Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кәсіби миграция дегеніміз не?
Ұлан-ғайыр аумақты иеленген еліміз үшін көші-қон үдерісін тиімді реттейтін мемлекеттік саясатты ұстану – экономикалық әрі демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да аса маңызды міндет.
Ұлттық статистика бюросының кейінгі (2025 жылғы) жариялаған миграциялық көрсеткіштеріне назар аударсақ, көші-қон алмасуының негізгі бөлігін ТМД елдері жүзеге асырған. Барлық келушілердің – 81,8, ал кеткендердің 71,8 пайызы осы елдерге тиесілі. Оған қоса Қазақстанға Қытай, Моңғолия және Германиядан келушілер жиілесе, елден көшкен азаматтар көбіне Германия, Польша және АҚШ-ты таңдаған.
2024 жылмен салыстырғанда, Қазақстаннан шығушылар саны 40,2 пайызға азайып, ал елге келгендер саны 18,9 пайызға төмендеді. Дей тұрғанмен, ашық дереккөздерде шекара асып, елден көшкендердің арасында жоғары және орта кәсіптік білімі бар отандастарымыз басым екені жазылған. Олардың қатарында техникалық, экономикалық, педагогикалық бағыттағы мамандар бар.
Экономист Рахымбек Абдрахманов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында елден білікті кадрлардың кетуі жай ғана көші-қон үрдісі емес, бұл елдің зияткерлік әлеуетіне, экономикалық дамуына және болашақ бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін алаңдатарлық құбылыс екенін атап өтеді.
«Егер 90-жылдары халықтың көші-қоны көбіне этникалық сипатта болса, яғни негізінен орыстар, немістер және басқа да этнос өкілдері қоныс аударса, бүгінде бұл экономикалық әрі кәсіби миграцияға айналды. Елден енді этностар емес, білікті кадр мен капитал кетіп жатыр. Оның үстіне шығын көлемі де айтарлықтай: кейінгі 20 жылда ел 336 мың техникалық маманды, 130 мыңнан аса педагогті, шамамен 70 мың медицина қызметкерін жоғалтты. Дәл осы мамандар экономика мен әлеуметтік жүйенің негізін құрайды. Бұл енді жай ғана халықтың көші-қоны емес, бұл – адам капиталының жүйелі түрде кетуі. Азаматтардың Қазақстаннан көшуге ниеттенуінің себебі – экономикалық тетік. Яғни жоғары жалақы, мансаптық өсу мүмкіндігі, сапалы медицина мен білімге қолжетімділік, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендігі», дейді сарапшы.
Парадокс дүние бар. Мәжіліс депутаттарының кейінгі үш жалпы отырысындағы сауалдарын зерделеп қарасақ, басым көпшілігінде кадр тапшылығы проблемасы көтерілген. Мәселен, депутат Темір Қырықбаев ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді қаузай келе, агросекторда малшы, сауыншы, механизатор, ветеринар, агроном, зоотехник секілді мамандардың жетіспеушілігі бар екенін жеткізеді. Мәжілісмен Ұласбек Сәдібеков мүгедектігі бар жандарды жан-жақты қолдау тетігін айта келе, логопед, дефектолог секілді бейінді мамандар тапшылығын алға тартады. Ал Ерлан Сайыров депутаттық сауалында елдегі моноқалаларда дәрігерлер қажет екенін көрсетеді.
Иммиграция – экономикалық қажеттілік емес
Тағы бір мәселе: Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай еңбек миграциясын әлі де реттеу керек екенін айтады. Оның мәлімдеуінше, еліміздегі ең ірі аудандарда жұмысшылардың жетіспеушілігі сезіледі.
«Ұлытау ауданы – аумақтық көлемі бойынша еліміздегі ең ірі аудандардың бірі. Соған қарамастан, аудан халқы өте сирек орналасқан, жалпы саны – шамамен 11 мың адам. Осындай кең аумақта ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін еңбек ресурсының жетіспеушілігі негізгі мәселелердің біріне айналды. Шаруалар көршілес мемлекеттерден, атап айтқанда, Өзбекстан мен Қырғызстаннан еңбек мигранттарын тарту тәжірибесін қолданып отыр. Бұл тәжірибе шаруашылықтардың өндірістік көлемін сақтауға және арттыруға оң әсерін тигізген. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы өз атына ең көбі 5 шетел азаматтарын ғана тіркей алады және олар тіркелген мекенжайда ғана жұмыс істеуге құқылы. Мысалы, еңбек мигранты ауылдағы тұрғын үй мекенжайына тіркелсе, шаруашылықтың егістік алқаптарында немесе жайылымдарында жұмыс істеуі заңнамалық тұрғыдан қиындық туғызады», дейді мәжілісмен.
Депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің сұранысы бойынша маусымдық жұмысшыларға арнап берілген 6 мың квотаның тек 3,5 мыңы игерілуіне осындай жағдайлар себеп болып отырғанын атап өтеді. Мұны ескере келе, Аманжол Әлтай сұранысқа негізделген икемді квота жүйесін енгізуді ұсынды.
Халықаралық тәжірибеде, бұл оңтайлы тетік саналады. Есесіне, саладағы нақты қажеттіліктер жабылады. Бізде де шетелдік жұмыс күшінің елдегі бос жұмыс орындарын толықтырғаны еңбек нарығы үдерісінің үздіксіз ілгерілеуіне көмектеседі. Экономикалық өсімді ынталандырады. Десек те жергілікті халықпен бәсекелестік күшейетінін, әлеуметтік инфрақұрылымға жүктеме артатынын есте ұстау керек.
Себебі иммиграция мен эмиграция – тек экономикалық қажеттілік емес, ол саяси және әлеуметтік факторлармен, демографиямен тығыз байланысты күрделі үдеріс. Сондықтан бұл мәселе мемлекетке нақты екі міндетті жүктейді. Алдымен білікті кадрларды елде ұстап қалу, екіншісі – шетелден келетін еңбек мигранттарын тиімді интеграциялау.
Көлеңкелі еңбек нарығы реттелсе игі...
Олай деуімізге еңбек миграциясындағы заңбұзушылықтар себеп болып отыр. ІІМ Көші-қон комитетінің өкілдері берген мәліметке сүйенсек, сыртқы миграцияда көші-қон заңнамасын бұзу дерегі жиі кездеседі. Мәселен, өткен жылы бұл дерек 91 мыңнан асса, биылғы үш айда 15,5 мыңға жеткен.
– Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдауда ТМД елдері арасында екінші орында, ал Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 190 мемлекеттің арасынан 25-орынға жайғасты. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанға келетін шетелдіктер саны жыл сайын артып келеді. Ізінше еңбек мигранттарының саны да өсіп отыр. Көші-қон қызметі мен еңбек инспекциясы олардың заңды жұмыс істеуін тұрақты тексереді. Жыл басынан бері елге 3 млн 184 мыңнан аса шетелдік келді. Оның ішінде 124 мыңнан астамы жұмыс істеу мақсатында уақытша тұруға рұқсат немесе еңбек визасы негізінде болды. Оларды бақылауда ұстау үшін «Мигрант» және «Нелегал» жедел-алдын алу іс-шаралары тұрақты өткізіледі. Нәтижесінде, еңбек қызметін бұзғаны үшін 2 772 шетелдік жауапкершілікке тартылды (2025 жылы – 16 651), – деді Көші-қон қызметі комитеті Сыртқы көші-қон басқармасының аға инспекторы Азария Шүкібаева.
Миграциялық ағындағы мәселенің бірі – көлеңкелі еңбек нарығы. Кейбір жұмыс берушілер шетелдік жұмысшыларды заңды түрде рәсімдемейді. Бұл бақылауды қиындатады. Жақында ғана «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 500-ден аса кәсіпкер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жазаланды. Жалпы айыппұл көлемі 200 млн теңгеден асты.
Рейдтің күшімен 1 500 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылып, 1 200-іне елден шығару туралы сот шешімі қабылданды. Олардың 121-і мәжбүрлі түрде депортацияланды. Арасындағы сегізі радикалды ағым өкілдері ретінде танылды. Барлығына 5 жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Қатты алаңдатарлығы – іздеуде жүрген 22 шетел азаматының ұсталғаны. Олар түрлі қылмысқа қатысты көрші елдерде іздеуде болған.
– Қазақстан заңсыз көші-қонға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызын түсінеді. Бұл бағыттағы тиімділік халықаралық және ұлттық деңгейдегі бірлескен әрекеттерге байланысты. Соның негізінде еліміз 22 мемлекетпен 20 реадмиссия (заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі тиімді шаралардың бірі) келісіміне қол қойған, ал тағы 28 жоба – келісу сатысында. Жалпы республикамызда еңбек мигранттарының құқықтары Конституция, халықаралық келісімдер, «Халықтың көші-қоны туралы» заңы және Еңбек кодексі негізінде қорғалады. Негізгі қағидалар – тең еңбекақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен әлеуметтік сақтандыру. Алайда өткен жылы заңды белшесінен басқан 18 830 шетелдік, жыл басынан бері 4,2 мыңнан аса адам елден депортацияланды, – деді Азария Шүкібаева.
Алдағы уақытта көші-қон үдерісі одан әрі күшеюі мүмкін. Себебі цифрландыру, қашықтан жұмыс істеу жолы азаматтардың географиялық тәуелділігін азайтып отыр. Сондай-ақ аймақтың климаттық ахуалы да жаңа миграциялық толқынға қуат болуы ықтимал. Демек эмиграция һәм иммиграция мәселесін жан-жақты зерттеп, теңгерімді саясат қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе.