Аймақтар • 09 Қараша, 2017

Мәдениеттер арасындағы диалог

1535 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырауда халықаралық конференция өтті.

Мәдениеттер арасындағы диалог

Атырауда  «Ибн Баттутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Киелі орындарды насихаттау, ғалымдардың зерттеулерін болашақ ұрпақ жадында жаңғырту, Каспий өңірі тарихи-мәдени мұраларын терең зерттеулерді қолға алуды мақсат еткен шараға  алыс-жақын шет елдердің  және Қазақстанның белгілі ғалымдары қатысты.

Сарайшықтан құнды дүниелер табылды

Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық қаласының орнын сақтап қалу мәселесі біраздан бері айтылып жүр. Жайық өзені шайып бара жатқан ескі шаһардың тым болмағанда енді қалған бөлігін келер ұрпаққа бабалар тәбәрігіндей қып жеткізсек игі. Осы мақсатта Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті қазынадан 1,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген еді. Қазір Жайықтың жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеменің өкілі Асқар Төленов құрылыстың 80 пайызы біткенін, келер жылдың басында түбегейлі аяқталатынын айтады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандары Сарайшықтағы далалық зерттеулерді қайта қолға алды.  Конференцияда сөз алған музей басшысы Рашида Харипова облыстық әкімшілік пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Сарайшықтың сақталған бірқатар бөліктерін музейлендіру, қазіргі заман талаптарына сай келетін туристік инфрақұрылым құру жұмыстары жоспарда бар екенінен хабардар етті.  Х.Досмұхамедов  атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттерінің қатысуымен археологиялық жұмыстар жүргізіліп, ғимарат қабырғаларын тұрғызу сипаты бойынша біраз мәліметтер анықталған. Ғимараттың бүкіл алаңы астына ірі көлемдегі пахса блоктар қаланыпты. «Кейбір бөлмелерде ішкі көрініс құрылымының өзгергені белгілі болды, - дейді Р.Харипова. - Мысалы, бөлмелердің бірінде біржолғы топырақ төгу жасалған және суфа жүйесіндегі тандыр пештің төрттен бір бөлігін бөлме қабырғасына ойып кіргізе орналастыру тәсілі қолданылған. Дәл осы жүйеге кіретін кандардың бірін тазалау кезінде дәрілік майларға арналған ерекше қыш ыдыс - альбарелло табылды. Мұндай ыдыстар әдетте Қырым аумағында италиялық технология бойынша жасалатын».

 Қазба жұмыстары кезінде жеркепеге ұқсас шұңқыр қазылды. Одан көркемдігі керемет сұр түсті қалыпты қыш ыдыс сынықтары және моңғолдар кезеңінен бұрынғы типтегі Хорезм үлгілеріне ұқсас сырлы кесе аршылып алынды.   Биылғы табылған тиындардың жалпы саны 75, олар 21 түрлі үлгіде соғылған. Ең көп кездесетін тиындар Өзбек хан мен Жәнібек хан соғылымдары. Сондай-ақ Қызыр хан, Әмір Темір, Тоқтамыс билігі тұсындағы тиындар, Тұлынбике ханым мен Барақ, Орыс хандардың тиыны кездесті.   

Атырауда киелі мекендер аз ба?

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге алған «Қасиетті Қазақстан» республикалық экспедициясының мүшелері де конференцияға қатысты. Ұлттық және аймақтық деген екі санатта қасиетті жерлер тізімін жасауды қолға алған топ жыл соңына дейін үш тілде кітап, үш виртуалды және интерактивті тақта жасауды жоспарлаған. Атырау облысынан республикалық тізімге төрт нысан енгізілген еді – Сарайшық қаласы, Ақмешіт қорымы, Ұшқан ата кешені және Махамбет мазары. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы мен ғылыми кеңесші, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашов аталған тізімге Атыраудан ұсынылған жобалардың тым аз екенін сынға алды. Экспедиция енді бұл тізімге Аралтөбе, Қошан ата, Иманқара-Қойқара нысандарын енгізуді қолға алмақ ниетте. «Жобаның мақсаты ескерткіштерді түгендеу емес, - дейді Берік Әбдіғалиұлы, - Ең бастысы олардың құндылығы, сол арқылы ұрпақты тәрбиелеу».

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға  облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Түркияның Анкара университетінің профессоры Гондугдуй Абдуллах, Әзірбайджан елінен тарих ғылымдарының кандидаты Исмайлзаде Пирага, Қазақстаннан профессор, тарих ғылымдарының докторы Бейімбет Ермұханов, Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов, «Қасиетті Қазақтан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу орталығының басшысы Ахан Оңғарұлы, филология, мәдениеттану салаларының ғалымдары көршілес Ресейдің Астрахань облысының музей қызметкерлері және Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан музейлерінің басшылары мен қызметкерлері, республикалық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қызметкерлері, өлкетанушылар, тарих пәнінің мұғалімдері, студенттер қатысты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен шарадан кейін қонақтар Сарайшық қаласына жүргізілген қазба жұмыстары мен «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығына барды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ.

Суретті түсірген: Ерлан Алтыбаев.