«Бекет ата жатқан жерге дейін жол салынса» деген көптің тілегі 2011 жылы орындалған болатын. Осы жылы ұзындығы 97 шақырымды құрайтын жол төселіп, арнайы «Ата жолы» деп аталып халық игілігіне ұсынылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы» тапсырмасына сәйкес биыл бірнеше қабаттан тұратын автожолдың соңғы қабаты, яғни асфальттау жұмыстары қолға алынып, оған 5 млрд теңге бөлініп отыр. «Ата жолын» жаңартудың бір себебі «өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әруаққа құрмет болса, екіншісі – халыққа қызмет, үшіншісі – өңірде туристерге жағдай жасап, туризмді дамыту. Қазіргі таңда жобаның реконструкциялау жұмыстары басталып, Қарақия ауданының аумағында асфальт төселді. Жалпы құны 5,042 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 97 шақырым жолдың 51 шақырымын асфальттауды 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр. «Ата жолы» автожолы өңірдегі туристік орындарға, яғни Шопан ата, Оғланды және Бекет ата зиратына апаратын жол. Бұл орындар Маңғыстау өңірінің ғана емес, еліміздің мәдени мұрасы саналады және Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құруға бағытталған «Киелі мекен» арнайы жобасына кіреді.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, отандық туризмді дамыту үшін алдымен логистика мен инфрақұрылымды жандандыруымыз қажет. Бүгінгі «Ата жолы» автожолын жаңартудағы негізгі мақсатымыз осы. Яғни сапалы жол салынса, адамдар келеді, тіршілік басталады. Басқа да қызмет көрсету орталықтары бой көтеріп, көптеген кәсіпкердің табыс табуына жол ашылары анық. Бұл жол жақсылыққа бастайтын жол болмақ, – деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов, жаңарту жұмыстары Үкіметтің қолдауы арқылы Маңғыстау облысы әкімдігі мен Инвестициялар және даму министрлігі бірлесіп атқарып жатқан көп істердің бірі екендігін атап өтті.
Өткенді қастерлеп, әруақты құрметтей білген халық болғандықтан, ата басына зияраттауды есінен шығармайтын иісі мұсылман бұл іске риза. Ұрпақ санасына осы қалыпты сіңіріп, жақсылыққа, ізгілікке бастауда «Ата жолы» адастырмасы анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суретті түсірген
Серік МАЙЕМЕРОВ