Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Қоғамдағы елеулі қауіптердің бірі – «цифрлық қауесеттер». Көп жағдайда пайдаланушылар мәселенің мәніне үңілместен, тексерілмеген, кейде тіпті жалған ақпаратты таратады. Назар аударту мен «хайп» қуған жекелеген тұлғалар өз әрекеттерінің салдарын елемейді. Ал шын мәнінде, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты жариялау бүкіл қоғам үшін қауіп факторы. Бұл жай ғана зиянсыз әзіл немесе интернеттегі пікір емес. Мұндай әрекеттер дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың қызметін тұрақсыздандыруы мүмкін», делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Құқық қорғау саласы мамандарының айтуынша, цифрлық әлемде толыққанды анонимділік деген нәрсе атымен жоқ. Яғни адам интернетте жасап жатқан әрекеттерім елеусіз қалады деп ойламауы керек. Сіздің виртуалды әлемге кіргеніңіз бен шыққаныңыз және онда жасаған әрбір ісіңіз өзінің «ізін» қалдырмай қоймайды. Оны өзге адамдар көрмегенімен, осы саланың арнайы мамандары қазбалайтын болса, табатыны сөзсіз.
«Интернеттегі анонимділік – миф. Заманауи техникалық мүмкіндіктер хабарламаны жіберген адамды, тіпті ол кейін жойылған жағдайда да, анықтауға мүмкіндік береді», дейді мамандар.
Біздің елімізде көрінеу жалған хабарлама жасау, соның ішінде интернет арқылы, мәселен, дайындалып жатқан жарылыс, өрт немесе адамдардың қаза болу қаупін тудыратын, мүлікке зиян келтіруге не өзге де қоғамдық қауіпті салдарға әкелуі мүмкін әрекеттер туралы өтірік ақпарат тарату қылмыстық құқық бұзушылық саналады. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте де жалған ақпарат беру үшін ірі көлемде айыппұл төлеу жазалары қарастырылған.
Бұл ел азаматтарынан интернетте барынша сақтық танытуды, тек сенімді дереккөзден алынған, тексерілген ақпараттарды ғана пайдалануды талап етеді. Мұны сөз бостандығын шектеу деп бұрмалау қателік. Сөз бостандығы – заңға қайшы емес ақпаратты таратуға берілетін құқық. Ал өтірік мәлімет таратып, мемлекеттің, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу жалпыға ортақ талаптарды аяққа таптауға жататыны айтпаса да түсінікті.
«Құқықтық нормаларды сақтау тұрмыста, бизнесте және медиа кеңістікте қауіпсіз орта қалыптастырады. Қылмыстық қудалау органдары тек жауапкершілік шараларын қолдануға ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ортақ міндетіміз – жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Өйткені мәдениет әрбір әлеуметтік желі қолданушысының жеке жауапкершілігінен басталады», делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Осы орайда ғаламтор кеңістігінде өзін толыққанды «еркін», дұрысырақ айтқанда, жауапсыз сезінген кейбір азаматтарымыздың оңды-солды өтірік ақпарат таратып, жазаға тартылып жатқан жағдайлары да аз емес. Мәселен, сондай оқиғаның бірі жуырда Абай облысында тіркелді.
3 наурызда Семей қаласындағы «Balapark» балалар ойын-сауық орталығында өрт орын алып, арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеген еді. Алайда қала тұрғыны Instagram желісіндегі қалалық пабликтердің бірінде аталған өрт салдарынан 18 адамның қаза тапқаны туралы жалған ақпарат жариялаған. Бұл желі оқырмандары арасында алаңдаушылық туғызды.
Артынша осы ақпаратты таратқан тұрғынның жеке басы анықталып, оған қарсы әкімшілік іс қозғалды. Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, оған ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша жалған ақпаратты жариялағаны және таратқаны үшін 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Интернет кеңістігінде шексіз еркіндік жоқ екенін, әрбір жүрісің мен тұрысың ұстамдылық пен байсалдылыққа негізделуі керек екенін, әсіресе, қолына смартфон ұстап туатын жас балаларға көбірек түсіндіру қажет. Оң-солын танымаған жас ойнап жүріп от басса, жауапкершілік оның ата-анасына артылатыны сөзсіз. Осы орайда прокуратура қызметкерлері жер-жерде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырып келеді.
Мәселен, таяу күндері Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы Май жалпы білім беретін мектебінің оқушыларымен жасөспірімдер арасында кездесуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Оқушыларға буллинг, бұзақылық, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру, есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен басқа да әрекеттердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі түсіндірілді.
Айта кетейік, жалған ақпарат тарату заңмен қатар, дінімізде де күнә іс саналады. Біреу айтпаған сөзді айтты деп немесе жасамаған істі жасады деп жария қылу – ғайбат. Ал өтірік айту – дінімізде де, дәстүрімізде де адамның сүйкімін кетіретін амал екені белгілі.
«Жалған ақпарат таратудың күнә әрі арам екені Құранда да, Пайғамбарымыздың хадистерінде де анық айтылған. Мысалы, бір хадисте: «Әрбір естігенін айту кісіге күнә ретінде жеткілікті», дейді. Сол себепті кез келген хабарды анық-қанығына жетпей тұрып таратуға тыйым салынады», дейді исламтанушы Медет Құрмашұлы.
Халқымыздың дәстүрінде сөз тасу, кісі арасын өтірік айтып бұзу ұят әрі мәдениетсіздік саналады.