Бірақ бұл оңай шаруа емес екен. Оны құжаттандырудың өзіне қыруар қаражат пен шығармашылық күш-қуат кетті. Экономикалық дағдарыс етектен тартты...
Кешенге кіретін Құлмұхамбет ишан кесенесін жаңғырту бұрнағы жылы ғана бітті. Енді кезек тоғыз күмбезді мешітке келді. Мердігер фирма биыл іске кірісті.
Құлмұхамбет кім?
Қасиетті Ұлытаудың қапталындағы осы құнарлы топыраққа саналы ғұмырын елінің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге арнаған талай ардақты азаматтың кіндік қаны тамды. Сондай зиялы қауым шоғырында имандылық үйі – мешіт пен білім ошағы – медресе салуға ұйтқы болған Құлмұхамбет айрықша көрінеді.
Қыпшақ Бердікейдің белбаласы Құлмұхамбет ишан кім? Әрине ол туралы тасқа басылып қалған құжат жоқ. Бірақ оның халқына тигізген шарапаты, өткерген өнегелі өмірі ел аузында аңыз болып сақталған. Алайда «аңыз» деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені ол 1841 жылы туғаны бесенеден белгілі.
Құлмұхамбеттің әуелде сауатын ашқан әкесі Арыстанбай. Алайда зерделі жеткіншек қара танығанды қанағат тұтпайды. Білім теңізінің тереңіне ұмтылады. Соның сәті ойламаған жерден түседі. Ол он бір жасында ауыл ақсақалдары мен әкесінің батасын алып, жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, алыс сапарға аттанады.
– Межелі жерге жеткенше бізге қазаншы болады. Бет алған бағыт тым шалғай, теңіздің арғы жағы. Ұзақ жүреміз, күтпеген қиындық пен қауіп-қатер кезігеді. Егер соған шыдаса, еңбегін жемеймін. Сосын бір танымал медресеге тапсырамын, – дейді, биік мақсат жалына жармасқан жұдырықтай жеткіншекке сүйсінген саудагер.
Керуен межелеген жеріне аман-есен жетеді. Саудагер сөзінде тұрып, Құлмұхамбетті алыстағы араб елінің бір тәуір медресесіне тапсырады. Оның қанша жыл оқығаны бізге беймәлім, белгілісі – елге он алты жылдан кейін бір-ақ оралады.
Құран-қари және ишан дәрежесінде хатым-шарт алады. Сол елдің ірі орталығындағы бір мешітте қызмет қылып, тәжірибе жинайды. Сонымен бірге медицина, зергерлік, ұсталық, ағаш шебері, құрылыс саласын қоса меңгереді.
Ол жат жерде жүріп жиған-терген өнерін елге үйретуге ұмтылған. Аса діндар әрі өнерлі Құлмұхамбет өте дарынды тұлға болған.
«Дулығалы» мешіті
Құлмұхамбет ишан қазір қирап жатқан мешітті 1904 жылы салған. Алғашқысын «Ақсудың» табанынан ойылған шымнан ауылдың еңісіне тұрғызған. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай орнатқан. Алайда ойдағы мешітті қыста қар басып қала бергесін, қырдан жаңасын салады.
Дала комиссары Әліби, сардар Аманкелді алғашқы мешітте сауат ашқан. Облыс аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштің мемлекеттік тізімінде Аманкелді туып-өскен үй, «Дулығалы мешіті» мен «Дулығалы медресесі» бар. Батырдың үйін білмеймін, ал қалған екеуі туралы айтайын.
Жаңа мешіт жобасын Бұқара үлгісімен 9 күмбезді қылып Құлмұхамбет ишан сызыпты. Кірпіш құйғанда басы-қасында болып, басшылық жасаған. Бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген он түрлі кірпіш құйып, күйдірген көрінеді.
Ишан кесек құятын қалыпты өзі үш жыл шапқан екен. Кесек күйдіретін пеш салуға да қатысыпты. Қалыптың дайын болу барысына қарай уақыт өткізбей, дереу кесек құйып, күйдіріп отырған. Отынға тобылғы мен қамыс пайдаланған.
Мешіттен кейін 24 бөлмелі медресе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Науырзымнан тасыған. Құрылыс 1920 жылы бітеді. Оған дейін балалар мешітте оқиды. Арнайы шақырылған Ғалиулла деген татар орысша дәріс береді.
Оған көпшілік қарсы болғанда бабамыз: «Жылда орыс-орманы көп Қостанай, Көкшетау, Ақмолаға барып сауда жасағанда, тілмаш жалдаймыз. Ал балалар орысша үйренсе, тілмашқа төлеген қаражат қалтаңда қалады», деп орнықты ой тастапты.
Бұл кешенді «Терісбұтақ мешіті», «Бердікей мешіті», «Құлмұхамбет ишан мешіті» деп әртүрлі атап жүр. Қолжазбада да алма-кезек кездеседі. Сірә, «Дулығалы мешіті» атауына табан тіреген жөн. Неге?
Іргесіндегі «Талдықұдықтан» күн көтеріле немесе батарда мешіт тұрған үстіртке қарасаң, сапқа тұрған дулығалы қалың қолдың сұлбасын байқайсың. Кәдімгі қалың әскердей әсер қалдырады. Керемет көрініс!
Сарбаздар серттескен...
Бұл – Аманкелді сарбаздары серттескен тарихи орын.
Алайда оны екінің бірі біле бермейді. Осында құрбандық шалынып, аймақтың аузы дуалы ақсақалдары сардар соңына ерген сарбаздарға бата берген. Бұл басқосуға сол төңіректегі барлық болыстың игі-жақсы, сыйлы азаматы мен атқамінері жиналған.
Ұлт-азаттық көтерілісі қазақ даласын дүр сілкіндірді. Ол – алаңғасар «ақ патшаның» жарымес жарлығына халықтың бей-берекет қарсылығы емес, тәуелсіздікке ұмтылған ұлт-азаттық күресінің соны сипаты еді. Қарулы көтеріліс Қазақстанда үш жүзге жуық болысты қамтыды.
Отты ошаққа айналған Торғай өлкесіндегі өрттей лаулаған толқуды тұншықтыруға патша жазалаушының тың күшін дүркін-дүркін аттандырды. Ал Аманкелді сарбаздары мұздай қаруланған жазалаушының жазасын беріп отырды. Өйткені олар бұқпантайлаған бердеңкелі топ емес, темірдей тәртіпке бағынған берік әскер еді.
Жасақ негізінен Ұлытау, Қарсақбай, Байқоңыр, Жезқазған төңірегіндегі жұмысшы мен шаруадан тұрды. Ірі ошақтың ортасы Торғай болғанмен, Қайдауыл болысының қару ұстауға жарайтын, «Аруақ!» деп аттандап атқа қонған ер-азаматы алғашқы жиынды «Дулығалыда» өткізді.
А.Имановты қолбасшы-сардар деп таныды. Ол жорыққа бүкіл бес болыс Қыпшаққа киелі мекен болған нағашы жұртынан бата алып аттанды. Құлмұхамбет – Аманкелдінің түп нағашысы (Қалампыр шешей ишан тұқымынан – авт.). Сөйтіп мешіт елдік сынға түскен сәтте рухани қуат берді.
Көп жерде толқу екі-үш айдан аспаса, Торғай даласындағы көтеріліс жеті айға созылып, патша тақтан құлағанша тоқтамады. Кей дерек Аманкелді сарбазының саны елу мыңға жеткенін дәйектейді. Ол қазақи қалыппен өсіріп айтыла салған сан емес.
«Генерал Сандецкий 26 ноября сообщал, что в восстании участвуют до 50 тысяч аскеров... На умиротворение края потребуется не менее 1-2 лет» (История КазССР с древнейших времен до наших дней. КазОГИЗ 1946г. 391стр).
Рухани-мәдени кешен куәсі
Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – «Дулығалы» өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі маңызды мақаласы талайдың санасына саңылау түсірді. Туған топыраққа деген түсінікті тереңдетті. Киелі орынға, қашықтығына қарамастан, қазір де тәу етіп жан-жақтан жұрт келіп жатады.
Бұл жердің табиғаты да таңғаларлық. Аламан бәйгеге ат қосқандай аумақтағы елді елең еткізер басқа да ерекшелікті ескере кеткен артық болмас. Егер қасиетті Ұлытау өңірінде туризм дамитындай күн туып жатса, одан онша қашық емес «Дулығалы мешіті» бір бекетіне айналары сөзсіз. «Қазақстанның қасиетті орындары» тізіміне «Қойлыбай әулие кесенесі» екеуі енгенін айта кетейін.
Мешіт пен медресенің арасындағы едәуір ашық алаңқай майда ақ қиыршық тасты, тақтайдай теп-тегіс. Мешіттің солтүстігінен Құлмұхамбет кесенесіне дейінгі кеңістік – борбас. Кесененің солтүстік-батысына қарай қызыл топырақты қырат жатыр. Ауыл оны «Қызыл саң» дейді. Оңтүстігі – арнасы бірнеше ауыл еркін қонатындай «Дулығалы» өзені.
Сәуірде арнасынан асып, астаң-кестең таситын асау өзен мамырдың ортасы ауғанша өткел бермейді. Жазға салым жеке-жеке «қарасуға» айналады. Бір ғажабы, арнасы бір әлгі қаз-қатар «қарасудың» дәмі әртүрлі, әрқайсысында атау бар. Ол атаудың да астарында тұнған тарих жатыр.
Ауыл іргесіндегі «қарасу» сондай кермек, жағасын сортаң басып, сағал-сағал болып жатады. Одан ілгерідегі суы сәл кермектеу «Ақшеңгел» мен «Қауынқарасудың» жағалауына керісінше қамыс пен құрақ қалың өседі. Ал «Тойғыл» мен «Қолдастың» балығы тайдай тулаған.
Ойдым-ойдым «қарасудың» барлығы кермек, ал «Ақсу» – тұщы. Атауына сай суының түсі сүтке ұқсайды. Оның суына жуған шаш жылтылдап шыға келеді.
Амал қанша, Жаратқан ием жалқы жарата салған, Табиғат-Ананың адам таңғаларлық талай тамашасы табылатын, оның үстіне тарихи маңызы бар осындай орын тағдыр тауқыметін тартып-ақ тұр: мешіттен мүжілген мұнара қалған, медресе орнында үйінді жатыр, ишанның «Қызыл үйінің» қаңқасы қараяды...
Кәсіпқой көзқарасы
Әрине ұзақ жыл желдің өті, күннің көзі, қар мен жаңбыр астында әбден тозған, қаусап қираған нысанды қалпына келтіру қиын. Бірер жылда біте қоймасы белгілі. Құлмұхамбет ишанның темiр құрсаудың күшiмен әупiрiмдеп әрең тұрған кесенесiн бұрнағы жылы жаңғыртқан «Ұлытау-Ұлар» мамандандырылған жөндеу-жаңғырту фирмасының басшысы Әнуар Төлебаев былай дейді:
– Ұлытау өңіріндегі көптеген тарихи-мәдени ескерткіш қатарында «Дулығалы» мешітінің алатын орны айрықша. Оны аймақтың өлкетанушысы ғана емес, елге танымал тарихшы, этнограф, археолог ғалым да зерттеген.
Мешіттің салынған жылы жөнінде екіұдай пікір бар: бірі – 1904, екіншісі – 1910. Менің пайымдауымша, екі деректе де негіз бар. Себебі консервациялық сараптама кезінде анықталғандай, алдымен мешіт шикі кірпіштен көтеріліп, кейін сырты қызыл қышпен қапталғаны көрініп тұр.
Оған он түрлі қалыптағы оюлы қыш пайдаланылған. Қыш күйдірген пештің орны осы күнге дейін сақталған. Ою-өрнекті қыш пайдалану – Құлмұхамбет ишанның ізденісі мен еңбегі. Ұлытау өңірінде мұнарасы сақталған екі мешіт бар: біреуі – Қарақойлы Қыпшақ Жәкуданікі, екіншісі – «Дулығалы».
Екеуі де ХХ ғасырдың басында салынған. «Дулығалы» бұрынырақ тұрғызылған, шикі кірпіштің сырты қызыл қышпен қапталған. Ал Жәкуда мешітінің мұнарасы толық қызыл қыштан қаланған. Мұнараға көтерілудің де өзгешелігі бар.
Қасбеттің тәуір сақталған тұсынан мешіттің сыртқы қабырғасының жалпы қалану тәсілімен танысуға мүмкіндік бар. Ұстаның қалау тәсіліне тәнті боласың, ал қыштың сапасы әлі сыр бермеген, кеше ғана пештен шыққандай.
Консервациялық жұмыс жүргізер алдындағы сараптама мешіттің жобалау құжатын жасау кезінде көп септігін тигізді. Құрылысы бұл өңірге тән емес. Дәл «Дулығалы» мешітіндей құрылысты Жезқазған-Ұлытау жағынан әлі кездестірмедім.
«Дулығалы» мешіті 2011 жылы консервацияланды. Белгіленген біраз істің басы қайтарылды. Сосын аудан имамы араға ондаған жыл салып азан шақырды, жұма намазы оқылды. Енді Аллатағаладан сондай күнді жаңғыртылған мешітте көруге жазсын деп тілейік.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы