Қазақстан • 09 Қараша, 2017

«Дулығалы» мешітінде кешенді жаңғырту жұмыстары жалғасуда

1018 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Заманында өзіндік өркениет орталығы болған рухани-мәдени кешен азып-тозып бара жатқаны жөнінде «Егеменде» алғаш рет 1996 жылы ақпанда мәселе көтерген болатынбыз. Кейін кешен «Мәдени мұра» бағдарламасына енді.

«Дулығалы» мешітінде кешенді жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Бірақ бұл оңай шаруа емес екен. Оны құжаттандырудың өзіне қыруар қаражат пен шығар­машылық күш-қуат кетті. Эконо­микалық дағдарыс етектен тартты...

Кешенге кіретін Құлмұхамбет ишан кесенесін жаңғырту бұрнағы жылы ғана бітті. Енді кезек тоғыз күмбезді мешітке келді. Мердігер фирма биыл іске кірісті.

Құлмұхамбет кім?

Қасиетті Ұлытаудың қап­та­лын­дағы осы құнарлы топы­раққа саналы ғұмырын елінің ру­хани қазынасын еселеуге, кө­ңіл көкжиегін кеңейтіп, кемел­дендіруге арнаған талай ардақты азаматтың кіндік қаны тамды. Сондай зиялы қауым шоғырында имандылық үйі – мешіт пен білім ошағы – медресе салуға ұйтқы болған Құлмұхамбет айрықша көрінеді. 

Қыпшақ Бердікейдің белбаласы Құлмұхамбет ишан кім? Әрине ол туралы тасқа басылып қалған құжат жоқ. Бірақ оның халқына тигізген шарапаты, өт­керген өнегелі өмірі ел аузында аңыз болып сақталған. Алайда «аңыз» деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені ол 1841 жылы туғаны бесенеден белгілі.

Құлмұхамбеттің әуелде сауатын аш­қан әкесі Арыстанбай. Алайда зерделі жет­кіншек қара танығанды қанағат тұт­пайды. Білім теңізінің тереңіне ұмтыла­ды. Соның сәті ойламаған жерден ­түседі. Ол он бір жасында ауыл ақсақалдары мен әкесінің батасын алып, жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, алыс сапарға аттанады.

– Межелі жерге жеткенше бізге қа­зан­шы болады. Бет алған бағыт тым шал­ғай, теңіздің арғы жағы. Ұзақ жүреміз, күт­пеген қиындық пен қауіп-қатер кезі­геді. Егер соған шыдаса, еңбегін же­меймін. Сосын бір танымал медресеге тапсырамын, – дейді, биік мақсат жалына жармасқан жұдырықтай жеткіншекке сүйсінген саудагер.

Керуен межелеген жеріне аман-есен жетеді. Саудагер сөзінде тұрып, Құлмұхамбетті алыстағы араб елінің бір тәуір медресесіне тапсырады. Оның қанша жыл оқығаны бізге беймәлім, белгілісі – елге он алты жылдан кейін бір-ақ оралады.

Құран-қари және ишан дәре­жесінде хатым-шарт алады. Сол елдің ірі орта­лығындағы бір ме­шітте қызмет қылып, тәжірибе жинайды. Сонымен бірге медицина, зергерлік, ұсталық, ағаш шебері, құрылыс саласын қоса меңгереді.

Ол жат жерде жүріп жиған-терген өнерін елге үйретуге ұм­тыл­ған. Аса діндар әрі өнерлі Құл­мұхамбет өте дарынды тұлға болған.

«Дулығалы» мешіті

Құлмұхамбет ишан қазір қи­рап жатқан мешітті 1904 жылы салған. Алғашқысын «Ақсудың» табанынан ойылған шымнан ауылдың еңісіне тұрғызған. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай ор­натқан. Алайда ойдағы мешітті қыста қар басып қала бергесін, қырдан жаңасын салады.

Дала комиссары Әліби, сардар Аман­келді алғашқы мешітте сауат ашқан. Облыс аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштің мемлекеттік тізімінде Аман­келді туып-өскен үй, «Дулығалы мешіті» мен «Дулығалы медресесі» бар. Батырдың үйін білмеймін, ал қалған екеуі туралы айтайын.
Жаңа мешіт жобасын Бұқара үлгісімен 9 күмбезді қылып Құл­мұхамбет ишан сызыпты. Кірпіш құйғанда басы-қасында болып, басшылық жасаған. Бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген он түрлі кірпіш құйып, күйдірген көрінеді. 

Ишан кесек құятын қалыпты өзі үш жыл шапқан екен. Кесек күйдіретін пеш салуға да қаты­сыпты. Қалыптың дайын болу барысына қарай уақыт өткізбей, дереу кесек құйып, күйдіріп отырған. Отынға тобылғы мен қамыс пайдаланған.

Мешіттен кейін 24 бөлмелі ме­дре­се салады. Төбе жабатын ағаш­ты, еден­дік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Науырзымнан тасыған. Құрылыс 1920 жылы бітеді. Оған дейін балалар мешітте оқиды. Арнайы шақырылған Ғалиулла деген татар орысша дәріс береді. 

Оған көпшілік қар­сы болғанда бабамыз: ­«Жылда орыс-орма­ны көп Қостанай, Көк­шетау, Ақмолаға барып сауда жасағанда, тілмаш жалдаймыз. Ал балалар орысша үйренсе, тілмашқа төлеген қара­жат қалтаңда қалады», деп орнықты ой тастапты.

Бұл кешенді «Терісбұтақ мешіті», «Бердікей мешіті», «Құл­­мұхамбет ишан мешіті» деп әр­түрлі атап жүр. Қолжазбада да алма-кезек кездеседі. Сірә, «Ду­лығалы мешіті» атауына табан тіреген жөн. Неге? 

Іргесіндегі «Талдықұдықтан» күн көтеріле немесе батарда мешіт тұрған үстіртке қарасаң, сапқа тұрған дулығалы қалың қолдың сұлбасын байқайсың. Кәдімгі қалың әскердей әсер қалдырады. Керемет көрініс! 

Сарбаздар серттескен...

Бұл – Аманкелді сарбаздары серттес­кен тарихи орын.

Алайда оны екінің бірі біле бермейді. Осында құрбандық шалынып, аймақтың аузы дуалы ақсақалдары сардар соңына ерген сарбаздарға бата берген. Бұл басқосуға сол төңіректегі барлық болыс­тың игі-жақсы, сыйлы азаматы мен атқамінері жиналған.

Ұлт-азаттық көтерілісі қазақ да­ла­сын дүр сілкіндірді. Ол – алаңғасар «ақ­ патшаның» жарымес жарлығына халықтың бей-берекет қарсылығы емес, тәуелсіздікке ұмтылған ұлт-азат­тық күре­сінің соны сипаты еді. Қарулы көтеріліс Қазақстанда үш жүзге жуық болысты қам­тыды. 

Отты ошаққа айналған Торғай өл­ке­сін­дегі өрттей лаулаған тол­қу­ды тұн­шықтыруға патша жазалаушының тың күшін дүркін-дүркін аттандырды. Ал Аман­келді сарбаздары мұздай қаруланған жазалаушының жазасын беріп отырды. Өйткені олар бұқпантайлаған бердеңкелі топ емес, темірдей тәртіпке бағынған бе­рік әскер еді. 

Жасақ негізінен Ұлытау, Қар­сақбай, Байқоңыр, Жезқазған төңірегіндегі жұ­мысшы мен шаруадан тұрды. Ірі ошақтың ортасы Торғай болғанмен, Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын, «Аруақ!» деп аттандап атқа қонған ер-аза­маты алғашқы жиынды «Дулығалыда» өткізді. 
А.Имановты қолбасшы-сардар деп таныды. Ол жорыққа бүкіл бес болыс­ Қыпшаққа киелі мекен болған на­ғашы жұртынан бата алып аттанды. Құл­мұхамбет – Аманкелдінің түп наға­шысы (Қалампыр шешей ишан тұқы­мынан – авт.). Сөйтіп мешіт елдік сынға түскен сәтте рухани қуат берді.
 Көп жерде толқу екі-үш айдан аспаса, Торғай даласындағы көтеріліс жеті айға созылып, патша тақтан құлағанша тоқтамады. Кей дерек Аманкелді сарба­зының саны елу мыңға жеткенін дәйек­тейді. Ол қазақи қалыппен өсіріп айтыла салған сан емес. 

«Генерал Сандецкий 26 ноября сообщал, что в восстании участвуют до 50 тысяч аскеров... На умиротворение края потребуется не менее 1-2 лет» (История КазССР с древнейших времен до наших дней. КазОГИЗ 1946г. 391стр). 

Рухани-мәдени кешен куәсі

Бұқара үлгісімен салынған то­ғыз күмбезді мешіт, сырты өр­некті қызыл кірпішпен өріл­ген жиырма төрт бөлмелі мед­ре­се, Құлмұхамбет ишанның ке­лісті кесенесі мен қызыл үйі – «Дулығалы» өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жө­нін­дегі маңызды мақаласы талайдың санасына саңылау түсірді. Туған топыраққа деген түсінікті терең­дет­ті. Киелі орын­ға, қа­шық­тығына қара­мастан, қа­зір де тәу етіп жан-жақ­тан жұрт келіп жатады. 

Бұл жердің табиғаты да таң­ғаларлық. Аламан бәйгеге ат қосқандай аумақтағы елді елең еткізер басқа да ерек­шелікті ескере кеткен артық болмас. Егер қасиетті Ұлытау өңірінде туризм дамитындай күн туып жатса, одан онша қашық емес «Дулығалы мешіті» бір бекетіне айналары сөзсіз. «Қазақстанның қасиетті орындары» тізіміне «Қойлыбай әулие кесенесі» екеуі енгенін айта кетейін.

Мешіт пен медре­сенің ара­сындағы едәуір ашық алаңқай майда ақ қиыршық тасты, тақтайдай теп-тегіс. Мешіттің солтүстігінен Құл­мұхамбет кесенесіне дейінгі кеңістік – борбас. Кесененің солтүстік-батысына қарай қызыл топы­рақты қырат жатыр. Ауыл оны «Қызыл саң» дейді. Оңтүстігі – арнасы бірнеше ауыл еркін қонатындай «Дулығалы» өзені.

Сәуірде арнасынан асып, ас­таң-кестең таситын асау өзен мамырдың ортасы ауғанша өткел бермейді. Жазға салым жеке-жеке «қарасуға» айналады. Бір ғажабы, арнасы бір әлгі қаз-қатар «қарасудың» дәмі әртүрлі, әрқайсысында атау бар. Ол атаудың да астарында тұнған тарих жатыр.
Ауыл іргесіндегі «қарасу» сондай кермек, жағасын сортаң басып, сағал-сағал болып жатады. Одан ілгерідегі суы сәл кермектеу «Ақшеңгел» мен «Қауын­қарасудың» жағалауына керісінше қамыс пен құрақ қалың өседі. Ал «Тойғыл» мен «Қолдастың» балығы тайдай тулаған.

 Ойдым-ойдым «қарасудың» барлығы кермек, ал «Ақсу» – тұщы. Атауына сай суының түсі сүтке ұқсайды. Оның суына жуған шаш жылтылдап шыға келеді.

Амал қанша, Жаратқан ием жалқы жарата салған, Табиғат-Ананың адам таңғаларлық талай тамашасы табылатын, оның үстіне тарихи маңызы бар осындай орын тағдыр тауқыметін тартып-ақ тұр: мешіттен мүжілген мұнара қалған, медресе орнында үйінді жатыр, ишанның «Қызыл үйінің» қаңқасы қараяды... 

Кәсіпқой көзқарасы

Әрине ұзақ жыл желдің өті, күннің көзі, қар мен жаңбыр астында әбден тозған, қаусап қираған нысанды қалпына келтіру қиын. Бірер жылда біте қоймасы белгілі. Құлмұхамбет ишанның темiр құрсаудың күшiмен әупiрiмдеп әрең тұрған кесенесiн бұрнағы жылы жаңғыртқан «Ұлытау-Ұлар» мамандандырылған жөндеу-жаңғырту фирмасының басшысы Әнуар Төлебаев былай дейді:

– Ұлытау өңіріндегі көптеген тарихи-мәдени ескерткіш қатарында «Дулығалы» мешітінің алатын орны айрықша. Оны аймақтың өлкетанушысы ғана емес, елге танымал тарихшы, этнограф, археолог ғалым да зерттеген. 

Мешіттің салынған жылы жөнінде екіұдай пікір бар: бірі – 1904, екіншісі – 1910. Менің пайымдауымша, екі деректе де негіз бар. Себебі консервациялық сараптама кезінде анықталғандай, алдымен мешіт шикі кірпіштен көтеріліп, кейін сырты қызыл қышпен қапталғаны көрініп тұр. 
Оған он түрлі қалыптағы оюлы қыш пайдаланылған. Қыш күйдірген пештің орны осы күнге дейін сақталған. Ою-өрнекті қыш пайдалану – Құлмұхамбет ишанның ізденісі мен еңбегі. Ұлытау өңірінде мұнарасы сақталған екі мешіт бар: біреуі – Қарақойлы Қыпшақ Жәку­данікі, екіншісі – «Дулығалы». 

Екеуі де ХХ ғасырдың басында са­лынған. «Дулығалы» бұрынырақ тұр­ғызылған, шикі кірпіштің сырты қызыл қышпен қапталған. Ал Жәкуда мешітінің мұнарасы толық қызыл қыштан қаланған. Мұнараға көтерілудің де өзгешелігі бар. 

Қасбеттің тәуір сақталған тұсынан ме­­шіттің сыртқы қабырғасының жалпы қалану тәсілімен танысуға мүмкіндік бар. Ұстаның қалау тәсіліне тәнті боласың, ал қыштың сапасы әлі сыр бермеген, кеше ғана пештен шыққандай. 

Консервациялық жұмыс жүргізер ал­дындағы сараптама мешіттің жобалау құжатын жасау кезінде көп септігін тигізді. Құрылысы бұл өңірге тән емес. Дәл «Дулығалы» мешітіндей құрылысты Жезқазған-Ұлытау жағынан әлі кездес­тірмедім. 

«Дулығалы» мешіті 2011 жы­лы консервацияланды. Бел­гіленген біраз істің басы қайта­рылды. Сосын аудан имамы ара­ға ондаған жыл салып азан ша­қырды, жұма намазы оқылды. Ен­ді Аллатағаладан сондай күнді жаңғыртылған мешітте көруге жазсын деп тілейік. 

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы 
сыйлығының лауреаты

Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы