Кино • 09 Қараша, 2017

«Қазақстан аңыздары» BBC World News телеарнасынан көрсетіле бастады

519 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір қызығы, ғаламның ға­жа­йып ғимараттарының тұр­ғы­зылу тарихы ұмыт қалып жататыны да бар. 

«Қазақстан аңыздары» BBC World News телеарнасынан көрсетіле бастады

Кейде турис­терге немесе саяхат­шы­лар­ға монументтің өзінен оның тұр­­ғызылу тарихы тартым­дырақ. Оның мәдени және тарихи ескерткіш ретін­дегі ала­тын орны туралы да ақпа­рат алғысы келеді. Дәтке қуат дейті­німіз, даламыздың төрін­де бірқатар тарихи кесене­лер сақ­талып қалды. Соның арқа­сында бұл архео­логиялық ес­керт­кіш­тер ұлт­тың шын мәнін­дегі құн­дылығына айналды.

Сонымен «Қазақстан аңыз­дары» жарнамалық шарасы аясында, Қазақстанның қа­­сиет­ті жерлері – Айша бибі кесе­не­сі, Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сі және археологиялық қазба­­лар нәтижесінде табылған ең танымал жәдігер «Алтын адам» туралы түсірілген бейнебаян­дар биыл 4 қарашадан бастап BBC World News телеарна­сын­да көрсетіле бастады. Бейне­ро­ликтерді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша BBC өкілдері және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп түсірген. 

Бейнероликтер­дің тү­сі­­­рілім­дері үстіміздегі жыл­дың қыр­күйек айында «Қазақ­фильм» кино­студия­сының ау­ма­ғы мен Есік, Үшқоңыр, Түр­кі­стан, Қап­шағай қала­ларында өт­ті. Жо­ба­ны жүзеге асыруға отан­дық және шетелдік мамандар тар­­тыл­­­ған. Бейнебаяндардан Оң­да­­­сын Бесікбасов, Нұрлыбай Есім­­­­ға­­­лиев, Шұғыла Сапарғали, Аян Өтеп­­­берген, Динара Бақ­ты­бае­ва, Фа­­риза Ескермес сияқ­ты отан­­­дас­­­тары­мызды көруге болады. 

– Осы жылы көктемде Елба­сы рухани жаңғыру аясын­дағы басты жоба ретінде – «Қасиет­ті Қазақстанды» атаған болатын. Ұлттық кодымыз­дың негізі болып табыла­тын, хал­қы­мыздың бай мұра­сы мен мәдениетін насихаттау үшін, «Қазақфильм» киностудиясы BBC World News телеарнасымен бірлесе отырып, «Қазақстан аңыздары» атты жарнамалық кампанияны бас­тап кетті. Кампанияның басты мақсаты – сыртқы және ішкі мәдени туризмді дамыту. Бұл бастама өз кезегінде жаһан­­дық бәсекелестікке жұтыл­мау­­­дың бір құралы болып та­была­­ды, деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кинос­тудия­сы­ның вице-президенті Серік Жұбандықов. 

Қысқасы, BBC World News телеарнасына жол тартқан түсі­рілім тобында режиссер Дарья Чернова (Лондон), қоюшы опера­­тор Денис Аларкон-Рами­рес (Мәскеу), қоюшы сурет­ші Бөпеш Жандаев (Қазақстан) бар.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ