сөзге тоқтаған халықтың ұрпағы шұбар тілдің шырмауында қалды, соның зардабы әлі жойыла қойған жоқ. КСРО заманында өмір сүрген халықтардың бастапқы кезде 200-ге таяу ұлттық тілі болса, кейін соның 93-і ғана қалып, өзгесі жойылып кетті. Мұны Елбасы мақаласында айтылған зұлмат демей не дерсің. Әлемдік жағдайға зер салсаң, алты мың тіл болған екен. Қазір соның көбі құрдымға кеткен. Зерттеушілердің болжамына қарасаң 2100 жылы жүз тілдің қалу-қалмауы екіталай көрінеді.
Сонымен көптен күткен ниетіміз ақталып, мақсат айқындалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл ұлт рухын көтерген сәт еді. Енді сол ұлт әліпбиі төрге озады. Мұны бабалар аманатының орындалып, тәуелсіз ел тарихы ұлт әліпбиімен жазылып, құндылықтарымыздың құлпыруына жол ашылады деген сөз. Дүние жүзі бұған дейін бізді өзге жұрттың жазылуымен танып келсе, енді латын қарпіндегі қазақ әліпбиі арқылы оқитын болады.
Осы күндері әлемнің 112 мемлекеті латын әліпбиін қолданады екен. Бұған қарағанда біз де сол көптің қатарына қосылып, азат елдің айбынын асыра беретін боламыз. Өркениет көшіне іркілмей қосылуға жол ашылады. Тағы бір айтарымыз, Елбасының осындай кемел ісінің нәтижесінде Қазақ елі діні бір, тілінің де арқауы ұштас жатқан түркі дүниесімен бір мақсат, бір міндет жолында жақын араласатын болады. Ортақ істі жүргізуге де мүмкіндік туады. Әсіресе алыс-жақын шетелдерде күн кешіп жатқан қандас бауырлармен тіл табысуға да тигізер септігі өлшеусіз.
Жарты жыл талқыланып қабылданған қазақ тілінің әліпбиі қиындықсыз жүзеге асады десек артықтау болады. Мұндай елдік іске бүкіл жұртымыз жұмылуы тиіс. Атқаратын жұмыс жетіп-артылады. Мәңгі елдің, мәңгі әліпбиі мінсіз болуды Елбасы бүкіл зиялы қауымға, оның ішінде тіл білімінің өкілдеріне, лингвист ғалымдарға сеніп тапсырып отыр. Тілдің қадір-қасиетін арттыру үшін әр сөздің жазу ережелері, емлелері сарапталуы керек. Кейбір дыбыстарды дұрыс қолдану мәселесі орфографиялық сөздіктерде дау тудырмайтындай орын алуы тиіс деп білемін. Жалпы, жұрт жүгінетін сөздіктер бірінші кезекте қолға алынса құба-құп. Өйткені кириллицамен жазылған кейбір қазақ сөздері күні бүгінге дейін бірізділік таппай әркім өз топшылауымен жазып жүргені белгілі. Мұндай олқылық тәуелсіз ел әліпбиімен жазылатын тіркестерден орын алмағаны, әсіресе ұрпақ үшін пайдалы болар еді.
Мені де бүкіл өмірімді ғылымға арнаған азамат ретінде осы мәселелер қатты толғандырып отыр. Әр жылдары жарық көрген сөздіктерді саралағанда байқағаным, қазақтың байтақ даласында жаратылған сөздеріміздің жазылуы мен айтылуы әртүрлі болып келеді екен. Жаһандану заманында жас ұрпақты ана тілін терең білуге баулу барысында әр сөзіміздің түп-тамыры терең көрсетіліп, оның баламалары айқындалса деген тілек бар. Мұның бәрі ең алдымен, тіл мамандары мен айтулы оқымыстылармен, зерделі жандармен кеңесе отырып шешетін жұмыс деп ойлаймын. Президент нақтылап берген 2025 жылға дейін осындай жұмыстарды ақаусыз атқарып алсақ ұтылмас едік. Ендігі жерде сөз емес, нақты іс нәтиже береді. Ең бастысы, әліпби іргесін бекітетін ғылыми негізді жасау қажет секілді. Бұған Президент мол мүмкіндік беріп, жеті жылға таяу уақыт белгіледі.
Бұл шара жүйелі жүзеге асса халықтың қолдауы болады. Осындай игілікті жұмысты үлкен қалаларда емес, қияндағы ауыл жұртына жеткізуді басты мақсат ету қажет. Бұған жергілікті жерлердегі әкім-қаралар ерекше мән беруі тиіс.
Техника мен технология жағынан не істей аламыз деген сұрақ төңірегінде Қазақстан Ұлттық инженерлік академия ғалымдары да алуан түрлі жоспар-жобалар қарастыру үстінде. Елдігімізді танытқан рәміздей тағы бір құндылығымыз – қазақ тілі әліпбиін қолданысқа енгізу ісінде кешігуге де уақыттан ұтылуға да болмайтын сәт туып отыр. Мұны тарихи кезең деп бағалай отырып, тиісті мекемелер, тіпті бүкіл отандастарымыз жұмылуы керек. Ал оны үйлестіретін басты мекемелердің қатарында Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, болашақ ұрпаққа қажет екенін кең ауқымда түсінетін Білім және ғылым министрлігі тұрса нұр үстіне нұр.
«Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр», деді Президент. Ендеше осы тарихи мүмкіндікті дұрыс түсініп, салғырттықтан арылып, ой санамызды уақыт талабына қарай жаңғырта алсақ, өркениетті 30 елдің қатарынан табыларымыз сөзсіз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым
комитетінің мүшесі